Т.Рысқұлов ауданында ризашылық пен мейірімділіктің мерекесі Алғыс айту күніне орай М.Өзбеков атындағы аудандық орталық мәдениет үйінде «Шын жүректен алғыс айтамын» атты мерекелік іс-шара өтті.
Шарада бас қосушылар 7 түрлі ұлттық тағамнан әзірленген. Алғыс дастарханынан дәм татып, өзбек, татар, түрік, ұйғыр, орыс және т.б ұлт өкілдері қазақ халқына алғыстарын білдіріп, қарым-қатынасты бекемдеу және құрмет көрсету мақсатында көпшілік бір-бірін дастархан басына шақырып, жүздесті.
Салтанатты шараның ашылуында барша өңір тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтаған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жыл сайын көктем мезгілінің осындай игілікті мейраммен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.
«Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.
Біздің өңірімізді мекен етіп отырған 13 тен астам түрлі ұлт өкілдері аудан өмірінің әр саласында айтарлықтай еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосуда.
Оның жарқын көрінісін ауданымыздың жыл өткен сайын дамуға бет алып, халықтың әл-ауқатының артқандығынан байқауға болады.
Бүгінде еліміз бүгінде әлемінің барлық елдерімен достық қарым-қатынаста, біз мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Себебі кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде» – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін ауданның барлық тұрғындарына алғыс айтты.
Сондай-ақ, ауданның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт және гүлденген өмір үшін өз алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, салтанатты жиында этностардың қоныстануы туралы тарихи мәліметтер арқау болған театрландырылған-сахналық қойылым көрсетіліп, аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.