2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» аясында беріліп жатқан қайтарымсыз грант қаражаты әлуметтік осал топқа жататындар, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналардың шағын кәсіп ашып, табысын арттыруға үлкен қолдау болып жатыр.
Қайтарымсыз грант алып, қоғамда сұранысқа ие тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырып отырған жандардың бірі – тоғызкенттік Жамила Жорабекқызы.
Отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған Дүйсенбиева Жамила Жорабекқызы биыл мемлекеттік қолдауға ие болды. Қайтарымсыз грант алып, үйінен жеке тігін цехын ашты.
Қаржыға тігін машинасын, қажетті материалдар сатып алып, ауыл тұрғындарының тапсырыстарын қабылдап, киім қысқартып, құрақ көрпеше, көрпе т.б. бұйымдарды тігіп, халықтың алғысына бөленіп отырған жайы бар.
- Бұл мен үшін жаныма жақын мамандық. Тігіншілікке бала күнімде қызығушылық болса, бүгінде кәсібіме айналды. Алысқа ұзамай-ақ, үйде отырып нәсібімді тауып отырмын. Тұтынушыларымның алғысын арқалап келемін. Осындай мүмкіндік жасап, көмек көрсеткені үшін мемлекетке алғысым шексіз - дейді тоғызкенттік тігінші.
«Қолы қимылдағанға кедейлік жоқ» демекші, осылайша кәсіпкер ана үйде отырып-ақ инесін сабақтап отыр.