Қаңтар қырғынынан кейін қайғы-қасірет жамылған қазақ халқы 30 жылда ешқашанда үміт етпеген жарқын болашақты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды аңсай бастады, арман етті, оның болатынына сене бастады. Ең бастысы 30 жыл халқының бар байлығын тонаумен айналысқан Назарбаев және оның айналасындағы жемқорлардың, ақша үшін Отанын сатқандардың аренадан кеткеніне де сеніп, қуанып, шаттанып, рухтанған қоғам еркін тыныс ала бастағандай еді. Әлбетте, Назарбаевтың әне жерден бір, мына жерден бір жылт-жылт көрінгені көңілге күдік, кірбің ұялататын.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы норманы біржола жою жөнінде конституциялық заңға өзгерістер енгізгені ол күдігімізді сейілткендей еді. Кенет Қазақстан аспанында найзағай ойнап, күн күркірегендей болып, Назарбаев және оның бірнеше сыбайластары алшаң басып, аренаға шыға келді. Назарбаев астанадағы жаңа мешіттің ашылуына қатысып қана қоймай, көсіліп сөйледі. Әріптес бауырым айтқандай, бұл оқиға кенеттен «аруақтар пайда болғандай» еді. Ел аң-таң. Содан ба, әлде баяғы көнбістік пе, мешіттің ашылуына келген мыңдаған адамның бірде-біреуі шығып: «Шал, кет!» – деп айта алмады. Қасиетті мешітке қасиетсіз адамның келуі кімге де болмаса кері әсер етсе де, алдаспан ақиқатты айтатын бір ақсақалдың табылмауы өкінішті-ақ. «Хан емессің, қасқырсың...» деп күркіреп өткен Махамбеттер қайда?
Ол – ол ма, одан соң тағы бір елең етерлік оқиға елді тағы да есеңгіретті. Arasha.kz ақпараттық порталына сұхбат берген заңгер Абзал Құспан жоғарыда аталған заңның күшін жою туралы нормативтік-құқықтық актінің әлі де қабылданбағанын, оның Парламентте әлі де қабылданбағанын айтып жар салды. Мәссаған! Депутаттар бұл жөнінде ләм-мим демей рахаттанып демалып жүр. «Сенген қойым сен болсаңның» кері. Бұл сонда барлық сценарий Назарбаевтың ықпалымен жүріп тұрғаны ма?
Бәлкім... бәлкім Мәсімовтің қамалғаны, сотталып жатқаны да өтірік-лақап па? Себебі оның орынбасары Самат Әбіш атасының жанында бостандықта жүр деп жазды «Чиновник» телеграм арнасы. Қайрат Сатыбалды туралы да күдіктенесің... Себебі Бекболат Тілеухан шетелде жүріп біреулерді сотқа бермекші болып доңайбат көрсетіп жатыр. Үнсіз қалған Тимур Құлыбаев та «тіріліп», Мәсімовтен қалған екі кен орнын сатып алмақшы екен. Таң қалмай көріңіз! Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдыларды тұтқынға ұстау мерзімі неге қайта-қайта ұзартыла береді? «Өлім халінде жатқан» Болат Назарбаевтың денсаулығы аяқ астынан жақсарып кетіпті. Халықты қан қақсатқан Нұрбол Назарбаев туралы да неге үндемей қалдық? Жаңа Қазақстанның тағдырын шешіп жатқан ескі жүйе неге кетпей отыр? Күдік көп, осындай сұрақтар халықты мазалап тұр. Бұларға кім жауап береді? Кім? Мұнда бір гәп барын ел шулап айтып жатыр. Ол гәптің, біздіңше, бір-ақ шешімі бар. Тоқаев халыққа сүйену, сену керек. Бұл алпауыттар биліктен сонда аяқтарын тартады.