Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті-Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы «Мamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклін 4 айдан аса уақыт дайындап, ақпан айының 7-8 жұлдызында сахнаға шығарды. Аңызға айналған қолбасшының өмірі жайлы саундраманың премьерасы 2 күн қатарынан аншлагпен өтті! Айтулы оқиғаны тамашалауға белгілі өнер қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын Мұхтар Шаханов т.б. қатысты. Қойылымның негізгі идеясы – заманауи жаңа формалар мен режиссерлік ұтымды шешімдерді қолдану арқылы Бейбарыстың адами болмысын ашу.
«Дүниені дүр сілкіндірген әйгілі адамдардың ішінде дәл Бейбарыстай тағдырдың тәлкегіне ұшырап, құлдық пен хандықтың арасында қатыгез ғұмыр кешкен, өмірінің ақыр соңында жер шарын шеңгеліне алуға ұмтылған моңғол шапқыншыларына да, «крест жорығын» бастағандарға да тойтарыс беріп, араб елін тұтас мемлекетке айналдырып, төрткүл әлемге әмірін жүргізген, таңғажайып аңызға айналған екінші тұлға жоқ», – деп жазады Тұрсын Жұртбай «Дулыға» кітабында.
Жаугершілік заманда, бала күнінде тұтқынға алынған Бейбарыс өте епті, пысық бозбала болып өсті. 1246 жылы феодалдық қырқыстар кезінде сұлтан ас-Салих оның осы қасиеттерін бірден байқап, басқа мәмлүктермен қоса сұлтаннан тартып алып, өзінің жеке ұланындағы бір топқа сардар етіп тағайындады. Бірақ, Салих қайтыс болған соң оның ұлы Тұран шах пен мұрагері Айбек мәмлүктерге сенімдерін азайта бастады. Осы кезде Бейбарыс мәмлүктерден құтылуды көздеген Тұран шахқа қарсы қастандық ұйымдастырғандардың қатарында болып, оны өлтіруге қатысты. Жаңа сұлтан Му’иаз әд-Дин Айбек таққа отырысымен, қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Осыған байланысты Бейбарыс біраз уақыт бой тасалап, Сирияға кетуге мәжбүр болды. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Бейбарыс Каирге қайта оралды.
Таққа отырған жаңа сұлтан Музаффар Сайф әд-Дин Құтыз Бейбарысқа Бағдатты алғаннан кейін Сирия мен Мысырды бағындыруға ұмтылған, Иранды билеген моңғол-түркілік Хулагу әулеті әскерлеріне қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырады. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста Бейбарыс өзінің ержүректілігімен айрықша көзге түсті. Хулагу әскерлерінің одан кейінгі шабуылдары еш нәтиже бермеді. Бейбарыстың жеңісіне іштарлық жасаған Құтыз сұлтан әмірлерге мол сый-сияпат жасап, оны елеусіз қалдырды. Осындай әділетсіздікке көне алмаған Бейбарыс басқа әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтыз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Бейбарысты Мысырдың сұлтаны деп жариялап, 1260 жылдың соңында Бейбарыс салтанатты түрде Каирге кіреді.
Билік тізгінін мықтап қолға алған Бейбарыс әр қаланы күшейтіп, әрбір қалада тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Сұлтан тұсында мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Мәмлүктерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпестер ағылып келе бастады. Барлық өзендерге көпір және әрбір қалаға бір мешіттен салынды. Каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Елдің ішкі саясатында Бейбарыс сұлтан аса көреген саясат ұстанды. Мұсылман мемлекетінің тұғырын нықтап, өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Бейбарыстың дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Ішкі саясатта ішкі көтерілістер мен бүліктерді басу арқылы елдің іргесін мықтап бекітті. Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді.
Бейбарыс сұлтан дәрежесіне қол жеткізе салысымен алтынордалық хан Беркемен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Бұл одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталды. Бұл саяси байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуын тек саяси себептермен байланыстыру әділетсіздік болар еді. Мысыр елін билеген Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата-бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман-тілегі де жатқан еді. Бұл, сайып келгенде, Мысыр елін «Қыпшақ Мысыры» атандырған мәмлүк-қыпшақтардың ортақ мүддесі болатын. Сондықтан олар Бейбарыстан кейін де қашан мәмлүк-қыпшақ әулетінен күш кеткенше «Алтын Орда» атанған Қыпшақ елінен, өздерінің атамекенінен қол үзбеуге ұмтылады.
Сұлтан Бейбарыс билік басында 17 жылдай болды. Оның билік еткен тұсында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері дамыды. Замандастарының айтуынша, сұлтан ат ойындарын, аңға шығуды, сайыстарды жақсы көретін. Сұлтан өзінің қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған.
Жат жерде аласапыран ғұмыр кешіп, өмір бойы туған жерін аңсап, сағынып өткен бабамыз жайлы кез келген көркем шығарма – бүгінгі ұлттық идеологияға зәру қазақ қоғамы үшін қымбат дүние. Сондықтан бүгінде әлемді аузына қаратып отырған Араб әмірліктерінің іргетасын бекіткен батыр бабамыз өмірінен сыр шертетін саундрама біз үшін жетістік болса, «Алатаудай» жас театр үшін жаңа леп, тың бастама. Ерекше форматтағы әсерлі қойылымның режиссері – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Фархад Молдағали тарихта қалған Бейбарыстың бұрыннан ғана көрсетіп қоймай, оның бейнесін бүгінгі күнмен де үйлестіріп, режиссерлік ұтымды шешім жасап, театрдың шығармашылық құрамын жаңаша қырынан аша білді. Шынында, қимыл мен дыбыс үйлесімі арқылы бабамыздың өмірі көз алдымызға келді. Өйткені сценарийде саундраманың негізгі элементі болып саналатын этно-фольклорлық ансамбль мен хореографтардың жұмысына баса назар аударылған. Толассыз әрекет пен ырғаққа құралған спектакльге театрдың 74 әртісі, бишілер тобы және «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің 12 әншісі жұмылдырылған.
Сондай-ақ, бабамыздың ислам дініне берік, адал мұсылман болғандығына айқын дәлел – жауынгер сарбаздарымен бірге дәрет алып, намазға тұруы әсерлі бейнеленген. Сахнаның төріне тылсым дауыспен Алланың 99 есімі бірінен соң бірі жарқырап жазылуы, әр оқиға тұсында тақырып араб әріптерімен бедерленуі ұтымды ойластырылған тың жаңалық деп есептейміз.
Ал басты рөлде – талантты театр және кино әртісі, әнші Әсет Есжан. Әсет бұл рөлге тосыннан келген актер емес, ол қазақтың Қанышы – академик Қаныш Сәтбаевтың бейнесін кинода сомдаған өнерпаз. Сонымен бірге «Дүр қамшы» атты рухты әнімен елге танымал, жастардың ұлттық намысын оятып жүрген «Қазақша терапия» ұжымының жетекшісі. Басты рөлдегі қаһарманымыз бен мәмлүк сарбаздар кейпіндегі жігіттердің айнадай сахна төрінде айбалтаны айқұш-ұйқыш ойнатып, найзаны оңды-солды лақтырып, еркін қозғалып жаттығулар жасап билеуі актерлік құрамның қойылымға асқан жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келгені сезіліп тұр. Қысқасы, актерлер екі сағат бойы сахнада дамылсыз жүгірумен болғанына куә болдық.
Қойылым 21 ақпанда тағы да көрермен назарына ұсынылмақ. Сіздерді сол «Алатау» дәстүрлі өнер театрында күтеміз. Қапы қалмаңыз, театр сүйетін, рух іздеген, ағайын!