Тіл үйрету – ойды тәрбиелеу өнері

Тіл үйрету – ойды тәрбиелеу өнері

Жаңаөзен қаласының №15 орта мектебінде 38 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Света Аяпбергенқызы Есмағамбетова – өз ісіне адалдық пен ізденісті серік еткен тәжірибелі педагог. Ол кісінің сабағына қатысқан әрбір адам тіл үйретудің тек грамматикалық жүйе емес, ойды тәрбиелеу өнері екенін аңғарар еді.

Света Аяпбергенқызының пікірінше, тіл пәнін оқытудағы басты мақсат – баланың коммуникативтік қабілетін жетілдіру. Оқушылардың еркін сөйлеуі мен ойын анық жеткізе білуі оның әдістемелік жұмысының өзегіне айналған. Өзінің «Тілді меңгеру – мәдениетті меңгеру» деген ұстанымына берік ұстаз әр сабағын оқушының өмірлік дағдысын қалыптастыру алаңы ретінде құрады.

Ол сабақтарында жаңашыл педагог Евгений Ильиннің әдісін қолданады. Мұнда оқушы белсенділігін арттыру мен еркін пікір алмасу мәдениетін дамытуға баса көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, ұстаздың «Оқушылардың зерттеу қызметінің негіздері» атты авторлық факультативтік бағдарламасы бүгінде мектеп тәжірибесіне енгізілген. Бұл курс 7-сынып оқушыларының зерттеушілік ойлау қабілетін қалыптастыруға бағытталған.

Орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында сын тұрғысынан ойлау стратегиялары, проблемалық оқыту тәсілдері жиі қолданылады екен. Осындай әдістер нәтижесінде оқушылар салыстыруға, талдау жасауға, өз көзқарасын дәлелдеуге үйренеді. Ұстаздың айтуынша, сабақта ең маңыздысы – оқушының өз ойын ашық білдіруі және әрдайым дәлелмен сөйлеуі.

Света Аяпбергенқызы қазіргі білім беру жүйесінің негізгі бағыты функционалдық сауаттылық пен зерттеушілік қабілет екенін жақсы түсінеді. Бұл бағыттағы еңбегі жеміссіз емес. Оның шәкірттері түрлі ғылыми жобалар байқауында биік белестерді бағындырып келеді. 2023 жылы екі оқушысы республикалық «Зерде» байқауында І орынды иеленсе, 2025 жылы тағы екеуі ІІ орынға ие болған. Енді бір шәкірті ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінде арнайы сертификатпен марапатталған.

Ұстаз үшін шәкіртінің бағасы емес, оның дамуы маңызды. Сол себепті бұл кісі өз сабақтарында қалыптастырушы бағалауды, кері байланыс пен критерийлік жүйені ұтымды қолданады. Бұл тәсілдер оқушының өз күшіне сенуіне, өз жұмысын саралай білуіне жол ашады.

Пандемия жылдары қашықтан оқыту кезеңінде де педагог жаңа жағдайға тез бейімделді. BilimLand, Daryn.Online платформаларын пайдаланып, «Аударылған сынып» әдісін тиімді қолданды. Оқушылар жаңа тақырыппен үйде танысып, онлайн сабақта талқылаған. Мұндай тәжірибе олардың дербестігін арттырып, өздігінен білім алуға ынталандырған.

Бүгінде ұстаз білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу бағытында да белсенді ізденіс үстінде. Ол болашақта жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарлауға, бағалау мен рефлексия үдерісін жеңілдетуге пайдалануды көздейді. Технологияның дамуы ұстаз еңбегін алмастыра алмаса да, шығармашылық мүмкіндігін кеңейтетініне сенімді.

Света Аяпбергенқызы кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. «Өрлеу» мен ЦПМ курстарынан тұрақты өтіп, соңғы жылдары «Отпан» тірек мектептер желісі жобасы аясындағы арнайы бағдарламаны тамамдаған. Бұл курс оның кәсіби көзқарасын кеңейтіп, мәтінмен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгеруіне жол ашты.

Әріптестері оны сабырлы мінезі мен талапшылдығы үшін құрметтейді. Шәкірттері ұстаздарын үлгі тұтып, көпшілігі дәл осы кісідей педагог болуды армандайды.

Ұстаздық жол – жауапкершілігі зор, жүрек қалауынсыз жүзеге асуы екіталай іс. Света Аяпбергенқызы осы жолда адал еңбегімен, балаға деген шынайы мейірімімен дараланып келеді. Ол үшін әр шәкірт – жаңа әлем, әр сабақ – жаңалыққа бастайтын мүмкіндік.

Қырық жылға жуық еңбек жолында жинақтаған білімі мен өмірлік ұстанымы оның әр сөзінен, әр ісінен көрініс тапқан. Света Аяпбергенқызының еңбегі – ұрпаққа бағыт берер шамшырақ, шәкірт жүрегінде ұмытылмас із қалдырған ұстаздың өмір мектебі. Осындай ұлағатты жанның ортамызда жүргені де мақтаныш!

 

Жанкелді Қаржан,

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

 

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19946
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19762
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34918
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33475
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37288