Биылғы жылы ағын су пайдалану маусымында «Талас» өзенінде су мөлшері аз болғандығы белгілі. Аудандағы каналдарға жөндеу жұмыстарының жүруінің салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарын суғару үшін ағын судың жетіспеушілігі де өзекті мәселе болды. Енді күз мезгілінде «Талас» өзені арқылы жіберіліп жатқан суды тиімді пайдаланып, ауыл, ауылдық округтердегі көлдер мен тоғандарды толтыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Осы мақсатта, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов мердігер «ҚазАтакентҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аталған серіктестік жоба бойынша 19,46 шақырымдық «Белходжа» каналының 15,0 шақырымын, жоба бойынша 28,35 шақырымды құрайтын «Өтеміс» каналының 3,3 шақырымына бетондау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында каналдарға қатысты «Қазсушар» РМК Байзақ аудандық бөлімшесінің инженері Мұхаметжан Тәжібаев, мердігер өкілі, техникалық директоры Қырғызалы Данияров атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Өз кезегінде аудан әкімі каналды бетондау барысына байланысты кейбір мәселелер жөнінде сала мамандарымен ой бөлісіп, тиісті сала орынбасарына нақты тапсырмалар жүктеді.