Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған монумент ашылды. Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин, аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов, қала тұрғындары мен зиялы қауым, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Үкімет басшысы барша шығысқазақстандықтары ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен елдігін бейнелейтін үш биіміз - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қойылған. Монументтің екі жағында Қазақ хандығында қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағының үзінділері жазылған. Монументтің ең жоғарғы басына қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібектің Қазақстанның туын тігу композициясы орныққан.
Композицияның орталығы - биіктігі 12,6 және диаметрі 11,3 метр болатын алтыбұрышты негіздегі тік ескерткіш. Оның төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бедерленген рельеф орналасқан.
Мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары ақ мәрмәрден жасалды. Аумағы - 6756 м2.
Ескерткіш авторы, мүсінші, танымал суретші Нұрбол Қали.