Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен Таразда да ауыз толтырып айтарлықтай шаруа атқарылғалы отыр. Бастысы думандатып ұлан-асыр той өткізіп, ас ішіп аяқ босату емес, елдің игілігіне жарар, тұрғындарға пайдасы тиер нысандар ашу көзделіп отыр.
Атап айтсақ, 30 көшенің жолы жөнделіп, тағы 30 көшеге жарық орнатылады, 30 спорт нысаны салынып, 30 балалар алаңы пайдалануға беріледі.
Жалпы, 30 көшенің жөндеу жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 120 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде Б.Момышұлы көшесі күрделі жөндеуден өтсе, көптеген көшелер мен бұрылыстарға асфальт төселіп жатыр.
Сондай-ақ, қалада 30 жылдыққа орай 30 спорт нысаны салынуда. Оның 13-і «Таразға тарту» жобасы аясында ел игілігіне беріліп қойды. 4 жаңа футбол алаңы мемлекет есебінен салынса, Мұз айдыны, Бокс сарайы, Үстел теннисі мен гимнастика орталығы сынды бірқатар нысандар бар.
30 жылдыққа орай ашылатын 30 балалар алаңына тоқталсақ. Оның 13-і «Таразға тарту» жобасы аясында берілсе, 12-сі мемлекет және бесеуі демеушілер есебінен салынып жатыр.
Алаңдар 3 жас ерекшелігіне қарай, яғни 2-7 жас, 7-14 жас және 14-тен жоғары болып бөлінген. Қауіпсіздік үшін арнайы жабындылар төселіп, жаттығуға қажетті құралдар орнатылған.
30 жылдыққа орай 30-дан астам көшені жарықпен қамтуға 200 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа биыл 34 көше жарықтандырылғалы отыр. Әсіресе, мектептер мен балабақшаларға барар жолдарға баса назар аударылады.
Бұдан бөлек, облыс орталығының 2021-2023 жылдарға арналған арнайы жоспары бекітілген. Алдағы 3 жылда 207 нысан жарықтандырылса, 230 көше мен бұрылыстар (261,8 шақырым) жөнделіп, 241 аула абаттандырылады деп жоспарланған.