25 қазанда Алматы халықаралық әуежайы Алматы мен Фукуок аралын байланыстыратын Sun PhuQuoc Airways әуе компаниясының алғашқы тікелей рейсін салтанатты түрде қарсы алды. Жаңа бағыттың ашылуына орай Алматы халықаралық әуежайы жолаушыларды құшақ жая қарсы алып, тәттілер ұсынды.
Әуе қатынасының ашылуы жолаушыларға Фукуок аралына тікелей жетуге мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы саяхат мүмкіндіктерін кеңейтеді.

2026 жылғы 25 қазаннан 26 желтоқсанға дейін рейстер аптасына үш рет орындалады: Алматы – Фукуок: дүйсенбі, бейсенбі және сенбі; Фукуок – Алматы: сәрсенбі, жұма және жексенбі. 2026 жылғы 26 желтоқсаннан 2027 жылғы 27 наурызға дейін рейстердің жиілігі аптасына бес ретке дейін артады: Алматы – Фукуок: дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі; Фукуок — Алматы: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі.
Рейстер 186 жолаушыға арналған эконом-класты Airbus A321 әуе кемелерімен орындалады. Әуе кемесінің салонында түнгі рейс кезінде жайлы демалуға мүмкіндік беретін Sleeping Economy санатындағы 15 орын қарастырылған.
Жаңа бағыттың ашылуы Алматы халықаралық әуежайының халықаралық маршруттық желісін кеңейтіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы туристік байланысты дамытуға ықпал етеді. Алматы халықаралық әуежайы рейстер географиясын кеңейту және жаңа әуе компанияларын тарту бағытындағы жұмысын жалғастырып, жолаушыларға жайлы саяхат жасау үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынуда.
















