Мәжіліс өткен жылдың аяқ шенінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын қарауға алған еді. Аталған заң жобасы республикалық референдум қорытындылары бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленген Онда 2022 жылдың 8-і маусымындағы Заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата Заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған байланысты, бұл заң жобасымен құқықтық негіздің жоқтығын ескере отырып, тиісті Конституциялық заңның күшін жою көзделеді. Кулуарда аталған құжат жөнінде пікір білдірген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Тұңғыш президент туралы заңның күші жойылса, онда аталған заңда қарастырылған бүкіл иммунитет жойылып, оның күші болмайды»,— деді.