Жыл санап облысымызда «жасыл экономика» белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда. Мәселен, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр станциясының да облысымызда алар орны ерекше. Бұл станция 2014 жылы Отар елді мекенінің жанынан салынған. Инвесторы «ҚазЭкоВатт» серіктестігі. Жобаның қуаттылығы 0,5 мегаватт.
Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр станциясының жылдық қуаттылығы – 504 киловатт. Жалпы, бүгінде «Отар» күн электр станциясының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» серіктестігінің жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал, Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» серіктестігінің күн электр станциясы Орталық Азиядағы ең ірі нысан.
Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 450 мегаватт болса, оның едәуір бөлігі жел, күн, су тәрізді экологиялық жағынан таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік. Оның ішінде жылына 50 миллион киловатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы Қордай жел электр станцияларының үлесі артып келеді.
Облыс бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрбаевтың айтуынша, аймақта табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын жобалар артыпты. Олардың ешбірінен табиғатқа зиян келмеген.
– Еліміздің басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асады. Ал, күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына 2,5 миллиард киловатт сағат деп белгіленген. Әсіресе, елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір. Бүгінде облысымызда баламалы қуат көздерін жаңарту нысанының құрылысы осыдан 7 жыл бұрын қолға алынды. Күннен және желден қуат алатын еліміздегі тұңғыш электр станциясы да біздің өңірде іске қосылған. Ал, Тасөткел су электр станциясының ашылуы аймақтағы «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған тың қадам болды. Жобаны жүзеге асырған инвестициялық компания өкілдерінің айтуынша, оның артықшылығы қыс мезгілінде судың екпіні артады да, осы уақытта қуат көзіне деген сұраныс та жоғарылай түседі. Ал, бұл жер облысымыздағы су қоры мол жалғыз нысан, – деді ол.
Серік Нұрбаевтың айтуынша, Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр станциясының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр станциясы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» серіктестігі. Бұл су электр станциясында 12 адам жұмыс атқарады. Станция толық қуатына көшкенде ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Ал, Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстанциясы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС- інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды.