Қарағанды облысында 16 және 17 желтоқсанда туылған 117 бала ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысының атынан "Сүйінші" baby-бокстарын алды. Ал олардың ата-аналарына құттықтау хаттары табысталды.
– "Сүйінші" сыйлық жиынтығына "Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл" естелік монетасы, туу туралы куәлік, сәбилерге арналған бірінші қажеттіліктегі тауарлар, сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау ашықхаты кіреді, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалының баспасөз қызметінің жетекшісі Қуаныш Сейітханов. – Кейбір босанған әйелдерді перзентханада құттықтап, қалғандарына сыйлықты үйлеріне жеткізіп береміз.
Лилия мен Роман Беспаловтар алғашқылардың бірі болып "Сүйінші" иегері атанды. 16 желтоқсанда олардың тұңғышы Мирон дүниеге келді.
– Күйеуім екеуміз ұлды күттік, оның дүниеге келуін тағатсыздана күтіп, дайындалдық, – дейді Лилия Беспалова. – Бүгін біз Миронның алғашқы құжаты – оның туу туралы куәлігі және Мемлекет басшысының құттықтау хатын алдық. Бұл өте жақсы.
Айжан Тоқбергенова мен Бекзат Сқақов бесінші баланың ата-анасы атанды. Азаматтарға арналған Үкімет пен Қазпошта қызметкерлері көпбалалы отбасын үйіне барып құттықтады.
– Біздің отбасымыз үлкен, Ернар бесінші баламыз. Бірақ басқа балаларымыздан кем сүймейміз. Ол Тәуелсіздік күні дүниеге келді. Бұл әрбір қазақстандық үшін өте маңызды оқиға. Ернар өз елінің лайықты ұлы болады деп үміттенеміз, – деді Айжан Тоқбергенова