Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли: «17-і ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен саяси және әлеуметтік реформаларға қатысты қалың көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасынан көрсетіледі. Сұхбат 17 ақпан сағат 20:30-да эфирге шығады»,— деп хабарлады. Әлгі хабарламада: «Президент сұхбат барысында қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап береді», — делінген. Еске салсақ, Президент қаңтарда «Хабар24» арнасына сұхабат берген болатын. Сол кезде қалың көпшілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатты орыс тілінде бергенін сынға алған-ды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатты неліктен мемлекеттік тілде бермегенін түсіндіріп, келесі сұхбат міндетті түрде мемлекеттік тілде беріледі деп сендірген болатын. Президент сол сенім үдесінен шыққан сынды.