Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
Сізді мерейлі 80 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – саналы ғұмырын елдік мұрат пен ұлт руханиятына арнаған ардақты ананың өнегелі өмір жолы ұлықталып, сексеннің сеңгіріне абыроймен көтерілген мерейлі белес. Сексен жыл – ғұмырдың ғана емес, елге сіңірген еңбектің, көрген-білгеннің, жинаған тәжірибенің, кейінгі ұрпаққа қалдырған тағылымның өлшемі. Осы биіктен Сіздің ел мен қоғам алдындағы елеулі еңбегіңіз, азаматтық болмысыңыз бен қайраткерлік қырыңыз айқын көрінеді. Сіз ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері ретінде ұлт руханиятының өркендеуіне, ана тіліміздің абыройын асқақтатуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келесіз. Өмір жолыңыздың әр кезеңінен елге қызмет етудің, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамаудың, ұлт болашағына жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі аңғарылады.
Қазақ баспасөзіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегіңіз арқылы елдік мәселелерді батыл көтеріп, қоғамның өзекті мәселелеріне үн қосып, ұлттық мүддені ұлықтауға қызмет етіп келесіз. Қоғамдық бастамаларға белсене араласып, ел бірлігін нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын жалғауға, халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған ізгі істердің басынан табылып жүрсіз.
Сіздің елге деген жанашырлығыңыз бен ұлтқа деген адалдығыңыз, ана тіліне деген құрметіңіз бен жас ұрпаққа деген қамқорлығыңыз – кейінгі буынға үлгі боларлық қасиеттер. Өнегелі ғұмырыңыз бен тынымсыз еңбегіңіз ел игілігіне қызмет етудің жарқын жолын көрсетіп келеді.
Тағылымды ғұмырыңыз кейінгі ұрпаққа өнеге, елге жасаған еңбегіңіз көпке үлгі болғай!
Ізгі ниетпен,
Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ,
«Әділет» партиясы
Төрағасының орынбасары
















