«Қазақстанда жасалған» тауарлық маркасымен тұтынушыға жол тартып отырған тауарлар қатары қалың. Соның ішінде Шымкенттен шығатын өнімнің көлемі артқан. Отандық өнімдердің көлемі ғана емес, сапасы да жоғары. Тұтынушы тарапынан сұраныс уақыт өткен сайын артып, сапасына деген ризашылық төмендеген емес.
Шымкент Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік орталықтардың бірі. Қалада өнеркәсіп саласында 689 кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде. Оның 24-і ірі, 49-ы орта кәсіпорын. Кәсiпорын қызметінің тұрақтылығы, көпсалалы өндiрiске бағытталуы, өндіріс көлемінің өсуі, сондай-ақ, шығарылатын өнім сапасының жоғарылауы және оның бәсекеге қабілеттілігінің жақсаруы, бүгiнгi күндегі талаптарға жауап бере алуы қала экономикасының өсуiне кепiл болып отыр. Инвестицияның нәтижесінде қала бюджетінің көлемі бүгінде 450 млрд теңгеден асты. Өнеркәсіп өнімі 654 млрд теңгеге теңесті.
Тарқатып айтар болсақ, еліміз бойынша мақта майының – 96,1 пайызы, дайын шыныдан жасалған бұйымдардың – 67, бензиннің – 49, дизель отынының – 30,2, цемент клинкерлерінің – 30,9, портландцементтің – 29,5, дәрілік препараттардың – 41,4, қайта өңделген шай және кофенің – 22, макарон өнімдерінің – 19,6 және көміртегі диоксидінің 66,5 пайызы Шымкенттен шығады.