Жарыстың нәтижесінде шығысқазақстандықтар жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына бес медаль салды.
Дәстүрлі садақ атудан Аяш Қабдоллаева 60 метр қашықтықтағы «Пута» санатында қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Ал арқан тартудан Шығыс Қазақстан құрамасы командалық сайыстарда үздік нәтиже көрсетті. Өңір спортшылары 8х8 және 4х4 форматтарында алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Мейір Рахметқалиев 1х1 жеке сайысында топ жарып, Қазақстан құрамасына тағы бір алтын жүлде әкелді.
Стронгмен жарысында өнер көрсеткен Вадим Макарцов та жүлдеден тыс қалмай, жарысты үшінші орынмен аяқтап, қола медаль иеленді.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысының спортшылары 4 алтын және 1 қола медальмен елге оралды.
Спортшыларға
құрмет көрсетілді
Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қабылдады.
Кездесу барысында аймақ басшысы спортшыларды жеңістерімен құттықтап, олардың халықаралық аренадағы жетістіктері өңір үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті. Спортшыларға еңбегі мен жоғары нәтижелері үшін Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.
«Сіздер Шығыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыздар. Әр медальдің артында зор еңбек, күнделікті жаттығу, табандылық пен өз күшіне деген сенім тұр. Спортшыларымыздың ұлттық спорт түрлерінен де жоғары нәтиже көрсетіп, дәстүрімізді дәріптеп, оны халықаралық деңгейде танытып жүргені қуантады. Осы жетістіктеріңіз үшін және өңіріміздің абыройын асқақтатып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу кезінде спортшылар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы әсерлерімен бөлісіп, жарысқа дайындық барысы, бәсекелестік деңгейі және халықаралық додадағы ерекше атмосфера туралы айтып берді. Спортшылардың айтуынша, мұндай ірі жарыстарда ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спортты дамытуға, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық спортқа
жаңа серпін
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы шығысқазақстандық спортшылардың нәтижесі өңірде ұлттық спорт түрлерінің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Тарихы мен дәстүрі терең ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде насихаттау – жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді. Шығыс Қазақстан спортшыларының жеңісі – олардың бірнеше жылдық еңбегі мен тынымсыз дайындығының нәтижесі. Сонымен бірге бұл жетістік өңірдің спорттық әлеуетін танытып, болашақ чемпиондарға жаңа мақсаттар мен биіктерге ұмтылуға жол ашады. Шығыс Қазақстандық спортшылардың VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңістері – өңір спортының ғана емес, ұлттық спорттың да үлкен жетістігі.
Бетті дайындаған –
Тәттімбек АСХАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы
Фото облыс әкімдігінің
баспасөз қызметінен
















