Қалада «квартирант» атанған қазақ үшін басында баспанасының болуы бір бақыт. Күн ұзақ «қара қазан, сары бала» қамымен жүрген адамның «Өз үйім – өлең төсегім» деп терең бір дем алмай, көңіл қошы болмайтыны да белгілі. ХХ ғасырдың орта шенінен ХХІ ғасырды жалғай қазаққа «бас ауру» болған баспана мәселесінің сеңі соңғы жылдары біршама сетіней бастады.
1991 жылдан бастап елімізде нарықтық қатынасқа негізделген бәсекелестікке қабілетті қоғам құру идеясы қолға алынды. 1991-1999 жылдары біршама кемшіліктерге қарамастан, жекешелендіру толықтай аяқталып, жеке меншік, құқық жөнінде жаңа түсінік қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тұрғын үй саласында нарықтық қатынастардың қалыптасуы немесе ипотекалық ұзақ мерзімді несие беру секілді заңнамалық база жасалды. Кейін 2003 жылы екінші деңгейлі Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі АҚ құрылып, азаматтардың «өз баспанам болса…» деген арманын «қаржыландыру» мақсатында ипотекалық несие беру шарттарына негізделген «қолжетімді» әлеуметтік бағдарлама іске қосылды. Тұрғын үй құрылысын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде, оның негізгі қағидаты–тұрғын үйдің қолжетімділігін, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін арттыру мәселесіне басымдық берілді.
Нәтижесінде Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 169 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Егемендік алғаннан бері елде 1,5 млн азаматтың тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Тек 2017-2020 жылдар аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 52 млн шаршы метр немесе 470 мың үй мен пәтер салынды. Дегенмен, жыл сайын тұрғын үй кезегі 50 мың адамға артып отырса, ал жыл сайын әлеуметтік тұрғын үйлер тек 20 мың адамға пайдалануға берілумен шектеледі. Тұрғын үй кезегіндегі бұл алшақтықты жою мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде отбасы табысының түрлі деңгейлеріне сәйкес келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Президенттің тапсырмасынан кейін «Кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу қажет, ал баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру керек. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсатқа 240 млрд теңгеден астам қаражат бөлетіні» белгілі болды.
Алайда халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді қолдаудың мемлекеттік шаралары жалғасып жатқанымен урбандалу, яғни халықтың көптеп қалаға көшуі жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар санының өсуіне ықпал етеді. Мәселен, тұрғын үйге кезекте тұрғандардың ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында (47,1 мың адам) тіркелген. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысының даму қарқынын үнемі назарда ұстап, бақылап отыруды әдетіне айналдырған. «Қала — тірі организм іспеттес, ал ол толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық саланы жетілдіру қажет. Мысалы, тұрғын үй және басқа да нысанды салу кезінде үйлерді жылумен, электрмен және басқа да коммуникациялармен қамтамасыз ету керек, ал жолдар, балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер салу үшін инженерлік желілер жүргізу қажет. Осы тұжырымдамаға сәйкес елорда аудандары орталықтандырылып дамып келеді.
Қаланы аралау кезінде әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен таныстым. Елорданың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде жеңілдікпен берілетін баспана салып жатырмыз. «Отау» шағын ауданына (Алматы ауданы, Метро маңайы) бардым. Онда қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерден тұратын шағын аудан болады. Бұл шағын ауданда кезекте тұрғандарға (оның ішінде отбасы банкінде кезекте тұрғандар үшін) арналған әлеуметтік пәтерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады.
Шағын ауданда балабақша, мектеп салуды, сол сияқты медициналық мекеме, демалыс орындарын, азық-түлік дүкендерін және т.б. қарастыруды тапсырдым. Сонымен қатар, аумақты абаттандыруға ерекше назар аудару қажет: аула аумақтары, жолдар, канализация, автобус аялдамалары, жарықтандыру. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй санын арттырамыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынған болса, биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткіземіз, соңғы 3 жылда әлеуметтік тұрғын үй саны 5 еседен аса артты.
Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік»,- деді елорда әкімі.
Демек, қала халқының жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, елорда халқын баспанамен қамту мәселесі жоспарлы түрде қолға алынып, жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.