Жаңаөзеннен басталған наразылыққа елдің түкпір-түкпірінен үн қосушылар молайып келеді. Әлеуметтік желі бетінде ШҚО-ның Тарбағатай ауданынан жолданған видео таралып жатыр. Түнде жиналған біраз адам камера алдында өздерінің пікірлерін білдірген. Фейсбуг желісіндегі «Ауылдан хабар» атты топта Meirzhan Temirbek есімді желі қолданушы жариялаған бейнебаянда топты адамның алдына шыққан бір жігіт былай дейді.
«Қайырлы түн қазақ елі! Бүгін Астана уақытымен 8:44 (20:44 дегені) кетті. Біз Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Ақжар өңірінің азаматтары, азаматшалары түннің бір уағында жиналып тұрмыз. Үш күн болды, қоғамда газ, мұнай, бензин бағасы туралы мәселе қозғалып жатыр. Тағы да қосымша тұрмыстық жағдайлар, адамдарға қажетті дүниелер туралы. Ұннің мәселесі, нанның мәселесі деген сияқты... Сол мәселеге байланысты біз жиналып, Жаңаөзендегі өзіміздің азаматтарымызға, қазақтың ұлдарына, қыздарына өзіміздің позициямызды білдіріп, біз де елміз, жұртпыз, қазақтың азаматымыз... Шалғайдағы шығыстың Қытаймен шекаралас өңіріміз. Соларға (Жаңаөзендіктерге) қолдау білдіріейік деп, өзіміздің де мұң-мұқтажымызды айтайық деп жиналған жағдайымыз бар.
Бірінші мәселе- Жаңаөзеннің ұлдары, қыздары, біз сіздермен біргеміз! Не мәселе болсада бір қазақтың балалары бірге көтереміз! Жемқорлық мәселесі, тендер мәселесі... Ауылға алып келеді. Барлығы қымбат. Ұнның бағасы қазір 7700 теңгеге жетті. Соның барлығы қордаланған дүниелер. Осында ағаларым, апайларым жиналып отыр»- деді.Осы кезде топ ішінде тұрған бір азамат: «Іргеден шығып жатқан Зайсанның көмірі 20 мың теңгенің үстінде»- деді дауыстап. «25000 теңге» деді екінші адам.
Қазақтың ұланғайыр жерін Қабанбай, Дәулетбай сынды батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен алып берген. Қазір аяқ астынан біреулер шығып алып, ұры, жемқор, тексіздер ішіп-жеп, мердігер болып, өйтіп-бүйтіп барлығын жеп жатыр. Халық шаршады. Бірз енді кімге айтамыз? Үкіметке сенбейміз! Әбден шаршадық! Сонан қара халық болып міне жиналып отырмыз»- деп сөзін аяқтады. Келсі сөз алған адам былай деген.
«Құрметті қазақ елі, Жаңаөзенді біліп отырсыздар. Халық бұл Үкіметке, бұл билікке баяғыдан наразы. Бұл билік жемқор. Айналдырған ат төбеліндей адамдар бүкіл жер үсті, жер асты байлықтарын тасып әкетіп жатыр. Қайда тасып жатыр? Құдай біледі. Ал халыққа ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан Жаңаөзендіктерге айтармым, Біз Тарбағатай ауданы Ақжар өңірінің азаматтары біз сіздермен біргеміз!»- деді ұран тастап.