ТАУ МІНЕЗДІ ҚАЛАМГЕРДІҢ КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

ТАУ МІНЕЗДІ   ҚАЛАМГЕРДІҢ   КІТАБЫНЫҢ   ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

17 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі көрнекті қаламгер, сыншы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Жамбыл», «Алаш» сыйлықтарының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіттің туған күні қарсаңында «Тау мінезі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл әдеби кеш қаламгердің өмірі мен шығармашылығына деген құрметтің көрінісі болды. Кітап 2024 жылы Дәулет Кәрімовтың редакторлығымен 1000 дана тиражбен  шыққан.

Тұрлыбек Мәмесейіттің бұл жаңа кітабы бірін-бірі толықтыратын төрт хикаяттан тұрады. Шығармалардың бәрінде де Адам, Табиғат, Тарих, Тағдыр сияқты төрт таған құбылыс желі болып тартылған. Таулы өңірде, шекаралық аймақта өмір кешкен қарапайым халықтың басынан өткерген қилы кезеңдері мен қиын тағдырлары замана үдерісінің әрқилы құбылыстарына орайлас өріліп, уақыт тынысы, адамның іс-әрекеттері, кейіпкер характері табиғи болмысымен көрініс беріп, шынайылығымен баурайды. Адам баласының туған жері мен өскен еліне деген сағынышы, сүйіспеншілігі, өз топырағына, ата-баба аманатына адалдығы, беріктігі жанды суреттермен көркем бейнеленеді.

Қаламгер өз шығармаларында ұлы табиғаттың тылсым сырлары мен тосын құбылыстарының адам болмысына тигізер әсерін жүрек шымырлата өрбітеді. Шығармалардың өзіне тән ерекшелігі де осы тау табиғатының тамылжыған көріністерін адам тағдырымен, көңіл күйімен астастырып суреттеуге шеберлігінде жатса керек.

Шараны филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек жүргізді. Академик Шерубай Құрманбайұлы, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын Нұрлан Қалқа, университеттің филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, ақын Бекқожа Жылқыбекұлы сынды зиялы қауым өкілдері жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жайлы жүрекжарды пікірлерін ортаға салды.

Алматыдан онлайн байланысқа шыққан Нұрдәулет Ақыш пен Дәулетбек Байтұрсынұлы да қаламгер туралы құнды естеліктерімен бөлісіп, шығармашылығын насихаттауға қатысты ұсыныстарын айтты. Жазушының жары Гүлнар апайға Қазақстан Жазушылар одағы басшылығының ықыласы да жеткізілді.

Кітаптың тұсауын ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қаныш Бибеков, жазушы Ораз Қауғабай, филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы кесті.

Жазушының жұбайы Гүлнар Мамаева өз сөзінде кітап жайлы біраз ақпаратпен бөлісті:

«Бұл кітапты баспаға мен берген жоқпын. 2021 жылы, ол Тұрекеңнің аман-сау кезі еді. Мемлекеттік тапсырыста министрлікке 2 кітап апарды: біреуі орысша, екіншісі осы кітап еді. Бұл кітаптың ішіне енген шығармалардың алғашқы үшеуі бұрыннан шыққан  әңгімелер, соларға «Тау мінезі» хикаятын қосты. Баспаға өзі барып тапсырған болатын. 

Шыққан кітаптың ерекшелігі неде деп ойлайтын шығарсыздар... «Тау мінезі» кітабы Тұрекеңнің 2019 жылғы Хан Тәңірі етегіне барғаны, әке-шешесінің қыстауы, Нұрасыл ағасының үйінде жатып сол маңның тауын зерттеуі.

Тұрекеңнің артынан 10 томдық еңбегі қалды. Ендігі біздің мақсат 10 томдықты жарыққа шығару. Оны қалың оқырманға, жастарға ұсыну...».

 

«О, біздің таулар бөлек қой...»

 

Кеш барысында жазушының көзі тірісінде жазылған бейнежазбалар көрсетілді. Ол бейнежазбалардың әр сөзі, әр үні қатысушыларды толқытып, оның тауға деген шексіз махаббатын тағы бір мәрте сезіндірді.

«Алматыда таудың етегінде тұрдым. «Түсіме тау кіреді» атты кітабым шыққанда: «Тау балконыңнан көрініп тұр ғой. Енді не керек?» дегендер болды. О, біздің таулар бөлек қой...» – дейді Тұрлыбек аға бейнежазбада.

Оның шығармаларында тау тек географиялық мекен емес, адамның мінезін, болмысын айқындайтын рухани күш ретінде суреттелді. «Таңжарық» роман-дилогиясы мен басқа да еңбектері тау перзенттерінің тұтас галереясын жасап, туған жерге, оның тарихи тұлғаларына деген адалдықтың белгісіндей болды.

 

Жазушы мұрасы зерттелуде

 

Тұрлыбек Мәмесейіттің редакторлық қызметін тереңінен зерттеп дипломдық жұмыс жазған шәкірті Хауан Ақсұңқар өз сөзінде жазушы жайлы зерттеуді 1-курс оқып жүргенде таңдағанын айтады.

Хауан Ақсұңқар (шәкірті):  

«Мен Монғолия мемлекетінен келгенмін. Тұрлыбек  ағайдың  2020-2021 жылдары шәкірті болдым. Соңғы курста дипломдық жұмысым ретінде Тұрлыбек ағайдың редакторлық қызметтері, зерттеуші еңбектері мен шығармаларына тоқталып, диплом жұмысымды қорғап шықтым. Мен ағай жайлы зерттегім келетінін шығармаларымен танысқан кезде-ақ білгенмін. Ол 1-курс кезі болатын. Диплом жұмысы барысында ағайды тереңірек тани түстім. Әрбір жазған шығармалары адам баласына үлкен ой салатындай туынды деп айтуға тұрарлық. Олай айтуымның бір себебі oтaндық бacпa caлacындa қaзaқтың шұpaйлы тiлiн тepeң мeңгepгeн, oны әpбip жaзғaн шығapмaлapындa дәлелдей білген бірден-бір қаламгер Тұpлыбeк Мәмeceйiт еді. Тұpлыбeк Iлияcұлы әpбip шығapмacындa xaлықтың мұң-мұқтaжын aйқын жaзып, бaйcaлды үнмeн жeткiзгeн. Мысалы «Хан-Тәңірі баурайындағы жалғыз шырша» атты шығармасында ағайдың өз өмірі толық баяндалған. Қаншама қиындық көрсе де мойымай алға ұмтылып, өз арманына қол жеткізген. Осындай тау мінезді, қайсар  тұлғаның  шәкірті болғаныма мақтанамын және әрі қарай да өз оқытқан шәкірттерінің ішінен өз еліне сыйлы Тұрлыбек ағай сияқты талантты жастар шығады деп сенемін», – дейді ол.

«Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деп Ығылман Шөреков айтқандай, туған жердің тарихын, ерлердің ерлігін тасқа түсіретін – қаламгерлер. Бұл ретте Тұрлыбек Мәмесейіт мойнындағы аманатты адал орындаған қаламгерлердің бірі еді… Оның еңбектері қазақ әдебиетінің баға жетпес мұрасы ретінде өз оқырмандарымен бірге мәңгі жасай бермек. 

 

Саяжан ҚАЙДАР

20.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕ
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі - 01.04.2025 142
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
Жамбыл облысы әкімдігі - 01.04.2025 192
ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 66
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ  ТӨЛЕБИЛІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 246
ШАРДАРАЛЫҚ ЗІЛТЕМІР ШЕБЕРІ ТҰҢҒЫШ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 55

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 3570
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 3778
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 18700
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 17384
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 20805