ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ БОЙ КӨТЕРМЕК

 ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ БОЙ КӨТЕРМЕК

Бүгінде Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық берілуде. Өңірде жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып жатыр. «Түркістан Текстиль» серіктестігі қолға алған мақта-мата кластері соның бірегейі және еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ.

Бұл өндіріс кешенінің жалпы құны 86,5 млрд теңгені құрайды. Жобаны халықаралық деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор – Қытайдың «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр.

«Түркістан Текстиль» 2345 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Кешеннің өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады. Ол экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарады. Яғни жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болғалы тұр. 

Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобаның құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Ол жобаның экономикалық мән-маңызын атап өтті. Жауаптыларға тиісті жұмыстарды жедел әрі сапалы атқару тапсырылды.

– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы – мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді өңір басшысы.

«Turkistan Texteil» жобасы аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім өндіру, оларды ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген. Бұндай жүйе өңірдің ауылшаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібін тоғыстырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде облыстың ішкі жалпы өнімінің өсуіне, салық базасының кеңеюіне және жұмыссыздықтың төмендеуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана салынып жатыр. Олардың құрылысы таяу арада аяқталмақ. Бірінші кезеңнің өндірісін биыл іске қосу жоспарланған. Қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады.

Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ
18.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17815
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17669
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32855
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31425
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35096