Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Аса ауылындағы бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығында мекеме, ұйым, кәсіпорын қызметшілері арасында аудандық спартакиада жоғары дәрежеде өтуде.
«Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тікелей демеушілігімен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Аса ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен өткен спатакиадада спорттың 7 түрі бойынша кіл мықтылар сынға түсті.
Спартакиаданың ашылуы салтанатында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғы сөз Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевқа берілді.
– Биыл еңсесі биік, тұғырлы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Иісі қазақтың әрбір жеңісі мен жетістігі егемендікпен тікелей байланысты екенін айтпасақта түсінікті. Өңірде 171 спорт нысаны 86 мыңға жуық тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетеді. Ауданда денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдар саны 30 мыңнан асты. Бұл мемлекетіміздің спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесінің арқасы екені анық. Ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен Ақбұлым, Жасөркен, Жұма елді мекендерінде шағын футбол алаңшалары, Ақбұлым ауылына стритворкаут алаңшасы орнатылса, Бесағаш, Гродеково, Жасөркен, Ащыбұлақ, Пригородное елді мекендеріндегі шағын футбол алаңшаларына жасанды төсеніш төселді. Бұл жастарға көрсетіліп жатқан қолдаудың айқын көрінісі. Жастар – елдің ертеңі, болашағы. Оларға жігер сыйлап, қолдау білдіруді жеке міндетім санаймын. Сондай-ақ демеушілер тарапынан Гродеково, Шоқай ауылдарында 2 стритворкаут алаңдары пайдалануға берілсе, Ш.Ниязбеков ауылындағы кіші футбол алаңына жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын спортшыларымыз республикалық, облыстық жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді. Мысалға, көкпардан ҚР чемпионы атанған «Әулие ата» командасында шабандоздардың басым көпшілігі біздің ауданның азаматтары екені белгілі. Сонымен қатар, «Ақбидай» облыстық спартакиадасында аудан құрамасы жалпы топтық есепте 2 орын иеленсе, асық атудан 1 орыннан көрінді. Ауыл жасөспірімдері облыстық жазғы спорттық ойындарында 2 орын, «Алтын сақа» республикалық жарысында 1 орыннан көрінді. Ал, Президенттік сынамаларын тапсырудан облыс көлемінде 1 орынға шығып отырмыз. Бұл ең алдымен қастерлі тәуелсіздігіміздің жемісі екенін ешқашан ұмытпауымыз қажет. Осынау айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылып отқан спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін. Демеушілік жасап отырған азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Сәкен Қаланұлы.
Келесі кезекте сөз алған бас демеуші «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Болатбек Бұхбанов:
– Тәуелсіздік – тәңірдің тартуы. Сан ғасырлар ата-бабаларымыздың арманы болған егемендікке бүгінгі ұрпақтың қолы жетті. Отыз жыл ішінде мемлекетіміз әлемге танылып, іргесін тіктеді. Қастерлі ұғымның маңызы жыл сайын артып келеді. Оны бағалау, аялау бүгінгі ұрпақтың басты парыз деп білемін. Бүгін басшылық тарапымен ақылдаса отырып, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай спартакиада ұйымдастыруды жөн көрдік. Барша қатысушыларға сәттілік жолдас болсын! Салауатты өмір салтын ұстанайық, – деді Болатбек Мылтықбайұлы.
Спартакиаданың өту тәртібі мен төрешілер алқасын таныстырған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов қол күрес, үстел тенисі гір тасын көтеру, кіші футбол, арқан тарту, дойбы ойындарына жүлде тігілгенін, бағалы сыйлықтар сарапқа салынатын жеткізді.
Жалпы спартакиадаға 150-ге жуық спортшы, 22 команда қатысуда.
Өңір басшысы Сәкен Қаланұлы кіші футболдан өткен «Шайқорық-Аурухана» арасындағы кездесуді тамашалап, турникке тартылу, қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру, дойбы ойындарынан өтіп жатқан турнирлерді аралап, жастардың спортқа деген қызығушылығына риза көңіл танытты.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына рай өткізіліп жатқан спартакиадаға аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Қасымов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов қатысып, спорт түрлеріне назар салды.
Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сүйенсек, спартакиада кеш қарая толығымен аяқталады.