Жуырда Португалия елінің астанасы Лиссабон қаласында дзюдо күресінен өткен әлем чемпионатына Төлеби ауданының палуаны Мәди Нәбиев қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Осы байрақты бәсекеде мықтылығын әлем алдында мойындатқан палуанға жерлестері құрмет-қошемет көрсетіп, аудан орталығындағы стадионда арнайы кездесу ұйымдастырды.
Стадионға аудан тұрғындары, жанкүйерлер жиналып, аудан абыройын асқақтатқан спортшыға құрмет көрсетті. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қатысып, палуанды жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. «Мәди бауырымыз 2017 жылы самбодан әлем чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақша күрестен, самбодан және дзюдодан бірнеше дүркін республика, облыс чемпионы. Қазақша күрестен 3 дүркін Төлеби ауданының түйе палуаны. Байрақты бәсекелерде аудан абыройын асқақтатқан спортшымыздың жеңісі жерлестерімізге қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта да спорт саласында жетістікке жетіп, еліміздің мерейін үстем етеді деп сенім артамыз», – деді арнайы сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы.
Шара соңында Мәди Нәбиевке аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының атынан ат мінгізіліп, шапан жабылды. Балуан өз кезегінде өзіне жанкүйер болып, қолдау білдірген аудан халқына алғысын білдірді. Міне, спорт саласына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде Түркістан облысында, ондағы әрбір аудандарда үлкен нәтижеге қол жеткізген жағымды жаңалықтар легі көбейіп тұр. Нәтижелі көрсеткіштер мұнымен шектелмейді деген үлкен үміт те бар.