Балалар қауіпсіздігі әрдайым күн тәртібінен түспейтін тақырып қой. Мемлекетіміз, Үкіметіміз де бұл тақырыпқа жиі оралып, заңдарын, қаулыларын бұрқыратып шығарып жатыр. Қаншама қоғамдық ұйымдар бар, осы мәселені көтеріп, жанашыр болып жатқан. Бірақ осы қамқорлықтар балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма? Әй, қайдам?.. Қазір жасөспірімдеріміз, балаларымыз қатігездік әлемінде «ойран» салып жатқанын күнделікті өмірімізден естіп, көріп, жағамызды ұстайтын оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Төбелес, ұрып-соғу, қорлау, тіптен өлтіру де бар. Айтуға ауызың бармайды, тілің жетпейді. Нағыз масқара!
Бұл сорақылықтар, қазігездіктер балаларымыздың жан дүниесіне қайдан келген? Әлбетте, ең алдымен олар ата-аналардың толыққанды тәрбиесін ала алмай отыр. Ұлттық салт-дәстүрлердің уызынан қанып ішпегендіктен де осындай тентектікке, қылмысқа барады. Мектеп, балабақшамыз да бұған игі әсерін тигізе алмай жатқаны белгілі. Қазіргі ең басты жау – ғаламтор. Осыдан сусындаған, уланған балалардың істемейтіні жоқ. Ең бастысы біздің қателігіміз – қараусыз қалған кішкентай адамдарды дұрыс иманды жолға сала алмаған қауқарсыздығымыз.
Міне, ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы көптен бері балаларымызды улап жатқан трендтер пайда болды. Шетелден, батыстан келіп, денеге тараған у сияқты тез арада әлжуаз балалардың жан дүниесін жаулап алады да, білгенін істейді. Өзіміздің балаларымыздың өмірін иеленіп, оларды тал түсте бізден тартып алады. Олар, әрине, өңмеңдеп келмейді. Күлкілі әуендер, бейнебаяндармен еліктіріп, күлдіріп келеді де, соңында бүлдіреді. Тик-токты ашсаңыз, «Tralalero tralalа» сынды аса қауіпті тренд біздің елімізге баса-көктеп кіріп, балаларымызды жаулап жатыр. Алдымен олар италиялық акцентпен айтылып, жеп-жеңіл әзіл ретінде қабылданады. Ырғақ көңілді көрінгенімен, оның астарында терең және қауіпті мағына бұғып жатыр. Бәлкім ол сиқырлы да болуы әбден мүмкін. Ойдан шығарылған кейіпкер көк красовки киген үш аяқты акуланың істемейтіні жоқ. Түпнұсқа бейнебаянда италия тіліндегі абсурд мәтін, ұрпақ санасын жаралайтын, зиянын тигізетін сөздер мен күңгірт мәндер жасырылған. Мәселен «Tralalero tralalа porko DIoeporeo Allah» деген мәтіннің қазақша аудармасы – «Тралалель тралала шошқа құдайы және шошқа Алла». Бұл не деген масқара?! Қасиетті дінімізді, Алламызды қорлайтындай олар кімдер? Мұсылман әлемі неге үнсіз жатыр? Мұны шығарғандарды соттау керек!
Иә, бұл жәй ғана ән емес, адам санасын баяу түрде жаулап алатын у десе болады. Іші толы былапыт сөздер. Зорлық-зомбылыққа толы әуен сөзі соғысты да насихаттайды. Ең сұмдығы бала психикасына, миына бірден әсер етеді. Жасөспірімдердің ойлау қабілетін бұзып, оларды шынайы өмірден алыстатады. Осындай 1,5 миллионнан аса бейне-баян бүкіл әлемді елес сияқты кезіп жүр. Мұндай балалар өлуден де тайынбайды. Ағылған көліктердің арасына кіріп, табандарына жаншылу оларға түк емес.
Қадірлі ата-ана, бауырлар, балаларыңызды бақылауда ұстаңыздар. Телефонмен жеке қалдырмаңыздар. Әйтпесе… әйтпесе… Олар сіздерден балаларыңызды тартып алады. Одан Аллам сақтасын!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ