Тіл мен көзден абай бол!

Тіл мен көзден абай бол!

Әжем марқұм Балзия айтып отырушы еді, «тіл мен көз деген жаман, балам, ол адамды алып ұрады. Сақтанып жүру керек» деп. Қажының (Әкесі Мұстафа қажы)  қызы болғандықтан, діннен әжептәуір хабары бар-тын.  Маған үнемі «Фатиха», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін ішіңнен қайталап жүр деп отыратын. Оған кезінде мән бердік пе? 

 Шындығында, тіл мен көз тию бар. Шариғатта расталған дүние. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Көз тию хақ» деген хадисі сахих. 

Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтанып қарап, содан оның ауырып қалғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) «Адамның бойынан жақсы бір қасиетті көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар» деген екен.  Сұқтаныңдар демеген...

Кеше ғана дүниеден өткен Бейсен бауырымды ойлағанда  «көз сұғы» да алып ұрған жоқ па деген көңіліме күдік кіреді. Қанша дегенмен сұқтанғандар аз емес қой оған да.

«Біздің бала кезімізде Торғай өңірінде көзі өткір бір кісі болыпты» деп бастайтын әжем әңгімесін. «Сұсты екен өзі. Ештеңеге сұқтана қарамауға тырысады. Ал сұқтанды ма, жануар да, адам да жалп етіп құлайды-мыс. Өзінің көзінен қорыққандықтан үнемі жерге қарап жүретін болыпты. Адамға тіктеп қарамайды. Сәбиге мүлде жоламайды.  Сол кісі бірде үлкен асқа барыпты. Сыңғырлаған әнші қыздың дауысына тәнті болып шыдай алмай «Мына керемет әнші кімнің қызы болды екен» деп сұқтанып қарап қалады.

 Содан әлгі қыз сырқаттанып,  кейін дауысынан айырылып, үні мүлде шықпай қалған көрінеді.  Осы оқиғадан кейін әлгі кісі үйінен шықпай, шақырған жерге бармай дүниеден өтіпті» дейтін. Бәлкім аңыз,  бәлкім шындық. 

Бұл жерде айтқым келгені,  ел болғасын, жұрт болғасын түрлі адамдардың кездесуі әбден мүмкін. Біреудің көзі, біреудің тілі өткір дегендей. Жалпы, ел алдында жүрген азаматтар тіл мен көзден сақтанып жүргендері дұрыс.

Бір кездері жасындай жарқ еткен Бекзаттың да ғұмыры тым қысқа болды ғой.  Мәдина Ералиева апамыз да жарқ етті де, жоғалды. Көп қой айта берсек!

Мысалы, ақын Иса Байзақовтың «Құралай сұлуында» «бір тойда дуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» дейтін өлең жолдары кездеседі.

 Ал Кенесары туралы жазылған бір шығармада «кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда өтті зәрі» деп жазылғанын кездестіреміз. Тіл-көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі. Қазақ жақсы адамға, сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті, адамның дәулеті мен атақ-абыройына да көз тиюі мүмкін деп ойлайды. «Тіл-сұқ тас жарады» деген сөз осыдан шықса керек.

Құранда «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына «Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер» деген өсиет айтқан екен. Мұны тәпсір ғалымдар «Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін деген ниетпен пайғамбар солай айтқан» деп түсіндіреді. 

Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұға оқуы керек. Мысалы, үйден шыққан кезде «Аят әл-курси», «Фатиха», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін оқуы шарт. Бұл сүрелерді ішінен оқып жүрсе, адамға тіл-көз тимейді деген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері барын естен шығармайық.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1162
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7210
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11072
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7275
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7422