Су дипломатиясы: Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 млрд текше метр су жіберілді

Су дипломатиясы: Соңғы екі жылда Балқаш көліне шамамен 30 млрд текше метр су жіберілді

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ведомствоның трансшекаралық суды пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмысы туралы айтып берді.

 Ресей Федерациясымен ынтымақтастық аясында Ертіс, Есіл, Тобыл және Жайық өзендері бассейндері бойынша бірлескен Қазақстан-Ресей комиссиясы мен арнайы жұмыс топтары жұмыс істейді. Маңызды шешімдердің бірі ретінде су тасқыны мен көктемгі тасқын суды өткізу бойынша Бірлескен жұмыс тобын құру болды.

 Жайық өзені бассейніндегі су қоймаларының жұмыс режимдері тұрақты түрде өзара үйлестіріліп отырады. Қазақстан тарапынан мамандар Ирикла су қоймасының жұмыс режимін реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстарына қатысады. Онда көктемгі тасқын кезеңінде пайдалану тәртібі мен параметрлері келісіледі. Үйлестірілген жұмыс су тасқыны қаупін азайтуға, трансшекарааралық өзендерді тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

 Қытайлық әріптестермен Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су бөлу нысанын салу жөнінде келісім бар. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында трансшекаралық өзендердегі суды бөлу туралы келісім жобасын дайындау жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

 Сонымен қатар Іле өзені арқылы келетін су көлемі көпжылдық орташа деңгейде сақталып отыр. Бұл, өз кезегінде, Балқаш көлінің деңгейін Балтық биіктік жүйесі бойынша 341 метр белгісінде тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

 Балқаш көлін сақтау жөніндегі кешенді шараларды іске асыру аясында соңғы екі жылда су айдынына шамамен 30 млрд текше метр су жіберілді. Бұл көл деңгейінің тұрақтануын қамтамасыз етіп, экожүйенің деградацияға ұшырау қаупін төмендетуге мүмкіндік берді.

  Қара Ертіс өзені арқылы тұрақты су келуі және ішкі ағын есебінен Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының толуы 2023 жылғы 26 млрд текше метрден 2025 жылы 39 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Бұл жобалық көлемнің 25,7%-ын құрайтын өсім.

 Былтыр 15 қарашада Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы жаңа келісімге қол қойылды. Бұл құжат ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға және су ресурстарын кешенді басқаруға мүмкіндік береді.

 Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде соңғы үш жылда Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су жіберілді. Соның арқасында Солтүстік Аралдағы су көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды.

 2025 жылы Қазақстан мен Қырғызстан кіретін Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясы аясында екі отырыс өтті. Сәуір айындағы кездесуде су беру кестесі бекітілді. Бұл вегетация кезеңін тұрақты режимде өткізуге мүмкіндік берді. Вегетация кезеңінде Шу өзені арқылы 160 млн текше метр су, ал Талас өзені арқылы 427,5 млн текше метр су келді. Су беру Жамбыл облысы диқандарының қажеттілігіне толық сәйкес жүзеге асырылып, экожүйе мен халыққа зиян келтірілген жоқ.

 «Трансшекаралық су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану мәселесі – министрліктің негізгі бағыттарының бірі және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Сондай-ақ трансшекаралық өзендер экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де аса маңызды. Климаттың өзгеруі және көршілес мемлекеттерде су тұтынудың артуы жағдайында су шаруашылығы мен экологиялық тәуекелдерді азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біз Сырдария өзені бассейнінде тұрақты су балансын қамтамасыз ету, Балқаш көлін сақтау, сондай-ақ Жайық өзені бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында шаралар қабылдап жатырмыз. Іске асырылып жатқан практикалық шаралардың қатарында трансшекаралық су нысандарын мониторингтеуді күшейту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ су экожүйелерін қалпына келтіруге және сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру бар», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

  

ҚР Су ресурстары және ирригация

министрлігінің баспасөз қызметі

21.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 352

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22526
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22282
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38108
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35864
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39918