Газетіміздің ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аманат» партиясы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты дәстүрлі экспедициясы Батыс Қазақстан облысында
Дәстүрлі экспедиция аясында ағымдағы жылдың 23-24 қазан күндері «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Батыс Қазақстан облысына келген болатын. Осы сапар барысында «ел анасы» атанған танымал журналист қос ауданда болып, ауыл-аймақтардың тұрғындарымен жүздесті.
Күзгі ауыл, алғашқы көріністер
Алғашқы сапар Теректі ауданынан басталды. Облыс орталығы – Орал қаласының іргесіндегі осы ауданға қарасты Подстепное селолық округіне келіп кірдік. Жол бастаушы – «Аманат» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілі Ажар Нұралы. Бұл күні ауа райы да суытып, күзгі жаңбырдың ызғары есіп тұр еді. Оның үстіне Подстепное ауылының көшелеріндегі шалшық су, езілген балшық «ауылдың күйі осы» деп тұрғандай әсер қалдырды. Көшенің батпағын кешіп өткен біз мінген көлік 55 жылдық тарихы бар Теректі колледжіне келіп тоқтады. Мұнда алыстан келген мейманды «Аманат» партиясы Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев, Подстепное селолық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов және колледж ұжымы күтіп алды.
Кездесуді бастамас бұрын жиналғандарға «Qazaqstan dauiri» газетінің ҚР Оқу-ағарту және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, «Аманат» партиясымен және «ЕлАна» сайтымен, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының мақсат-міндеті, аталмыш басылымдардың ұстанымы туралы бейнефильмдер көрсетілді.
Алдымен сөз алған Сәуле Мешітбайқызы өзін таныстыра келе, ұлт тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі жайлы сөз қозғады.
– Осы жерде отырған ұстаз да, әкім де, қызметкер де – ата-ана. Мен де өзге ата-аналар секілді егемен елімнің ертеңіне алаңдаймын. Өзім де көпжылдық тәжірибесі бар ұстазбын. Ал журналист болуды бала кезімнен армандайтын едім. Бұл – менің Батыс Қазақстанға алғашқы сапарым емес. Халықаралық мәртебесі бар «Qazaqstan dauiri» газетіне қызметке келгеннен бері осы облыстың барлық аудандарында болдым. Күні бүгінге дейін біздің газетіміз әр өңірдегі өзекті мәселелерді қозғап келеді. Осы үрдістен жаңылған емеспіз, – деді Сәуле апай. Бұдан әрі «ел анасы» ретінде өзін мазалайтын әлеуметтік желінің «әлегіне» тоқталды. Ұрпақтың санасын уландырған, адамзатты ортақ ойдан ажыратқан ұялы телефонның тигізіп жатқан зардабын, соның салдарынан орын алған қасіретті оқиғаларды да ашына айтты. Отбасындағы тәрбие, қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі де назардан тыс қалмады.
Ел анасының сөзі ұстаздарды ойға қалдырды
Ақ жаулықты ананың, ұлағатты ұстаздың, танымал қалам иесінің көкейтесті сөздері отырған көпшіліктің жүрек түкпіріндегі ойын қозғағанын да анық байқадық. Селт етпей тыңдап, селқостық танытпаған ұжым да бір серпіліп, үн қосты. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, отыз жылдан бері осы білім ордасында қызмет атқаратын Эльмира Бисенғалиева:
– Біз де ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеміз. Қоғамдағы келеңсіз оқиғаларға біздің де жүрегіміз ауырады. Колледж білім алушыларына келетін болсақ, оларға алаңсыз білім алып, сапалы маман болып шығу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған, – деді. Ал оқытушы Қобыланды Ниязов кездесуден алған әсерімен бөлісіп:
– Біз де ауылда өсіп, осындай есті сөздерді тыңдап өскен дәуірдің балаларымыз. Көркем әдебиет оқып, тәрбиеленген ұрпақпыз. Ал қазіргі ұялы телефонмен өскен баланың ой-өрісі қысқа. Шығармашылық тұрғыда ойлана алмайды. Шыны керек, қазір өзіміз де осы қалта телефонына тәуелдіміз. Сіздің жанайқайыңыз да орынды. Біз сіздің сөздеріңізбен қанаттанып, бойымыздағы дәрменсіздікті жою керек деген тұжырым жасап отырмыз, – деді.
Әріптестерінің сөзін жалғаған оқытушы Ақжан Аманғалиева:
– Сәуле Мешітбайқызы, ауылдың рухани, әлеуметтік мәселесін көтеріп отырсыз. Бұрын Подстепное ауылында орыс халқы көбірек қоныстанған. Соңғы жылдары ауылдағы көше атаулары қазақшалана бастады. Бұрынғы атаумен қалған көшелер де бар. Егер ауылдың атауын да қазақыландырса, халық та біртіндеп соған үйренісер еді, – деп, ауылдың атауына қатысты ойын да іркіп қалмады.
Иә, расымен де «Подстепное» деген атау құлаққа түрпідей тиетіні жасырын емес. Бір кездері ауылдың атауын «Төркінжол» деп қазақыландыру туралы ұсыныс болған екен. Өкінішке орай, жергілікті халықтың басым дауысымен өзгеріссіз қалған. Мұны ауылдық округ әкімі Мейірбек Сұлтанов та жоққа шығармай, ауылдың атауын өзгертуге тұрғындардың басым бөлігі, әсіресе жастар қарсы екенін айтты.
Халық сайлаған әкім
Әкім демекші, М.Сұлтановты жергілікті тұрғындар өздері сайлаған екен. Бұл ауылға 2012 жылы жас маман болып келген ол кейін түрлі лауазымдық қызметтерді атқарып, округ әкімінің сайлауына өзін-өзі ұсынып, сайлаушылардың қолдауына ие болған. Жиын барысында халық таңдаған әкімді де тыңдап, елді мекеннің тыныс-тіршілігінен хабардар болдық.
– 12 мың тұрғыны бар Подстепное ауылының қарамағында төрт елді мекен бар, оның екеуінде мектеп жоқ. Округ орталығында екі мектебіміз бар. Барбастау елді мекенінде мектеп пен балабақша жоқ, бірақ орын қарастырылған. Юбилейный ауылында жаңа мектеп салынды, жол жағдайы жақсы. Электр желілері ауыстырылуда, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Подстепное ауылында 75 көше бар. Соңғы 15 жылда екі көшенің 3,5 шақырым жолына асфальт төселді. Биыл төрт көшенің жолдарын жөндеуге қаржы бөлінген болатын. Әрине, бұлар – бұрынғы жобалар. Қаржы аз болғандықтан, мердігерлер табылмады. Ал үш көшенің жолы бойынша жоба түзетіліп шықты. Келесі жылға үш көшенің жолын жөндеуге ақша бөлініп тұр. Негізінен бес көшенің жолдарын жөндеу бойынша жоба дайын тұр. Алайда қаржы бөлінбеді, – деді Мейірбек Ақылбекұлы.
Бұл елді мекендегі келелі мәселе «Ақбұлақтың» жыры екен. Аталмыш бағдарлама бойынша су жүргізу жұмыстары 2021 жылы басталған. Тапсырыс беруші – аудандық құрылыс бөлімі. Алайда су құбырларын жүргізу мақсатында қазылған шұңқырлар, үйілген топырақтар әлі сол күйінде жатыр. Миллиардтап бөлінген ақша толық игерілмеген. Тағы бір айта кетерлігі, осындай жобаларды қолға алатын мердігерлер мен техникалық қадағалаушылардың (технадзор) жергілікті жерден болмауы өзекті күйінде қалып отыр. «Егер өз жерлестеріміз жасаса, мұндай олқылықтарға жол берілмес еді» дейді подстепныйлықтар. Соның дәлелі ретінде ауылдың басты көшесін жарықтандырумен айналысып жатқан Максим Рудь деген азаматтың есімін атады. Ол өз ісін жанашырлықпен атқарып жүргеніне жерлестері күмән келтірмейді, оған дәлелдері де жоқ емес екен.
Өз сөзінде ауылдық округ әкімі М.Сұлтанов дәрігерлер жиі ауысатынын, жастарды жұмысқа тарту жағы қиын екенін айтты. Дәрігер мамандарды тұрақтандыру үшін оларды баспанамен қамтамасыз етіп, жас мамандардың жалақыларын көтеріп, жағдай жасау керектігін алға тартты. Естіп-білгеніміздей, көп жағдайда ауыл әкімдерінің қолы қысқа. Ал тұрғындар кез келген мәселемен әкімге шағымданатыны тағы бар. Жалпы бұл мәселе біздің газеттің тілшілеріне таңсық емес. Сәуле Мешітбайқызы да бұл туралы жазған болатын.
ЭКСПЕДИЦИЯ ПРОБЛЕМАСЫ:
Тендер алған компаниялардың жергілікті жерден болмауы, тендерді кім көрінген ұтып, республиканың түкпір-түкпірінен келетін мердігерлер жұмысты бастап, соңына жеткізбей тастап кетеді.
Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының бүгінгі жүйесінің қолайсыздығы.
Сөз арасында «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мирхат Мақсотұлы да халықтың көкейіндегі мәселелерден құлағдар етті.
– Мемлекеттік тапсырыс, тендер деген дүниелер бар. Негізінен қай жұмыста да мердігердің өз облысымыздан болғаны дұрыс. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да жүйесі қазір өзгеріп кетті. Бұрын қай ауылға қандай маман қажет екенін комиссия шешетін еді. Ал соңғы жылдары ХҚКО-ға кімдер бірінші құжатын тапсырса, бағдарламаға бөлінген қаржыға сол адамдар ие болады. Оның үстіне бұл жүйеге «Отбасы банк» те енгізілді, – дейді филиал төрағасы.
55 жылдық тарихы бар Теректі колледжінің ұжымы да өздерінің жанайқайларын жеткізді. «Жеті мамандық бойынша мамандар, соның ішінде ветеринарлар мен аспаздарды, жұмысшы мамандықтарын дайындаймыз. Алыс аудандардың жасөспірімдері келіп оқиды. Алайда ғимаратымыз ескі, тар, күрделі жөндеуді қажет етеді» дейді оқытушылар.
Оқушылармен жүздесті
Бұл күнгі сапар Подстепный орта жалпы білім беретін мектебінде жалғасты. 2008 жылы ашылған қазақ мектебінде 1000-ға жуық оқушы білім алуда. Жүздеген педагог қызмет атқаратын 345 орындық қазақ мектебінде оқушылар үш ауысым бойынша білім алуда. Сәуле Мешітбайқызына білім ордасын көрсетіп, аралатқан мектеп директоры Марат Сыхов бүгінгі ахуалдан хабардар етті.
Әрине, іші жарық, таза білім ошағының оқушылары да меймандарды күлімдеп қарсы алды. Сәуле апай бастауыш сынып бөлмелеріне бас сұғып, бүлдіршіндермен жүздесті. Олардың арасындағы шығармашылыққа құштар жеткіншектермен танысты. Балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналымен дос болуға, өздерінің жұмыстарын баспа бетінде жариялап тұруға шақырды. Сондай-ақ балалармен естелік суретке түсті. Бұдан әрі мектеп директорының кішкентай ғана бөлмесінде ұстаздармен аз-кем әңгімелесіп, өзінің сапары туралы айта кетті.
Тағы бір айта кетерлігі, Подстепное ауылындағы екінші мектепте мыңнан астам бала оқиды екен. «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталған.
Подстепныйлықтар көпұлтты халық болғанымен, 80 пайызы – қаракөз қазақтар. Елді мекенде 2017 жылы пайдалануға берілген Мәдениет үйі, спорт кешені, балабақша бар. Дегенмен, аудан халқының үштен бір бөлігі қоныстанған ауылға әлі де әлеуметтік нысандар керек. Қоғамдық ұйым ретінде жұмыс жасайтын «Аналар кеңесі» де ауылдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүргенінен хабардар болдық. Қала іргесіндегі ауылдың жай-күйімен танысқан Сәуле Мешітбайқызы округ әкімдігінің кеңсесіне де бас сұқты.
«Ауыл аманаты»
Осы сапарымызға «тұздық» ретінде Теректі ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы да деректер келтіре кетсек. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысына да тоқталған еді. Аудан әкімінің баяндамасында көрсетілгендей, аталған мерзімдегі мәлімет бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тұрғындардан 819,5 млн теңгеге 131 өтініш келіп түскен. Солардың ішінде 49 адам 328,7 млн теңге несие алған. Әрине, бұл цифрлардың қазіргі уақытта өзгергені сөзсіз. Сәйкесінше, теректіліктер ауылшаруашылығы саласының дамуына және тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге бағытталған пилоттық жобаның жемісін көріп отырғаны анық. Алған қаражаттарын кәдеге жаратып, бизнес жобаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ аудан басшысы инвестиция көлемін өсіру бағытында кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын ұйымдастыру үшін Теректіде арнайы жұмыс тобы қызмет атқаратынын жеткізген еді. Сондай-ақ өткен жылы ауданда құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 8 жеке инвестициялық жоба іске қосылып, 113 жаңа жұмыс орны ашылған.
Келесі бағыт – Тасқала ауданы
Экспедиция аясындағы сапар екінші күні Тасқала ауданында жалғасты. Бұл күні Сәуле Мешітбайқызын «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бастап барса, аудан орталығынан Тасқала аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева мен Ақтау ауылының әкімі Бауыржан Имашев қарсы алып, аудандағы шағын елді мекендердің бірі – Ақтау ауылдық округіне әкелді. Мұндағы кездесу Ақтау мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде өтті.
Алыстан келген мейманды шағын жинақталған мектептің оқушылары әнмен қарсылап, ерекше көңіл күй сыйлады. Ал мектептің шағын залында ұстаздар ұжымы, ардагерлер, оқушылар күтіп отыр екен. Жиналғандарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтаған «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызы жас ұрпақты егемендіктің қадірін білуге шақырып, ұлы мерекенің маңызына тоқталды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясының ерекшелігіне тоқтала келіп:
– Мың өліп, мың тірілген қазақ өз тәуелсіздігін алды. Қиын-қыстау заманда берілмеген қазақ халқы қазір өзінің ұлттық құндылығынан, тілі мен ділінен ажырап, ұрпағымыз азып бара жатыр. «Оян, қазақ!» дегенді Міржақып бабамыз өз заманында айтып кеткен. Алайда біздің еліміз ғана емес, әлем алмағайып күн кешуде. Мені ойландыратын, толғандыратын – осы мәселе. Біз өзгеге жалтақтамай, өзгеге кінә артпай, құндылықты өз отбасымыздан бастауымыз керек. Отбасы – шағын мемлекет, әр отбасы өз ұрпағы үшін жауапты, – деді. Өз сөзінде ел анасы Сәуле апай ұрпақ тәрбиесі, қазақ зиялылары, кітап оқудың артықшылығы, қазақ баспасөзі, басқа да өзекті мәселелер туралы ой қозғады.
«Ұлттық тәрбие – ауыл мектебінде, ұлттық құндылықтар – ауылда»
Кездесуде ардагерлер, ұстаздар, оқушылар да сөз алып, айтылған мәселелер төңірегінде ой қосты. Мектеп директоры Баян Иргалиева білім ордасының тарихына тоқталып өтті:
– Бұл мектеп 1929 жылы орыс бастауыш мектебі болып ашылған екен. Осыдан 5-6 жыл бұрын Ақтөбе қаласынан Игілік Абуталипов деген ағамыздың қызы келіп кетті. Оның айтуынша, әкесі осы жерде ең алғашқы қазақ мектебін ашыпты. Мұражайымызға әкесінің барлық құжаттарын, сол 1938-39 жылдардағы қолмен жазылған журналдарды, бағдарламаларды тапсырды. Кейін ауыл үлкейе келе сегіз, тоғыз, он, он бір жылдық мектеп болып жұмысын жалғастырған. Ал қазір қазақ тілінде білім беретін мектебіміздің ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығы. Ардагер ұстаздарымыз мектеппен байланысын үзбей, барлық шараларға қатысып, үлгі-өнеге көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып жүреді. Мұның өзі ұжымның ынтымақтаса жұмыс жасауына үлкен септігін тигізеді. Бүгінгі жиынға да Ажар Шәмшіқызы, Күләш Еслямғалиқызы, Күләнда Ульданқызы, Кенжеғали Шүкірұлы, Ерсайын Ибатуллаұлы секілді аға буын әріптестеріміз қатысып отыр. Екіншіден, балаларға арналған көптеген журналдарды кітапханамызға жаздыртып алдырамыз. Оқушыларымыздың шығармашылық жұмыстары сол басылымдарда жарияланып тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, мектептің тәрбие жұмыстарында ұлттық тәрбиеге баса мән беріледі. Соңғы үш жылда мектебімізде облыстық, республикалық деңгейде үлкен семинарлар ұйымдастырып келеміз. Мектебімізде домбыра үйірмесі жұмыс жасайды. Оқушыларымыз республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерімен көрініп жүр. Ұлттық тәрбие – ауыл мектебінде, ал ұлттық құндылықтар – ауылда, – деді іскер басшы, тәжірибелі ұстаз. Сондай-ақ Баян Жеңісмұратқызы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы жүйелі жұмыстармен, ұлттық құндылықтарға бағытталған іс-шаралармен таныстырды.
Ардагер ұстаздардан бірінші болып сөз алған 90 жастағы Ажар Шәмшіқызы кездесуде айтылған ой-пікірлердің орынды екенін айта келе:
– Біздің шағын қазақы ауылымыздың халқы тұрақты. Жұмыс бабымен ғана көшіп кеткендер бар. 1973 жылы осы мектепке орыс тілі пәні мұғалімі болып келіп жұмыс жасап, кейін осы жерден зейнетке шықтым. Бүгінде біздің оқушыларымыздың біразы – осы білім ошағының ұстаздары. Мектеп оқушылары тәрбиелі, тәртіпті, білімді. Ата-аналармен байланыс жасап тұрады. Ауылда балабақша бар. Екі келінім де педагог, жақсы бастамаларды көріп, біліп жүреміз, – деп, аядай ауыл мен жылы ұядай мектептің мәртебесін асырды.
Тоқсандағы қария батасын берді
Әрдайым болашаққа алаңдап жүретін үлкендер жағы өрелі әңгімені одан әрі өрбітті. Ұлттық тәрбиені ұлықтап, орыс мектебін қазақыландырған ардагер ұстаз Күләнда Арыстанова:
– Қазақтың жақсы сөздері, салт-дәстүрі – ән мен күйде. Бесік жырын айтатын аналар, ертегі айтатын әжелер жоқтың қасы. Алдымен, жас аналарды, әкелерді тәрбиелеуіміз керек. Дегенмен, қазір жаңа технологиялар жан-жақты дамыған заман. Солардың ықпалы көбірек. Желілерде жақсылықтан гөрі жамандық көбірек жарияланады, – деді.
Ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-пікірімен бөліскен зейнеткерлік демалыстағы қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Кенжеғали Шүкірұлы:
– Біз де ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, осы бағытта жұмыс жасадық. Ұлттық тәрбиені, қазақ тілі мен әдебиетіндегі құндылықтарды ұрпақ бойларына сіңіріп, жыраулар мен жыршыларды барымызша үйреттік. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді Наурыз мерекесінде ғана насихаттамай, үнемі сақтап жүруіміз керек. Ұялы телефоннан балаларды шектеу үшін де күресіп келеміз. Ондағы тәрбиеге кері әсерін тигізетін нәрселерді жойса деген тілегіміз бар. Жас ата-аналармен жұмысты күшейтудің де маңызы зор. Кітаптан да алыстап кеттік, үнемі балаларды кітап оқуға шақырып келеміз, – дейді.
Кездесуді түйіндеген «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиұлы:
– Мұндай әңгіме барлық жерде айтылуы тиіс. Жастар тыңдауы керек. Ұлағатты сөз айтатын үлкен кісілеріміздің даналығын келесі ұрпаққа жеткізуіміз қажет, – деген тұжырым жасады.
Көптің көкейіндегі сансыз сауалдарды қозғаған басқосу осылайша өз мәресіне жетті. Мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің өнерлі жеткіншектері концерттік бағдарламаларын тарту етіп, көңілдерді сейілтті. Тоқсанды еңсерген ауыл қариясы Ажар Шәмшіқызы Сәуле Мешітбайқызына ақ батасын берді.
Біз ат басын тіреген Ақтау ауылдық округі – солтүстік-батысында Ресейдің Саратов облысымен шектесетін елді мекен. Тарихы тереңнен басталатын кішкентай ауылда бүгінде 1340 адам қоныстанған. Қарамағында төрт елді мекені бар округте мектеп, кітапхана, мәдениет үйі бар.
Берері мол бағдарлама
Облыс орталығы – Орал қаласына жетісімен Сәуле Мешітбайқызы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдерімен тілдесіп үлгерді. БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Ринат Мусагалиев «Ауыл аманаты» жобасының өңірімізде жүзеге асырылуына қысқаша тоқталды.
– Бұл бағдарлама Жамбыл облысының тәжірибесін барлық өңірлерге тарату мақсатында қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 2023 жылға облысымызға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат қаралды. Осы қаржыға 742 микрокредит беріліп, 787 жұмыс орны құрылатын болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жеке қосалқы шаруашылықты ауылдың тұрғындарын кооперативтерге біріктіру. Сол арқылы ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру. Облыста 2023 жылы бірінші кезеңде шикізаттық база құру үшін ең алдымен микрокредиттер 4 бағытқа қарастырылған. Олар: мал шаруашылығы, соның ішінде сүтті бағыттағы ірі қара мен құс шаруашылығын дамыту; өсімдік шаруашылығы өнімдерін өсіру; ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, дамыту және қосымша басқа да қызметтер көрсету; шағын кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беру. Ал екінші кезеңде, яғни 2024-2025 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмыстары қолға алынатын болады, – деді Ринат Сабекешұлы.
«Ауыл аманаты» жобасының облысымыздағы координаторы «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қазбек Узыкановтың айтуынша, аталмыш корпорация бұл жобамен биылғы ақпан айынан бастап айналыса бастаған.
– Біздің бастапқы мақсатымыз – сүтті бағыттағы ірі қара малдарын Батыс Қазақстан облысына көптеп әкелу. Қазіргі уақытта облыстағы ірі қара малдың 99 пайызы етті бағытта өсіріледі. Осыған орай өңір халқын сүт және сүт өнімдерімен қамту жоспарланды. Бөлінген қаражат көлеміне несиелеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1002 өтінім қабылданып, қарастырылуда. Сонымен қатар, 6 389,0 млн теңгеге 994 өтініш мақұлданса, 4 570,1 млн теңгеге 666 микрокредит берілді. Өңіріміздегі 12 ауданның барлығы қамтылды. Ең көп өтініш Бәйтерек, Сырым, Теректі, Ақжайық аудандарынан түсті. Несие 2,5 пайызбен 7 жылға беріледі. Сыйақыға – 1 жыл, негізгі қарызға – 2 жыл. Яғни бірінші жылы несиесін төлемейді, екінші жылы пайызын ғана төлейді. Несиенің максималды сомасы – 8 миллион 600 мың теңге. Несие беру биылғы мамыр айынан басталды, жұмыстар жалғасуда, – деді Қазбек Асанұлы. Негізінен жеке кәсіпкерлік ашқандарға, жеке кәсіпкерлерге 8 миллион 600 мың теңгеге дейін, ал «Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін» құрғандарға 27 миллион 600 мың теңгеге дейін несие беріледі екен.
Түйін: Батыс Қазақстан облысындағы, соның ішінде тоқсан жылдық тарихы бар қос аудандағы іссапар осымен тамамдалды. Ел-жұртпен жүздесіп, өңірдегі біраз мәселені көкейіне түйген қалам иесі, ел анасы Сәуле Мешітбайқызы өзге өңірлерге аттанып кетті.
ЛӘЗЗАТ ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы,
Орал – Теректі – Тасқала – Орал