Тұғыры биік тау тұлға

Тұғыры биік тау тұлға

Алматыдағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Орталық ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві және «Ғылым ордасының» ұйымдастыруымен ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қабылбек Сарымолдаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Түркі-қазақ болашағы үшін күрес және Қабылбек Сарымолдаев» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Орталық мемлекеттік архивтің, «Ғылым ордасының» қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, Қабылбек Сарымолдаевтың туыстары, Меркі ауданы әкімдігінің өкілдері және журналистер қатысты.

Конференция жұмысын Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай ашып, жүргізіп отырды.

– Қабылбек Сарымолдаев 1898 жылы 22 ақпанда Сырдария облысы, Әулиеата уезі, Қорағаты болысындағы Үйтал деген жерде дүниеге келген. 1912 жылы Меркідегі орыс-қырғыз училищесін бітіріп, одан  кейін Әулиеатадағы жоғары бастауыш училищесінде білім алған. 1916 жылы Ақкөз Қосанұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, Ақпан төңкерісінен кейін саяси істерге белсене араласады. 1917 жылдың жазына қарай Меркіде Тұрар Рысқұловпен бірге «Бұқара» (қазақ жастарының революциялық одағы) ұйымын құруға атсалысады. Түркістан өлкесін жайлаған алапат аштыққа қарсы күресте Тұрар Рысқұловпен бірге танылған. Ол кез келген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды, қай салада еңбек етсе де өзінің іскерлігін, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шеше алатын жаңашыл қайраткер екенін көрсете білді. Сондықтан да Қабылбек Сарымолдаевты дүрбелең кезде дүниеге келіп, бұғанасы ерте қатайған нағыз күрескер, ұлт жанашыры, шын мәнінде ұлықтап, құрметтеуге лайықты тұлға деп білеміз. 1937 жылы 26 маусымда «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1958 жылы 29 мамырда ақталды. Біздің осы еңбегіміз Қабылбек Сарымолдаевтың тұлғасын ғылыми тұрғыдан тану бағытында жасалған жұмыстардың бірі әрі қабылбектануға қосылған сүбелі үлес болар деген сенімдеміз, – деді Сәбит Қамытбекұлы.

Конференция жұмысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқудан басталды. Құттықтау хатты Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева табыстады.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің, Қазақстан Ғалымдар одағының, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Лейла Абубакированың, Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтың, «Жауғаш батыр Қырбасұлы» қоғамдық қорының төрағасы Өсімжан Омаровтың құттықтау хаттары табысталған соң, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Оразалы Сәбден, Меркі аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Байсейіт Жылысбаев құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияда Орталық мемлекеттік архивте даярланған «Қабылбек Сарымолдаев: құжаттары мен материалдар жинағы Кабулбек Сарымулдаев: сборник документов и материалов» атты жаңа жинақтың тұсауы кесілді.

Басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев «Халқы сүйген Қабылбек» атты баяндамасында Қ.Сарымолдаевтың шиеленіске толы өміріне жан-жақты тоқталды.

– «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының тарихы тәуелсіздік алған соң ғана әділ бағасы беріліп, бір жүйеге түсірілуде. Ал сол тарихқа үңіле түссек, халқымыз біртума таланттарға, жүрек жұтқан батырларға, елі үшін еңіреп өткен дарындарға бай екендігіне көзіміз анық жетеді. Көнені қоя тұрып, өткен ғасыр басындағы төңкерістерге бел шеше араласып, көпті соңына ілестіре білген, білім мен өнерге сүйреген, халық шаруашылығы қалыптастырып, елдің әл-ауқатын көтеруге сүбелі үлес қосқан арыстарымыз қаншама! Солардың қатарында ауызға алынатындардың бірі – Қабылбек Сарымолдаев.

Меркі жеріндегі кеңестік заманның алғашқы кезінде, жаңа мен ескі арпалысқан қиын сәттерде от жүректі, өткір тілді, жалынды күрескер Қабылбек Сарымолдаевтың басынан кешірген тағдыры шиеленіске толы болды. Қабылбек туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деген мемуарында былай деп жазады: «Қабылбектің тек ауызша айтқаныма сеніп, істеген жәрдем- көмегі жолымның оңалуына әсер етті.

Әулиеатаға келгенде Колчактан қашқан совдепші екендігіме күдіксіз дәлел боларлық жөнді қағаздарым жоқ еді. Және Әулиеатада мен танитын бірде-бір жан болмады. Сенбейін деген кісі «ақтардың кісісісің деп» сенбеуі мүмкін ғой. Қабылбек өйтпеді… Әулиеатаның ол басқарған үкіметі ондай топастық көрсетпеді…». Колчак агенттерінен қашып жүрген Сәкенді қолына мандат қағазын, қаржысын беріп, екі қоржын басын үгіт жобаларға толтырып, екі милиция қосып, қару- жарақпен қамтамасыз етіп, Ақмолаға аттандырады.

Қабылбек Сарымолдаев ой қабілетінің кемеліне келген шағында 1938 жылы 40 жасында жазықсыз ауыр жазаға тартылды. Осылайша халқын жанындай сүйетін Қабылбектің жалынды күрескер ретінде көзі жұмылғанға дейін елім деп соққан жүрегі бір бәсеңсіген жоқ. Оның өнегелі өмірін, тағдыршешті ісін келер ұрпақ еш уақытта ұмытпақ емес. Сол себепті әйгілі қайраткердің есімі Жамбыл облысы Меркі ауданындағы өзі туып-өскен «Ойтал» бөлімшесіндегі мектепке берілді. Азғантай ауыл ортасындағы еңселі мектеп үйінен ардагер ағаның есімі талып естілгендей болады. Бұл талай тар кезеңдер мен тайғақ кешулерде мерт болған, елі үшін еңіреп, жанын пида еткен ер азаматтардың жалғасқан ғұмыры іспетті, – деді Намазалы Омашұлы.

Жазушы, журналист, облыстың мемлекеттік архивінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы «Бұқара одағы» және Қабылбек Сарымолдаев» атты баяндамасында мынадай мәліметтерге тоқталып өтті:

– Тұрар Рысқұлов Меркіде 1917 жылы наурыз айында қазақ- қырғыз жастарының «Бұқара» атты революциялық одағын ұйымдастырды. Одақ шын мәнінде 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Меркі өңіріндегі негізгі саяси күшке айналды. Бұл қазақ жеріндегі жастардың ең алғашқы революциялық саяси одағы болатын. Одақ Тұрар Рысқұловтың ғана емес, оған мүше болған барша жастардың шын мәнінде шыңдалу мектебі болды. Оны құруда ең белсенділік танытқан азаматтардың бірі – Қабылбек Сарымолдаев болды. Тұрар Рысқұловпен қоян-қолтық араласа отырып, «Бұқара» жастар одағының өміршең болуына негіз қалады. «Бұқара» революциялық одағы мүшелерінің басым көпшілігі 1937-1938 жылдары саяси қуғын- сүргіннің кезінде атылды, сотталды, жер аударылды. Бір қуаныштысы, олардың барлығы кейін ақталып, еңбектеріне қарай құрмет көрсетілді. Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айдын Базилов ғылыми конференцияда жасаған «Қазақстандағы ашаршылыққа қарсы күрес және Қ.Сарымолдаев» атты баяндамасында ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары қалайда отаршылықтан құтылу, езілген халықты теңдікке шақырып, жаңа қоғам орнату үшін өз өмірлерін қатерге тіккеніне, сондай тұлғалардың бірі – Қабылбек Сарымолдаев болғанына тоқталды.

– Ол Әулиеата уезінде ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан, кейіннен кеңестік жүйеде жұмыс істеп, үлкен лауазымды қызметтер атқарып, еліміздің экономикалық- әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосты. Қабылбек Сарымолдаев саяси өмірге Меркідегі төрт жылдық орыс-түзем мектебінде оқып жүргенде-ақ араласты. Қабылбек Сарымолдаев пен Тұрар Рысқұлов мектепте бірге оқып, өз халқының болашағы үшін ауыр да азапты, арпалысқа толы күрес жолына түсті. 1917-1918 жылдардағы орын алған ашаршылыққа қарсы күресте қазақ қайраткерлерінің ішінен Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев бұл істі мемлекеттік деңгейде көтеріп, нақты іс-шаралар қолданды. Аштықтан ісіп-кепкен талай азаматтарды ажал тырнағынан алып қалған осы Тұрар, Қабылбек сынды азаматтардың еңбегі екенін білуге тиіспіз. «Оны қызметтес достары «ұлы экономист» деп атады, ол өз еліне көп қызмет етті, халқы да оған адал болып қалды. 20 жасында Азық-түлік комиссиясы төрағасының орынбасары болып, халықты азық- түлікпен қамтамасыз етіп, аштықтан құтқаруға күш салды. Тараз қаласында революциядан кейінгі жылдарда-ақ шағын балалар үйін ашып, үйсіз-күйсіз балаларды жиған екен. Қазір ол балалар үйі Қабылбек Сарымолдаев атымен аталады», деп жазды қызы Зульфия Сарымолдаева өзінің «Думы об отце» деген мақаласында, – деді баяндамашы.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай «Қабылбек Сарымолдаевтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі», Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев «Қабылбек Сарымолдаевтың тергеу материалдары не дейді?», тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Дина Аманжолова «Судьба К.Сарымулдаева в контексте советского нациестроительства», зерттеуші-ғалым, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, қабылбектанушы Мұхтар Қазыбек «Қабылбек Сарымолдаев публицистикасындағы халық шаруашылығының өзекті мәселелері», Президент архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов «Қабылбек Сарымолдаевтың қылмыстық ісіне тігілген материалдар», Орталық мемлекеттік архивтің Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекшісі Зирабүбі Төленова «Қайраткер Қ.Сарымолдаевтың өмірі мен қызметінің Әулиеата кезеңі» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Конференция жұмысын қорытындылаған Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай бүгінде Қабылбек Сарымолдаевтың тұлғалық қасиеттері мен қайраткерлік деңгейі жан-жақты ашылғанын айтып, бірақ оған қатысты құжаттардың көпшілігі әлі де архив қойнауында сыр бүгіп жатқандықтан, қабылбектану әлі де жалғаса беретініне сенім білдірді.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП, Ақ жол газеті
20.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 103
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 115
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 344
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 345
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 576
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 519

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9223
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8619
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11845
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9615
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10828