Тұрғын үй саласында өзгерістер орын алады

Тұрғын үй саласында  өзгерістер орын алады

Қазақстан – құрылыс саласын дамытуда жақсы нәтижелер көрсетіп келе жатқан ел. Қазіргі таңда жаңадан салынып жатқан құрылыстардың көлемі жыл сайын артып келеді. Негізінде бұл саланы тереңдей дамыту, жүйелі түрде жұмыстар жүргізу мәселесі мемлекеттік саясаттың бір тармағы ретінде назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауының «ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ» атты бөлігінде бірқатар маңызды міндеттерді атап өткен еді. Мұнда «Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие.  Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6  пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп. Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын», –  деген болатын.

Жалпы құрылыс саласында біздің еліміз белгілі жетістіктерге жеткен ел. Мұнда Алматы, Астана, Шымкент сынды мегаполистердегі құрылыс саласының дамуы көрнекті нәтижелерді көрсетіп отыр. Мұнан қалса Ақтөбе қаласында да өзгерістер көп деуге болады. Тәуелсіздіктен бері қарайғы уақытта Қазақстан құрылыс саласын дамытудың өзіндік стратегиялық жоспарларын әзірлеп, құрылыстың жаңа технологияларын дамыту озық технологияларды енгізу, сапалы материалдарды пайдалану және өндіру істері бойынша жақсы жетістіктерге жете білді. Соның арқасында Астана қаласы әлемдік деңгейдегі сәулет өнерінің жинақталған орталығына айналды десек, артық айтқандық болмас еді.

Бұлар ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз деуге болады. Дегенмен осы барыста Үкіметтің түрлі бағдарламаларын айналып өтуге болмайды. Мұнда қала тұрғындарын, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылды. «7-20-25 бағдарламасы», «Нұрлы жер» – көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламасы» қатарлы жобаларды айта кеткен жөн. Мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асырылған осындай бағдарламалар еліміздің құрылыс саласын дамытуға серпін берсе, екінші жағынан көптеген отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілулеріне мұрындық болды. Бұл ары қарай да жалғаса бермек. Осындай жетістіктердің көрсеткіші ретінде ел тәуелсіздігінің 30 жылында 180 миллион шаршы метрден астам үй салынып, 1,5 млн азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз етілген екен. Онан бері өткен үш жылда бұл көрсеткіш жалғасты жоғарылап келе жатқандығы белгілі. 

Дегенмен құрылыс саласын дамыту мәселесі ірі мегаполистермен ғана шектеліп қалмайтындығын айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы жақында Атыруада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде құрылыс саласы туралы мына мәселені ортаға салды.

«Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», – деп атап өтті Президент. 

Бұл дегеніміз алдағы уақытта  аудан орталықтары мен ауылдарда да құрылыс саласы қарқын алады деген сөз. Барлығы ойдағыдай болатын болса, сұрқы қашқан «Хрущевкалардан» құтылатын күн де алыс емес деген сөз. 

Қазақстандағы құрылыс саласының даму жағдайы мен тенденциялары туралы сөз болғанда халықаралық Business Monitor International (BMI) орталығы 2023 жылы жариялаған бір болжамында «Қазақстанның құрылыс индустриясы алдағы бес жылда жақсы көрсеткіштерге жетеді» деп жазыпты. Мұнда еліміздің әртараптандырылған маңызды жобалары туралы тоқталған сарапшылар энергетика, коммуналдық шаруашылық, көлік, тұрғын үй және тұрғын емес құрылыс жобалары жеке-жеке дамиды деп болжаған. Аталмыш орталық өз болжамдарын жасағанда мынадай деректерге сүйенген екен.

«2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі бір жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті, ал құрылыс индустриясының өсу қарқыны 9,2%-ды құрады. 2022 жылдың тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанда құрылыс индустриясымен айналысатын 50 300 компания бар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға өскен. Бұл кәсіпорындар Қазақстандағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 13,3%-ын құрайды, бұл нақты экономикадағы кәсіпорындардың жалпы санының 41,9%-ына тең.

Құрылыс саласы экономикалық өсуді және нақты саланың дағдарыстан шығуын тікелей немесе жанама түрде ынталандырды. Ол адамдардың тұрғын үйге және жұмысқа деген әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандырады, сонымен қатар барлық деңгейде коммерциялық қызметтің дамуына ықпал етеді.

BMI болжамдарына сәйкес, Қазақстанның құрылыс индустриясы көлік секторы мен тұрғын үй құрылысы индустриясының үздіксіз дамуының арқасында алдағы бес жылда күшті өсуді бастан кешіреді. Әсіресе, Қытайдың трансеуразиялық логистикалық мүмкіндіктерін жақсартуға инвестициялауынан және сәйкесінше күшті құрылымдық сұраныстан пайда алатын көлік, тұрғын үй және тұрғын үйге жатпайтын секторларда байқалады. Бұл болжамдар Қазақстанның құрылыс индустриясы алдағы бес жылда жақсы даму мүмкіндіктеріне жол ашатынын көрсетеді», – деген. 

Осы жерде шетелдік сарапшылардың болжамдарын ортаға салудағы негізгі мақсат – бұл айтылғандардың еліміздің халықаралық аренадағы имиджіне ықпал ететіндігін, сол арқылы қаржы- экономикалық салаға инвестициялар салуға жетелейтін факторлардың бірі екендігін ескерген жөн дегіміз келеді.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7085
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296