Мойынқұм ауданына қарасты Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков ауылдары жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы көп тары дақылын өсірумен айналысады. Бұл ауылдарда негізінен тарының «қызыл тары» деп аталатын түрін өсіреді. Тарыны дайындаудың өзі бір басқа, оны жинаудың машақаты көп. Биыл Қызылтал, Қызылотау ауылдық округтері аталған дақылды көптеп еккен болатын. Қазіргі таңда пайдалы дақылды ору жұмыстарын аяқтап қалды.
– Біздің шарауақожалық 11 гектар жерге ауыл диқандарымен бірігіп тары дақылын ектік. Ал маған тиесілі жер 3 га. Міне, жаздай еткен еңбегіміздің жемісін көретін күн де жақын. Қазір біз қырманға әкеліп, дәнін түсіріп жатырмыз. Тарының түсімі жаман емес. 100-120 қап, шамамен 2,5 тонна аламыз деп отырмыз, – дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Шынжарбеков.
Аудан бойынша былтыр 5074 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарының өнімі егіліпті. Биыл 5662 гектар жаздық арпа, дәндік жүгері, тары, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша дақылдары және көп жылдық жоңышқа егілген. Тары дақылының құндылығын айтар болсақ, тары сабанын жеген сауын сиырдың сүтінің құнарлығы артады, дәнінен спирт жасалса, ал сабағынан қағаз шығаруға болады. Медицинада да емдік қасиеті бары дәлелденген. Шаруаларға «қамбалары дәнге толсын!» демекпіз.