ТОҚСАННЫҢ ТОҚЫРАУЫНДА «ЕТІГІМЕН СУ КЕШКЕН» ЕР АНАЛАР

ТОҚСАННЫҢ ТОҚЫРАУЫНДА «ЕТІГІМЕН СУ КЕШКЕН» ЕР АНАЛАР
 
Бүгін бір жазбамды іздеп отырып, «Қара қобдиша» жайлы жазғанымды көріп қалдым. Оқып шығып, көзімнің жасын бір сығып алдым. Сол замандағы басымнан өткен қиыншылықты көз жасынсыз еске ала алмаймын. Осы қиын кез еске түссе, көз алдымнан кинотаспасындай зырлап өтіп, жанарыма еріксіз жас келеді.
Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Мерейлі жыл. Тәуелсіздік жылдары үлес қосқан небір тұлғалар жайлы жазылып жатыр, айтылып жатыр. ТВ көрсетеді, сұхбат алады. Күні ертең мадақтаймыз, марапаттаймыз.
Ал шынтуайтында, тарихтың ең бір қиын кезеңі тоқырау жылдары қазақтың жүздеген қарапайым қыз-келіншектері, аналары ауыр ала қаппен жүк арқалап, базардан нәпақа табамын, бала-шағамды асыраймын деп еңбек етіп, елді дағдарыстан шығаруға үлес қосып, тәуелсіздігіміздің нығаюына атсалысты.
Аязға тоңып, ыстыққа күйіп, рэкетпен де арпаласты. Бұл жайлы көп айтыла бермейді. Көзіммен көрген жан ретінде бәрі есімде.
Жұмыс жоқ, зіңгіттей жігіттер қылмыстық топтар құрып, рэкеттікпен айналысып, елді тәртіпсіздік жайлады. Тіпті құқық қорғау органдарының шамасы келмейтін. Өз басым талай тауар әкеліп жүріп, құқық қорғау, кеден саласы тарапынан қысым көріп, «таяқ жедім». Алақанына салмасаң, тауарыңды бермей, зықыңды шығаратын.
Беретін сомасын қағазға жазып көрсететін.
Базар аралаған рэкет дегенге беретінің тағы бар.
Тіпті қыз бала болғандықтан, «басқаша» ойларын да айтатын. Алла сақтап, әйтеуір сол бір қиын заманнан аман-есен өткеніме бүгінде шүкіршілік етемін. Талай қыздың обалына қалған оқиғалар да есімде.
Жұмыссыз қалған ер-азаматтар шарасыздықтан маскүнемдікке салынды. Көп отбасылардың ырысы мен берекесі ыдырап, қоғам әлеуметтік жарылыстың сәл-ақ алдында тұрды. Сол рухани тәрбиенің кемшіндігінің салқыны мен салдары бүгінгі ұрпаққа да тиіп отыр.
Ел басына күн туған осындай қиын-қыстау заманда «ерлеріміз емес», аналарымыз «етігімен су кешті». Аналарымыз бала-шағасы үшін қандай да болсын қиындыққа шыдап, онсыз да тұралап жатқан мемлекетке қол жаймай, тығырықтан шығудың жолын өздері тапты.
Жеңдерін түріп, ала қап арқалаған аналарымыз жер-жерде, тіпті шетел асып, тауар тасымалдап, сауда-саттықпен айналысты.
Осылайша өздерін жұмыспен қамтып, елдегі тауар тапшылығын жойып, бала-шағасын асырап, ел экономикасының тұрақтануына ықпал етіп, елді дағдарыстан аман алып қалды.
Мемлекетіміз ала қап арқалаған аналардың төзімділігі мен табандылығының арқасында ауыр дағдарыстан аман өтті, Үкіметке салық төлеу арқылы мемлекет бюджетін толтырды. Тіпті, әкімдерді, полицияны, кедендегілерді, өрт сөндірушілер мен СЭС мамандарын, тіпті рэкеттерге дейін асырады. Бұл шындық!
Бүгінгі жастар ала қап арқалаған аналарымыздың жасаған ерлігін, жанқиярлық әрекетін ұмытпауы тиіс.
Ресми емес деректерге сүйенсек, 90-жылдары елімізде 2 миллионнан астам қыз-келіншек шетелден тауар әкеліп, сауда-саттықпен айналысқан екен.Қанша әйел тауар тасып жүріп, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғаны жайлы, шекарадан өтіп, шетел асқан кезде ұры-қары, рэкетке тоналып, полиция, кеден тарапынан қысым көргені, олардан зардап шеккені жайлы ешқандай дерек жоқ, бұл жайында құзырлы органдар айтып та бере алмайды.
Тіпті суыққа тоңбау үшін спиртті ішімдік ішіп тұратын кейбір әйелдердің әрі қарай тағдыры қалай болғаны жайлы да дерек жоқ.
Нәзік жанды әйел баласына зіл батпан болатын, қап-қап, жәшік-жәшік тауар әкелу – оңай шаруа емес. Оның үстіне 35-40 градус сықырлаған сары аяз бен аптап ыстықта базарда тұрып сату жеңіл іс емес. Басымнан өтіп, көзіммен көрген соң айтып отырмын. Бұл адамның денсаулығына әсер ететін жағдайлар.
Бірге сауда істеген қыз-келіншектердің біразы ішкі құрылыстарына ота жасалып, өмірден жастай өтіп кетсе, кейбірі мүгедек, көбі бүгінде денсаулықтары әлсіз.
Ала қап арқалаған аналардың осы бір әрекетін батырлық балауға болады, бұл – мыңдаған отбасының басынан өткен ұмытылмас тарих. Сондықтан ақ қар, көк мұзда, аптап ыстықта тұрып, отбасын асыраған аналарды ардақтауымыз керек.
Тәуелсіздігіміздің өркендеуіне еңбек еткен тұлғалар деп жастарды марапаттап жатамыз. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына атсалысқан нағыз тұлғалар – алақап арқалаған, қарапайым аналарымыздың бар екенін ұмытып кетеміз.
Тоқырау жылдары кәсіптен нәсіп табамын деген сонау 90-жылдардағы қыз-келіншектер бүгінде 50-60 жас аралығындағы аналарымыз. Бүгінде сол бір «тоқырау заманының аналарының» қажыр-қайратын, төзімділігін лайықты бағалау керекпіз.
Сол қиындықты бастан кешкен қарапайым аналарды «жылы-жұмсақ» орынтақта отырған әйелдермен теңестірмеуміз керек. Денсаулығын сонау 90-жылдары қара базарда қалдырып, бүгінде «шықпа жаным шықпамен» жүрген бұл аналарымыз үшін бала туу – бір ерлік болса, ел дағдарысқа ұшыраған заманда отбасын асырау тізгінін қолға алып, осы бір батылдығымен, өз отбасын ғана асырап қоймай, ел экономикасының дамуына да қосқан үлесін – екінші батырлығы деуге болады.
Ананы құрметтесек, аналарымыздың зейнет жасын 55 жас етіп қайтарғанымыз жөн.
Қазақ әйелінің образы кең. Ол - батыр, ол - ардақты ана, ол - аяулы жар, ол - ұлтты сақтаушы, ол - отбасының ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші.
Тоқсанның тоқырауында елді алға сүйреп, ала дорба арқалап, отбасын асыраған аналарымыздың бастан кешкен қиын оқиғалары төңірегінде кино түсіріп, жазушыларымыз кітап жазып, театрларда түрлі қойылымдар қойса, бүгінгі жастарға, жас аналарға үлгі-өнеге болар еді. Бұл біздің тарихымыз.
«Өткенді білмей, болашағымыз жарқын болмайтынын» ешқашан ұмытпайымыз керек.
Бәлкім, осындай жанкешті қарапайым әйел-аналарымыздың үлгі-өнегесі арқылы, қоғамда шиеленіскен «әйел-ана» мәселесі, адал еңбекті дәріптеу мәселесі оң шешімін табар ма еді?!
Сол қиын кезеңді суреттеген ақын Жұлдыз Тойбектің өлеңі.
АЛАҚАП
Алақап әйелді,
Алысқа бастайды.
Жеріне жеткенде,
Басына жастайды.
Шаштан көп әйелдің,
Бейнеті жалғанда.
Сүйенген қабына,
Жүре алмай қалғанда.
Қалды ма адасып,
Жол біткен тарады.
Арқада – алақап,
Теңселіп барады.
Бар ғалам әйелге,
Қарайды алқалап.
Әйелдік бейнетін,
Барады арқалап.
Суретте Тараздағы “Анаға тағзым” ескерткіші
Тұрар Саттарқызының Фб парақшасынан
21.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 51
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 34
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 161
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 161
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 305
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 305
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 525
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 476

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9180
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8579
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11807
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9576
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10786