Түркістан облысында соңғы жылдары омарташылық кәсібі жанданып келеді. Өңірде бұл кәсіптің кең етек жаюына бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауы ерекше серпін бергені сөзсіз. Соның нәтижесінде бүгінде Түркістан облысында омарташылардың қатары көбейіп, бұл кәсіптің иелерінің ісі алға ілгерілеп келеді. М.Айтымбетов атаулы әлеуметтік көмек алмай тұрып, бұл ісін өрге домалата алмаған. Яғни омарташылыққа қажетті құрал-саймандарды түгелдеуге шамасы жетпепті. «2019 жылы отбасымызға береке кірді» дейді ол шаттанып. Үкіметтен 9 балаға атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 1 млн 498 мың теңге қаржы берілген. Осы қаржыға ол бал өндіретін диірмен, омарта жәшіктерін, көшіруге арнайы тіркеме сатып алыпты.
«Біз ауылдағы үлкен отбасы саналамыз. Жанұямызда 11 жанбыз. Алланың берген 9 ұл-қызы бар. Солардың несібесіне 2019 жылы үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Құжатты дер кезінде дайындап, жергілікті әкімдікке өткіздік. Көп ұзамай үлкен қаржыға қол жеткізіп, өзімнің шаруашылығыма қажетті бар керек-жарақты сатып алдым. Бүгінде соның арқасында балдың 10 түрін өндіріп жатырмыз», – дейді Мәлік Айтымбетов.
Әйелі Нағима Айтымбетова алтын алқа иегері. Жуырда ғана ол бала күтімінен босап, бір мекемеге тазалаушы боп орналасыпты. Айлық жалақысы – 40 мың теңгені құрайды. Омарташылықты кәсіп еткен отбасының үлкендері Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнында оқиды. Олардың ендігі армандары – омарташылықты кеңейтіп, бал арасы орналасқан тіркемелерді таситын жүк көлігін сатып алу.