Сусыз тіршілік жоқ

Сусыз тіршілік жоқ

Ауыз суды айтпағанның өзінде, ағын сусыз адам тіршілік ете алмайды. Күнделікті тұрмыста қолданылатын азық-түлік тауарын алып қараңыз, оны өндіру үшін су керек. Егін де, бақша дақылдары да сусыз өнім бермейді. Төрт түліктің азығы да сусыз өспейді. Ал, мал болмаса ет пен сүт қайдан шығады? Бір сөзбен айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұрмақ, адам аштыққа ұрынбас үшін судың алатын орны ерекше екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Технологиялық тұрғыдан ескірген су жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығы зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық шараларын әзірлеу қажет» деді.

Президент келесі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында тағы да су мәселесін көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жыл ішінде жаһандық деңгейде су ресурстарының тапшылығы болатынын болжағанын еске сала келе, 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін алға тартты. «Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек» деп Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал жаңғыртылатынын республика бойынша 6 облыста жаңадан су қоймасы салынатынына назар аударды. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар.

Аса күрделі мәселені Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында да көтерді. «Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызды міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал» деген Президент еліміз бойынша судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатынын, соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кететінін айтты. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын қадап жеткізе отырып, жаңа тариф саясатына көшу қажеттігін міндеттеді, Үкіметке. Бұл дереу қолға алынбаса, ахуал одан әрі күрделене түсетінін қабырғасынан қойды.

Мемлекет басшысының ерте көктемде – наурыз айында айтқаны Жамбыл облысында биылғы жазда айна қатесіз келді. Үкімет басшысының Өкімімен Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Онда: «Осыған сәйкес, облыстың аталған аудандарында ауа райының қалыптан тыс ыстық болуынан және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу мәселесі өз шешімін табуда» делінген. Дұрыс, қуаңшылық салдарын қиын жағдайға тап болған шаруаларға мемлекет қамқор қолын созып, көмекке келді. Осы жерде мына ой мазалайды. Облыста әр жылдары шілде айында биылғыдай ыстық қайталанып тұрады. Құдайға шүкір, көктен жауын да тамбай қалған жоқ. Онда неге шаруалардың еккен егіні шықпай қалды? Қолдағы, қоймадағы бар суды тиімді пайдалалануда жұмыста берекесіздік белең алды-ау деп топшылаймыз. Оның үстіне су жүретін инфрақұрылым әбден тозғанын, судың 60 пайызының құмға сіңіп жатқанын Президенттің өзі айтты. Бұл енді еліміз бойынша ғой, алайда егін, бақша алқаптарында болғанымызда, облыста да жағдайдың жетісіп тұрмағанын өзіміз де көріп жүрміз.

Президент тапсырмасының орындалуы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметіне қарағанда, қолға алынып та жатыр. Суармалы кезеңде су тапшылығы мәселесін болдырмау мақсатында Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінен «Ырғайты», Қалғұты өзенінен «Қалғұты», Байзақ ауданындағы Талас өзенінен «Ақмола» су қоймасын салу жоспарланған. Қазіргі таңда, «Қазгидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа үш су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. «Ақмола» су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы экологиялық сараптама порталына жүктеліпті. «Ырғайты» және «Қалғұты» су қоймаларында игеру жұмыстары жалғасып жатса керек. Аяқтау биылғы қазан айына жоспарланған. Сондай-ақ, «Еуропа қайта құру және даму банкі» мен ҚР Үкіметі арасындағы әріптестікті күшейту туралы келісім шеңберінде «Жамбыл облысын суармалы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асып жатқан көрінеді.

Аталған бағдарлама бойынша облыстың бес ауданында, атап айтқанда Қордай, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Жуалы аудандарында 34 жоба қарастырылған, жалпы құны 27,164 миллиард теңгені құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, жалпы ауданы 53,9 мың гектар суармалы алқап қолданыста болмақ. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға 12 мердігерлік компаниясымен 21 келісім-шарт жасалыпты.

«Келісім-шарт» дегеннен шығады, мердігер мекемелермен келісім-шарт жасағанда олардың қолынан жұмысты белгіленген мерзімде сапалы аяқтау келе ме, осы жағына баса назар аудару керек. Әйтпесе, су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарына жарияланған тендерде жеңімпаз болған кейбір мердігерлермен берекесіздік жұмыстары үшін келісім-шарт бұзылғанын білеміз. Он ауданы бар облыстың жартысынан көбінде су тапшылығынан төтенше жағдай жариялануының бір салдары арса-арсасы шыққан арық-каналдардың, су қоймалардың, басқа да инфрақұрылымның уақтылы жөнделіп, жаңғыртылмағанынан екені аян. Сосын кейбір шаруалар әріптестерінің су пайдалану мәдениетінің өте төмен екенін алға тартады.

– Жалпы, атқарылған жұмыс көлемі бойынша қазіргі жағдай мынадай: Қордай ауданында жұмыс 100 пайыз орындалды, нысандарды пайдалануға беру рәсімдері аяқталды. Жуалыда 90 пайызға орындалды, биыл жыл соңына дейін толық аяқталады. Жамбыл ауданында 75 пайызға орындалса, жыл соңына дейін бітеді деп отырмыз. Байзақ та 35 пайыз орындалды, жыл соңына дейін тағы 45 пайызы, вегетациялық кезеңнен кейін қалған 20 пайызын аяқтау жоспарлануда. Меркіде 25 пайызға орындалды, тағы 35 пайызы жыл соңына дейін, қалған 40 пайызы 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

«Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру-2» жобасы аясында облыста жалпы ауданы 15,172 мың гектарды құрайтын суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету және мелиоративтік жағдайын жақсарту бойынша жоба іске асып жатыр. Республикалық меншіктегі тозған ирригациялық және дренаждық жүйелерді қайта жаңарту бойынша: «Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Оңжағалау» магистральдық каналының ирригациялық дренажды жобасын – қайта жаңғырту» арқылы 5172 гектар қалыпқа келмек. «Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Қордай» Георгиев магистралды каналының ирригациялық дренаж жүйесіндегі қайта жаңғырту» жұмыстары аяқталды, ендігі кезекте 5000 гектар алқап сумен қамтылмақ. «Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы «Қапал» арнасындағы қайта жаңғырту» жұмыстары аяқталып, Қапал каналына байланған 5000 гектар алқап айналымға енді. Аталған бағдарлама әкімшісі – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті.

Ал «Еуропа қайта құру және даму банкі» жобасына және Ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру-2» жобасына енбеген су шаруашылығы жүйелері қазіргі уақытта аудандардың коммуналдық меншігіне беріліп, оларды қайта қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Біздің филиалға қарасты Меркі ауданындағы жерасты суын тартуға арналған 46 ұңғыма құрылысын «Еламан» ЖШС қолға алды, – дейді «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегенов.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су мәселесін тағы да көтерді. Су ресурстары еліміздегі өзекті мәселеге айналғанын еске салған Президент оның сапасы мен халыққа қол жетімді болуы аса маңызды екенін айтты. «Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес, әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелері – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер» деп бұл жолы да атқарушы билікке үлкен міндет жүктеді.

Президент шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар қажеттігі, мұндай талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да, қамтылуы қажет екеніне де назар аударды. Облыста биыл орын алған төтенше жағдай біріншіден, осындай сапалы сараптамалар мен болжамдардың жоқтығынан да орын алды. Сондықтанда, Президент тапсырмасы сөзсіз орындалуы керек. Жолдауда ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану, суды үнемдейтін технологияның баяу енгізілуі де сөз болды. «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет» деп атап көрсетуі барлық деңгейдегі әкімдер мен суға жауапты құрылымдарға жүктелген аса зор міндет болмақ. Су шығынын жою үшін су қоймаларынан егіс алқаптарына дейін пластикалық құбыр тартуды ұсынып жүрген Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округіндегі «Байелі болыс» шару қожалығының басшысы, белгілі фермер Жұмасейіт Нұрбаевтың ұсынысын зерттеп, қолға алса қалай болар екен?

«Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл филиалы жер асты суын тартуды Меркі ауданынан басқа өзге өңірлерде де қолға алса, қане? Су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Басқа-басқа, су мәселесіне келгенде қаржыдан қысып қоюға болмайды. Мемлекет басшысы Жолдау сайын немесе республикалық алқалы жиындарда қайта-қайта аса маңызды мәселеге айрықша тоқталып, Үкіметке нақты міндет жүктеуі алдағы уақытты болжағаны. Жолдаудан кейін іле шала Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы – бұл мәселенің аса өзекті екенін көрсетсе керек.

Амангелді Әбіл, Ақ жол
09.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 96
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 51
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 130
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 47
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 131
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 39
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 96
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 239
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 243
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 456
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 418

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9117
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8514
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11742
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9509
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10722