Шұбар атты Бөдес батыр (1690-1752 ж.ж.)

Шұбар атты Бөдес батыр (1690-1752 ж.ж.)

«БӨЛЕК» ДЕП АТАП КЕТКЕН ЕР БӨДЕСТІ

Бөдес – Бөлек – Кедес ата. Бөдес аталуының түп-төркініне терең үңіліп, тоқтам жасадым. «Бөде» – көне түркі тілінде «пәк» деген мағына береді. «Алты Алашқа жар салып, бөде тіктім» деп «Атымды талға байлап Шәпи қыз отырса екен ұйқылы ояу». Ахай, қайран дүние-ай! Айхай қайран дүние-ай! Пай, пай, пай, пай! Бөде үй, бөде үй, арман-ай!.. Бөде деген сөзді ата-анамыздан сұрағанымызда: «Балам-ау, бәріміз де бөде болғанбыз. Заманымызда біз де бөде үйді көргенбіз, оны сұрап қайтесің? Кезі келгендер өзің де түсіне жатарсың» дегендері бар. Қазыбек бек Тауасарұлының бүгінге дейін талас тудырып келе жатқан кітабында: «Аңырақай – жоңғардың мыңбасының аты, ол қазақтың Бөлек деген батырымен жекпе-жекте қаза табады» деп жазған Кәрібай ақынның «Қабанбай батыр» дастанында: ... көрсетсе Баян өнерін, Жауын тынбас еңсермей. Бөгенбай мен Бөлегің, Шынқожа, Барақ бір биік, Асу бермес асқарың... – деген жолдар бар екен. Тарихшы-өлкетанушы Әзімхан Садуақасұлы өзінің «Шынқожа» атты мақаласында жоғарыдағы батырлармен бірге Бөлек батырдың да Қабанбай жасағында болғандығын жазған (Қазақ батырлары. №12, 2000 ж.). Осы аталған мәліметтердің көпшілігі «Қазақ батырлары» газетінің 2000 жылғы №3 санында шыққан деп жазады ШҚО тарихшы-этнограф Тоқтархан Кәрімұлының мақаласында жазылған «Қазақ батырлары» газетінің №3, 2001 жылы тарихшы-өлкетанушы Жанұзақ Ғизатов. Сарайшық ауылы Атыраудан «Бөлегіміз қай Бөлек?» мақаласында: «Бөдес Бөлек батырдың ғасырлар шаңы басып қалған ерлік істерін аршып алуға Ертістің Семей өңірінен шыққан айтыс дүлдүлдерінің бірі, халық ақыны Есенсары Тұрлыбекұлы Құнанбаевтың «Шұбар атты Бөдес батыр» атты дастаны нақты дәлел. Ол кісі туралы Төлеу Көбдіков атамыз: Семейде менен басқа 9 ақын Бәрі де тілінен май тамызатын. Әсеттің қасына еріп өнеге алған, Біреуі Есенсары нағыз ақын дейді. Енді дастанға кезек берейік: Жақсының өлшеу болмас бағасына, Бақ қонған берекелі баласына. Алашқа бет-беделі жүрген адам, Түспей ме дос-дұшпанның табасына. Жазғытұр қар суымен тасығанмен, Есермен есті кісі бір бола ма? Мас болған ішкен шайдың самасына Жүзінен кетігенмен кемімейді Болаттың дақ түспеген сағасына. Шұбар атты Бөдес деген ер өтіпті, Таралған Семіз Найман баласында. Әкесі батыр Бөдес Құдайберді, Көрмеген кемдік көріп іші шерлі. Дұшпанын беттеп барып алмай қоймас, Баласы сайыпқыран болды өнерлі. Олжа үшін талаптылар қасына ерген, Көрмецйді ешкім олқы Бөдес ерді. «Бөлек» деп атап кеткен ер Бөдесті, Ханзада неше атадан нәсіл текті. Қаракерей арғы заты халыққа ұран, Теңгерген бірден іспен азды көпті. Бөдес батыр ерлігін дастан етіп, Әлінше баяндасын Құнанбайұлы Есенсары. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Бөдес және оның ұрпақтары» мақаласында: Қаракерей елінде Семіз Найман – Жанғұлы руында Құдайбердінің Бөдес, Жәнібек атты батыр ұлдары болған. Бөдес деген баласы 13 жастан батыр болып атқа қонды. Бөдес батыр сом денелі, өткір көзді, ержүректі батыр, келбетті адам болған. Жас та болса батырлар ерлігіне қызығып бірге алып жүрген. Жалпы Бөдес батыр топқа қосылмай, жау ішіне жалғыз бара беретін болса керек. Сондай бір жүрісінде Қорынқораз деген қалмақ батырымен кезігіп, оны өлтіріп кетеді. Бөдестің мінген шұбар аты болыпты». («Қазақ батырлары» газеті №3, 2002 жыл).

СҰЛУ АНАМЫЗДЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Қарымды қаламгердің жазуынан Бөлек батыр екендігі дау тудырмайды. Мортық, Яшур, Сейіл, Доржы, Шонжы т.б. батырларды жеңген. Шапырашты – Текеден шыққан әкелі-балалы Сатай, Бөлек, Суан Бөлек би, Сатай баласы Қараұлы Бөлек, Сатай, Бөлек Аралбайұлы Суан батырлары туралы жазғандар баршылық. Халық ақыны Есенсарының «Жеке-дара ана» дастанында: «Бөдес батырдың өзімен үзеңгілес қатар жүрген батырлары келіп, «Қалмаққа қашан аттанамыз?» деп қолқа салады. Бөдес батыр әр уақытта ондай жорыққа жалғыз барып соғысуды қалайтын, басқадай адам ертуді ар көретін. Жаз шығып, көк жетіліп, аты тойынған кезде шұбарын мініп, келінін жау қолынан құтқаруға жолға шығады.: Бөдестің атқа мінер кезі келді, Адамның ойға келмес айтқан сөзі. Тәуекел, өзім-ақ барамын деп Жолдассыз жүріп кетті жалғыз өзі. Бөдестің келіні екен Сұлу деген, Адамға басқан ізі білінбеген. Жүргенде батырдың атын күтіп, Бір рет те көзіне көрінбеген. Сол Бөдес атқа мінбек келін үшін, Өлімнің кім біледі ерте-кешін. Көп ойламай алдағы қатерді де, Келінді әкелсем деп басты тісін. Бөдес батырдың інісі Жәнібек батырдың әйелі Сұлу анамыз Бөдес батыр қандай жорықтан шаршап-шалдығып келсе де астына мінген Шұбарының бабын біліп, суытып, отқа қойып баптайтын, суғарып, жемін беріп күтеді екен. Осылай күтіп жүргенде қайынағасы Бөдеске Сұлу келіні көрінбейді екен. Сол себепті Бөдес келіні Сұлуды өте құрметтейді. Бөдес батыр қолға түсіп қорлық көрсе де жау қолынан Сұлуды алып қашып шығып, Еміл өзенінің басына келіп, демалып жатады. Сол кезде Сұлу толғатып, ұл бала босанады. Кіндігін Бөдес батыр өзі кесіп, баланың атын Медет деп өзі қояды. Тарихшы-зерттеуші, қазақ зиялысы Мұхаметжан Тынышпайұлы мен Қыржы, тума елінің болысы Жәнібек Бөдес Жұмахан Кәріпжанұлының есептеулерінше, Шынболат – 1734 ж., Байдәулет – 1736 ж., Сартымбет – 1738 ж., Орыс (Әнет) – 1740 ж., Медет 1742 жылдары туған. (М.Тынышпайұлы: «Ақтабан шұбырынды», Алматы, «Жалын», 1992 жыл, 94 бет). Атырау облысы Сарайшықтан шыққан тарихшы-өлкетанушы Жанұзақ Ғизатов «Бөлегіміз қай Бөлек?» мақаласында Бөдес – Бөлек бір адам деген тоқтамға келеді. Халық ақыны Есенсары, Бексұлтан Нұржекеұлы, Ахмет Тоқтабай, Сайын Борбасов т.б. осы пікірді қолдайды.

БӨДЕС БАТЫРДЫҢ КЕДЕС АТАЛУЫ 

Аягөз бойында 1718 жылы Сыбан Раптанның іріктелген ауыр найзамен мұздай қаруланған атыс-шабыс пен бекініс салу сияқты тактикаларын шебер қолданғандықтан, Әбілқайыр хан мен Қайып сұлтан бастаған қазақ сарбаздары жеңіліс табады. Екі жақтан 80 мың адам қатысқан қанды ұрыста Әбілқайыр ханның боз атына оқ тиіп, жаяу қалғанда Шұбар атты Бөдес батыр жау қолынан алып шығады. Бұл қырғын батты қазақ баласына, Оқ тиді Әбілқайыр боз атына. Мінгізді қолбасшыны өз атына Ерлерді айтар болсақ түскен көзге Батырдың қайсы сыйған қысқа сөзге. Әбілқайырды аман алып шықты Бөдес, Қалмаққа сан соқтырып Аягөзде.

ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫ ҚҰТҚАРҒАН КІМ?

 

Ш.Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ахмет Уалханұлы Тоқтабай өзінің көлемді «Қазақтардың жылқы әлемі» кітабында жазған. («Алматыкітап» баспасы, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, үй. 414-бетінде: В 1718 г. в битве под Аягузом в лошадь Акбозат Абулхаира попала пуля, и он оказался в кольце врага. Тогда батыр Бодес (Кадес) рубя врагов, прорвал это кольцо, дал хану своего Шубарата (Чубарого) и спас его. После этого сражения Абулхаир переименовал Бодеса в Кадеса (видимо, от слова «каде» – дар) и жаловал ему свой исфаханский меч* (ПМА) Такой поступок Бодеса в традиции кочевников приравнивается к подвигу и носит название «ат сүйегін беру» – «отдать кости коня». Безусловно, под ханом были превосходные ходкипе кони, но, к сожалению, их имена не остались в истории. *Бодес (Кадес – из племени наиман) погиб в 1752 г. в Акешкинском сражении с джунгарами, об этом батыре писали К.Жумадилов, Б.Нурпеисов, М.Каримов и другие. Әбілқайыр ханды жаудың қолына түсіп қала жаздағанда құтқарып қалған – Бөдес батыр. Ол кісінің сенімді батыры ретінде бірнеше жыл қасында болған. 1731 жылы 19 ақпанда император Анна Ивановна Кіші жүзді Ресейдің қол астына алу туралы грамотаға қол қойды. Кіші жүздің сырт жаулардың шабуылынан, талан-тараждан қамтамасыз етілуіне орыс үкіметінен кепілдік алды. Бөдес батыр осы сәттен бастап Абылай ханға келіп қосылады. Сол кезде Арғынның Бәсенті руынан шыққан Малайсары батырмен жорықтас болып, шабындыда көп бірге жүрген. Малайсарының Нұрлы, Гауһар, Сұлу атты қарындастары болған. Бұл апаларымыз бір үйде қатар өскен қыздар еді. Олар сондай ақылды, өжет, көрікті екен. Ел аузында жыр болып жүреді. Бөдес батыр Малайсары батырдың Нұрлы деген қарындасына үйленеді. Қабанбай батыр Гауһарға үйленген. Бөдес батыр Сұлуды өзінің туған інісі Жәнібекке алып береді. Жылдар өткенде Бөдестен Қасаболат, Қабанбайдан Назым, Жәнібектен Шынболат атты ержүрек балалары туған. Бөдес батыр Ұлы жүзде жорықта жүргенде Уақ Сары батырдың Құралай атты қызына үйленеді. Сол кезде қазақ-қалмақтың арасында шабындының көп болған кезі еді. Дегенмен қазақ батырлары жеңіс алып, Талас өзенін мекендейді. Сол кезде Бөдес батырдың жары Құралай анамыздан бір ұл туып, атын Талас қояды. Ежелден қазақ халқы көшіп, қонып жүреді, далада тамақ, шай қойса да үш ағаштың басын қосып тамақ істейді. Оның атын «мосы» дейді. Жорықта ұл туылып, оның атын Мосы қояды. Халық ақыны Есенсары атамызбен аталас бауыр Жәнібек – Медеттен шыққан жазушы Ғабиден Құлахмет те Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасының орынбасары боп тұрған кезде бас сұққанымда кіші жүзде Жағалбайлыда, нағашы жұртында Бөдес аталарының ұрпағы бар деп айтқандары бар... Сонымен бірге атақты шұбар атты осы Жағалбайлыдан мінгені туралы Ғабеңнің айтқаны бар еді: «Сұрасаң елім менің Жағалбайлы, Жылқының көптігінен баға алмайды». 18 ғасырда орыс езгісінен Сарыарқа, Монғолияға дейін ауып барып, Жағалбайлы тұқымы құрып біткен. Әбілқайыр ханның сенімді батырларының бірі Бөдестің бір ұрпағы кіші жүзде таралуы туралы мына бір деректі кездестірдім. Қалмақтың Қорен деген батыры қазақтың елін, жерін, малын талап айдап кетеді. Мұны естіген бұқарада оқып жатқан батыр ана Күләйім Қорен батырды артынан қуып жетіп, «еліме тиме, малымды қайыр, осының өтемі ретінде мен саған қосыламын» дейді. Күләйім апамыздың басын саудалауы қазақ қыздарына тән қайсарлығы емес пе? Қорен батырға қосылып, біздің үлкен анамыз Құралай туған. Күләйім Жағалбайлы Бескүрек деген батырдың қызы екен. Құралай анамыз бойжетіп 14 жасқа толғанда «қазақ елінде бол, қалмаққа қор болма» деп жасырын аттандырады. Жолай Уақ Баян батырға кезігеді. Бірақ жастары алшақ болғандықтан, оның шөбере ағасы Уақ Сары батырға қыз болады. Сары батыр атамыз долданса соғыста екі көзіне қан жауып кетеді екен. Қашан он шақты дұшпанын түйреп тастағанша көзі ашылмайды. Оған дейін шылбыры Баян тақымында жүреді екен. «Шежіре – қазақтың ру-тайпаларының құрылысы» кітапшасында кіші жүз жағалбайлыда Мырза – Біліс – Манатан – Ормантай – Құтманай – Лез – Бескүрек – Бөдес аталар өріліп жазылған. 

МАЛАЙСАРЫНЫ АТҚАН КІМ?

Малайсарының қалың қолына төтеп бере алмай Арқадан бері шегіне, қаша ұрыс салып келе жатқан жоңғарлар Малайсарына жоймай, өздеріне күн жоқ екенін біледі де, аңдып жатып ату үшін кілең мергендерін жол тосуға тастайды. Малайсарының Әлтеке дейтін көріпкел-жауырыншысы бар екен. Әлденеден секем алған батыр атамыз сол жауырыншыдан сұрапты: «Жау мұнша неден састы, саспаса мұнша неге қашты? Бір сұмдығы бар болар, жауырыныңа қарашы», – депті. Әлтеке жауырынға қарап жіберіп: «Апыр-ай, батыр-ай, сақтаныңызшы, жер астында жатқандай, бұғып жатып атқандай жаудың жансызы алқым жерге келіп қалды ғой», – депті. «Жауларының қыбырлағаны да көрінетін мынадай жазық далада маған қарап келгендей ерлік қайдан келіпті?» – депті де басын көтере бергенде жау мергені атып жіберіпті. Қанды шайқасқа қанша кірсе де денесіне бірде-бір оқ дарымаған Малайсарының қаны ең алғаш осылай осынау қоңырқай таудың арасында Жетісу жерінде қиылған екен. Батырдың қаны тамған тау содан бері Малайсары тауы аталған. Малайсарының әкесі Тоқтауыл түйені көтерген, жолбарысты жарып өлтірген белгілі батыр екен. Тоқтауылдың Молдыр деген қалмақ әйелінен – Малайсары, Қайдауыл Бағыс, ал Алма атты қазақ әйелінен Қарнақ, Көбес туады. Малайсары кең иықты, ұзын бойлы, алқымды, шекелі, мұрынды адам болған деседі. Қазақ елі бел алып, қалмақ елі Алатауды бөктерлеп, шығысқа бет алып қаша көшкен уақыт еді. Абылай, Қабанбай, Малайсары батырлар қалмақ соңынан қуып ығыстыра келіп, қазіргі Талдықорған жеріне келіп еру жасайды. Осы жерде Бөдес батыр Матай Бөрібай батырдың қызы Жарқынға үйленеді. Бөдес батыр көп ұзамай Ақешкіде болған қанды ұрыста қаза болды. Әкесіз дүниеге келген Кенже атты ұлы нағашы жұрты Матай руына кірген. Ақешкідегі қорымын сағалап, ешқайда кетпей, өспеген аз ата Кедесті (Бөдесті) құрметтеп, өзіне пір тұтып, ата Кедестің (Бөдестің) баласымыз дейді. Ақешкіде бертінге дейін мекендеген. Бөдес (Кедес) атамыз жайлы жазылған құнды деректі қарт журналшы Тәңірберген Қалилахановтың «Ақын Сара» деректі кітабынан кездестірдім. Кітап Алматыда «Жалын» баспасынан 1993 жылы жарық көрген. 19-бетінде: Маман, Тұрысбек тұқымдары өз балаларын орысша оқытып жатқан көрінеді. Тіпті бұдан ары сырттан жалдап мұғалім шақырамыз деп өздерінің медресесін жақсы оқып бітірген балалардың алдын сонау Орынборға жіберіп, соған барып оқып, мұғалім болып қайтатын балаларға Тұрысбек тұқымдары өз қалталарынан қаражат береді екен. Сондай балалардың ішінде жарлы-жақыбай, малшылардың балалары да бар дейді. Мысалы мына Кенже рулары ішіндегі аз ғана ата Кедестің кедейі Сымайылдың Бейсенбай деген ұлы бар дейді. 1917 жылы ақ патшаны тақтан тайдырған февраль революциясының жеңуіне байланысты майданнан қайтқан солдаттардың бірі болып оралған Бейсенбай Кедесов өзі бұрын оқып шыққан Маманияға келіп, орыс тілінің мұғалімі болып Қарағашта тарихта тұңғыш рет жарлы-жақыбайлардың жасырын революцияшыл ұйымын құрды. Сол Кедесовтен білім, тәлім алған Ілияс Жансүгіров медресе Маманияны 1918 жылы бітіріп шығып, өзінің Қайнар құмындағы Қызылтаң ауылына барып мұғалімдік жұмысқа кірісті. Маманов Тұрысбек қажының баласы Тәңірберген қажы алашордашылар отрядын жасақтап, Қарағаш қыстағында құрылған тұңғыш ревкомды басып алып, оның комиссары Кедесов Бейсенбайды, ревком төрағасы Омарды, хатшысы Фаизрахманды, мүшесі Бүршікбайды және басқа бір топ жарлы-жалшыларды азаптап өлтірді (32-33 беттер). Ақсудың алғашқы большевигі туралы «Тілші» газеті Орынбек Бековтың «Қазанбайдың құйрығы, бір Малайдың мұрыны, Бейсенбай ердің өлімі» деген тақырыппен үлкен мақала жариялады. Сол тақырыпқа Ілиястың өзі де» «Қара бауырлар, кек» деп драма жазды. Бейсенбай Кедесов Матайдың Тастемір, Сақайлардың арасындағы сіңбе батыр болған. Кедес дейтін аз атаның адамы Смайылдың ұлы еді. Смайыл Тұрысбектің отыншысы да, оның әйелі Үндемес медресе Маманияның от жағушысы болып жалданып жүріп, жалғыз ұлдары Бейсенбайды медресеге оқуға түсірген. Кейін Орынбордан орысша оқып келіп, Қарағашта мұғалім болып тұрғанда өз фамилиясын әкесі Смайылдың атымен емес, ауылы аз, батыр болған ата Кедестің атын шығарамын деп, Кедесов деп жаздырған (35-36 беттер). «Атыңнан айналайын, Бөдес батыр, Ерлігі айта берсе толып жатыр», – деп көнекөз қариялардан жеткен ел аузында айтылып бізген жеткен сөз бар... АҚЕШКІ БАУРАЙЫНДАҒЫ 3 БАТЫР Ақсудың жоғарғы аңғары Ақешкі өзені Ақешкі ауылына тұспа-тұс биігінде 3 батыр жерленген. Матай Бөрібай, Жалайыр Тәттібай, Семіз Найман Бөдес батырлар. 2000 жылдардың басында Ақешкі ауылында тұрған шежіреші қарт Адық, Қапалда тұрған тарихшы-өлкетанушы Марат Алыбаев, Есенсары атамыз, Бейсенбай, Ахмет ақсақалдардың айтуымен қорымды таптым. Таудың қызыл тастарымен Бөдес деп жазылған. Бұл тасты 1950 жылдың аяғында Аягөздің Таңсығынан келген Есенсары атамыз өріп жазған. Адық ақсақал әңгіме барысында: Ақешкі өзенінен өтіп, Қапалға кетіп бара жатқанда тасжолдың бұрылысында Кедес атаның аруағы қолдасын деп бет сипамай өтіп кетпейді екен жолаушылар. Сұрасаң аталарым Жәнібек-Бөдес, Ту ұстап, тұлпар мініп, құрған кеңес. Баласы баяғының топ бастаған, Ұрпағы мен Тоқтархан Кәрім де осал емес. Тарих толқып жатқан бір түпсіз теңіз, Өмір мен өлім бірге туған егіз. Қазақтың қамы үшін қаза тапқан, Ерлерді еске алмасақ біздер кімбіз? Адамға атамекен алтын бесік, Келтірген соң дүниеге кіндік кесіп. Айналдым аруағыңнан Бөдес бабам, Біздерге беріп кеткен мұнша несіп. Дүние кең болғанмен көңіл тар ғой, Адамзат асыл ермен ардақты ғой. Ойымнан жатсам, тұрсам бір кетпейді, Басыңызға бір құлпытас соғып кетпей. Ер едің жау қамалын ойрандаған, Ел етем деп қазақты армандаған. Ұлы арманға жете алмай жатырмысың, Мерт болған Ақешкіде қайран бабам. Ұрпағың сізден қалай үзер үміт, Күніне тоқсан толғап, жүз егіліп. Басына қасиетті қабіріңіздің Иіліп тағзым етер талай ұрпақ. Бөдес те болған екен елдің ері, Қалмақтың қиратыпты талай белін. Ақешкіде Кедес атам жерленіпті, Басына барып құран оқы білгендерің. Матай Бөрібай, Жалайыр Тәттібай, Семіз Найман Бөдес батырлар жатқан қорымды мемлекет тарапынан бола ма, Жетісу облысы Ақсу ауданы әкімшілігі, ұрпақтары тарапынан ба, бастарына белгі соғылса. «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген нақылдың осы жерде мәні тілге оралады. Алмасбек Әбсадық «Хан Абылай тарихи тұлға һәм фольклорлық қаһарман», 2020 жылы «Алматы Болашақ» 109-бетінде Абылай ханның сенім артқан батырларының бірі ретінде шұбар атты немесе найман Бөдес батырдың аты аталады (1058 №5) Кәрімұлы Т. Найман Бөдес (1690-1752) Қазақ батырлары. 2000. №3. Қабдеш Жұмаділов: Дарабоз Қаракерей Қабанбай туралы тарихи роман. Алматы, «Шабыт» баспасы. Бірінші кітап. 324-бетте «Әскердің бас-аяғын түгендегенде қазақ жағынан да едәуір шығын бары анықталды. Жеңіл-желпі жаралыларды қоспағанда, шейіт кеткендердің өзі бес жүзден асады. Матай Бөрібай, Жалоайыр Тәттібай, Семіз Найман Бөдес батырлар қаза болған...

«Қырық жігіт болып жолға шықсаң, бір жолдасың Бөдес болсын, сонда жолың болады» деп аруақты батыр жайында ел аузында қалған қанатты сөз бар.  

 

Тоқтархан ТЕЗЕКОВ,

тарихшы-этнограф,

ШҚО Өскемен қаласы

16.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6598
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6030
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 9235
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 8231