Еліміз аграрлы ел болғандықтан, ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту арқылы өзімізді ет өнімдерімен толық қамтып, болашақта оны экспортқа шығару міндеті алға қойылған. Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында ірі-ірі шаруашылықтар құрылып, осы іспен айналысып келеді.
Солардың бірі – «Бірлік» шаруа қожалығы. Бірнеше жыл бұрын бұл қожалыққа 3000 басқа арналған мал бордақылау кешенін салу үшін Қаратөбе ауылдық округі аумағынан жер бөлінді. Содан қаладан шыға беріс тұста заманауи үлгідегі мал бордақылау кешені бой көтерді. Бүгінде кешенде шаруалар сиыр және жылқы малын ұстайды.
Жуырда аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов осы шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Қожалық төрағасы Жаңабек Сұлтанбековпен жүздесіп, кешенді, оның ішінде мал тұратын орындарды, бордақылау алаңын, жемшөп сақталатын қоймаларды аралап көріп, жоба-жоспарларына құлақ түрді.
Мемлекет аграрлық саланы дамытуға арналған инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды шаруалар үшін дайындағаны белгілі. Субсидия, лизингке техникалар алудың арқасында шаруасын шалқытып, тірлігін түзеген Жаңабек аға басшылық ететін мүйізді ірі қара мен уақ мал өсірумен айналысатын қожалықтың табысты тірлігі – осының бір көрінісі.
Қожалық төрағасы мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы мен мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізу мақсатында мемлекеттен 45 миллион, мал алу үшін 33 миллион, фермаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 48 миллион теңге несиені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алғанын алға тартады. Бұны біз шаруаның мәслихат хатшысына айтқан әңгімесінен білдік.
Он шақты адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық иелігінде техника жоқ емес. Екі «Беларусь» тракторының бірі лизинг арқылы алынса, тіркемесімен бірге «Урал» жүк көлігі, шөп оратын, тайлайтын, дәнді дақылдарды жемшөп үшін уақтап, турайтын және өзге де бірқатар техника бұрыннан бар. Қыстың қамын жазда ойлаған қожалық шаруалары жемшөпті жинауға мықтап ден қойған. Қазірдің өзінде қожалық базында 30 мың түк көпжылдық шөп, 20 мың түк сабан шөп, 50 тонна бидай, 150 тонна арпа жиналып тұр.