Аудандық мәдениет үйінде «Ана тәрбиесі – қазақ қоғамының жазылмаған оқулығы» атты аналар форумы өтті. Форумға «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры, ардагер ұстаз Сәуле Мешітбайқызы қатысты. Жиынды Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, тағылымы мол іс-шараға сәттілік тіледі. Форумда аудандық «Аналар кеңесінің» жұмысы таныстырылды. Аталған ауданда гендерлік саясаттың жүзеге асуы, аналар мен қыздардың мәселелері жақсы жолға қойылған. Әр ауылдық округтегі мекемелерде қызмет атқарып жүрген әйелдер саны да қомақты. Мәдениет ошақтарының жанынан «Әжелер» ансамбльдері құрылып, елге өнерлерін ұсынуда. Ауданға танымал аналарды тәрбие жұмыстарына тарту, оларды көпшілікпен жүздестіру жағы да жақсы жолға қойылған.
Іс-шара барысында Сәуле Мешітбаева аналардың қоғамдағы рөлі, отбасы құндылықтары туралы сөз қозғады. «Ана – адамзаттың ақылшысы. Барша адамды өмірге әкелген асыл адам. Жуалының топырағынан шыққан батыр Бауыржан Момышұлын, халық жазушысы Шерхан Мұртазаны туған асыл аналар – қазақтың асылдары. Біз ондай есімдерді құрметтеуіміз керек. Ел ішінде жүрген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері де құрметтеуге лайық», – деді.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова сөйлеп, облыс аумағындағы аналар ісіне және оларға қолдау көрсетуге қатысты мәселелерге тоқталды. Қоғамдағы аналардың рөлі туралы айтып, өсиеттерімен бөлісті.
Тағылымы мол іс-шара жиналған қауымның көңілінен шыққаны анық.
Жиын соңында бірқатар белсенді аналар марапатталды. Марапатты Сәуле Мешітбаева мен аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова тапсырды. Анар Садыққызы:
– Қадірлі аналар! Сіздердің баршаңызға елдің құрметі бөлек. Сіздер тәрбиелеп отырған перзенттердің арасынан да ел басқарар көсемдер мен сөз бастайтын шешендер шығуы мүмкін. Ер Баукеңді, Шер-ағаны және бірнеше генералды өмірге әкелген де жуалылық ардақты аналар. Сіздер сол аналардың бүгінгі ізбасары болып жүрсіздер. Әр ауылға өнегелі аналар қажет. Өздеріңізден тараған жылу мен шуақ әр ауылды жылытып отыр. Біз сол үшін сіздерге алғыс айтамыз, – деді.
Кештің соңы тамаша концерттік бағдарламаға ұласты.