Татар трагедиясы қазаққа да келмесін

Татар трагедиясы қазаққа да келмесін

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген қоғам қайраткері Әміржан Қосан: «Кезінде большевиктер партиясының көсемі Ленин Кеңес Одағының құрамына енген республикалар мен автономиялардың жер аумағын белгілегенде түбі бір түркі ұлттарына ортақ шекара бермей қойып, татарлар мен башқұрттар,  қазақтар мен басқа туыстарынан бөлектеніп қалған еді. Әйтпесе  алғашқы астанасы Орынбор болған қазақ бүгінде өз туыстарымен уығын қадасып, шаңырағын көтерісіп, ортақ конфедерация құрар ма еді, кім білсін? Болған іс болды, бояуы сіңді. Содан бері қаншама уақыт өтті. Ресей Кеңестік Социалистік Федерациясының құрамында «республика» мәртебесінде болған Татарстанның басына бүгінде бұлт үйіріле бастаған сыңайлы. Гәп мынада: билік басына келгелі Ресей президенті В.Путин ұлттық саясатты күрт өзгертуге кірісті. Бұған дейін өзін демократ һәм либерал ретінде танытқысы келген Борис Ельцин Ресей құрамындағы ұлттық құрылымдарға «Тәуелсіздік тайға да, танаға да жетеді» деген сыңайда: «Берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить!» деп жариялаған болатын. Шынын айту керек, дәл сол кезеңде Ресейдің федерациялық принциптері біршама жандана бастап еді. Бұның өзі Ресей құрамындағы орыстан басқа ұлттардың ризашылығын туғызған-ды, ұлттық астаналардың Мәскеуге деген сенімі артқан-ды. Путин келді де, Ельциннің сөзін тоқылдақтың тәубасына айналдырып жіберді. Ол шынайы федерациялық негіздерді одан сайын тереңдетіп, өркениетті дамытудың орнына, керісінше, билікті орталықтандыруға кірісті, федерациялық жүйеден унитарлық жүйеге жылжи бастады. Мәскеулік билік вертикалін одан сайын күшейте түсетін федералдық округтер құру идеясы да соның айғағы. Яғни  федерацияның субъектісі енді тек Кремль ғана емес, соның өкілетті өкілі – сол округтің басшысына да бағынатын болды. Бұның өзі федерациялық принциптерді мансұқ ете түсудің бір амалы болатұғын. Одан кейін ұлттық атауы бар округтер жойыла бастады. Мәселен  Коми-Пермь автономиялық округі 2005 жылы автономиялық округ мәртебесінен айырылып, Пермь өлкесінің құрамына еніп кетті. Яғни  бір ұлттың атауы федеративтік субъект атауынан алынып тасталды. Кремльдің мына қарқынымен мұндай үрдіс жалғаса берері сөзсіз. Соңың айғағы ретінде Кремль бір заң жобасын ұсыныпты. Яғни бұрын Ресей Федерациясы құрамындағы ұлттық республикалардың басшылары «президент» деп аталса, ендігі жерде «аймақ басшысы» деген атаққа ие болуы керек екен. Нақты өкілеттіктерге келсек, мұндай бастама «аты жоқтың заты да жоқ» дегенге келейін деп тұр. Күштінің арты диірмен тартады емес пе, барлық дерлік ұлттық республикалар мен округтер бұл жобаны қолдап шықты. Міне, күні кеше осы заң жобасы Татарстан Республикасының парламентінде талқыланып, туысқан татар ағайын аяқ астынан мінез танытты да, жобаны қолдамай қойды. Бір қызығы, Кремль ұсынған жобаға қарсы шығып отырған жергілікті оппозиция емес, «Единая Россия» партиясының өз өкілдері. Яғни, татар елінің ресми билігі. Басқалар жоғарыдан түскен пәрменге мойынсұнып жатқан кезде татар елінің осындай тосын мінез көрсетуі – Ресей тарихындағы сөзсіз нонсенс! «Кемедегі бүлікке» талағы тарс айрылған Кремль бей-жай қарай алмайтыны да бесенеден белгілі ғой. Оның қатқылдау реакциясы да өзін көп күттіре қойған жоқ. Путиннің баспасөз хатшысы Песков: «Біз Қазанның бұл пікіріне құрметпен қараймыз, бірақ та аймақ билігінің бұл шешімі де-юре түпкілікті емес»,– деген сыңайда пікір білдірді. Бір нәрсе анық, Кремль мұндай өзі үшін соншалықты қауіпті прецеденттің қайталанбауы үшін бар күшін салады. Ол үшін барлық (заңды да, заңсыз да) мүмкіндіктері де бар. Республика басшылығын алдап-сулайды. Заң жобасында сондай бір бап бар, яғни, «президент» атауы жойылса, қазіргі президент тағы да екі мерзім сайлауға түсуге мүмкіндік алады. «Прәндіктің» көкесі де дәл осы емес пе?! Оған алданбаса иә көнбесе, тізесін батырып, қоқан-лоқы көрсетіп, түрлі айла-тәсілге барары да сөзсіз. Осыған ұстараның жүзінде отырған татардың саяси элитасы қандай жауап береді екен? Тар жол, тайғақ кешуде ұлттың игі жақсылары ауызбіршілік таныта ала ма? Әлде арасынан штрейхбрекерлер табылып, алтыауыз боп, басқаға жем бола ма? Міне, гәп сонда! Татар ағайынның біразы өз Отанынан тыс өмір сүріп жатқанын әрі әлемнің түкпір-түкпірінде біршама ықпалды екенін ескерсек, бұл үдеріс оңай болмайын деп тұр. Ішкі орталықтандырудың сыртқы симптомдары да бар. Путин командасының бұл пиғылы өзінің әр сайлау сайын үдей түсетін «ежелгі орыс жерлерін қайта жинақтау» секілді әрбір ура-патриот орысқа жағатын суперидеясына ұласты. Абхазия, Оңтүстік Осетия, Днестр жағалауы, Украинаға қатысты аннексиялық саясаты соның заңды жалғасы. Және де өз елі мен оның сыртындағы жаңаша заманауи болмыс – ұлттық сана-сезімнің қайта өрлеу удерісімен санаспауы, оны тұқыртуы – Путиннің ішкі және сыртық саясаттағы ең үлкен қателігі деп білем. Көрші елдің ішкі ісі саналатын тақырыпты мен неге қозғап отырмын? Қараңызшы, бір мемлекет ішінде отырып, федерация субъекті ретіндегі мәртебесіне, түптеп келгенде, татар деген ұлттың болашағына нұқсан келтіруі мүмкін бастамаға татар элитасы қарсылық танытып жатыр. Және де ондай мінез көрсету ертең республика басшылығындағы жеке тұлғаларға қарсы қуғын-сүргінге ұласуы әбден мүмкін. Соның бәрін біле отырып, татар тарландары сондай тәуекелге барып отыр. Ал біздің ұлттық намысы мен табанының бүрі жоқ элитасымақ ше? Тәуелсіздіктің 30 жылында кешегі метрополиясы, 70 жыл бойына төбесіне әңгір таяқ ойнатқан Кремльдің айтқанынан шыға алмай, бір одаққа кірді, ресейлік АЭС саламыз дейді, ресейлік СБЕР-дің қолына мемлекеттің бар ақпаратын ұстатып қоямыз дейді. Бұл соңы емес әлі! Орайы келген соң ғана татардың мына мақалын келтірейін: «Иттің тойған жері бар, туған жері жоқ».

P.S. Бұл пайымдар – менің жеке ойым, мен Ресей секілді тәуелсіз мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғудан аулақпын. Бірақ ұлттардың ешбір авторитарға, ешқандай саяси конъюнктураға бағынбайтын өркениеттік дамудың объективтік заңдылықтары деген тағы бар. Мен тек сол туралы ғана айтып отырмын...» – депті. Несі бар, өте орынды айтылған салихалы пікір.

 

Ермек Сахариев
04.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 103
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 115
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 344
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 345
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 576
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 519

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9224
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8620
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11846
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9616
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10829