Құрылғанына енді ғана 3 жыл толатын «TURKISTAN» телеарнасы былтыр алғашқы кинотуындысын түсірген болатын. Комедиялық мелодрама жанрындағы «Кәріс келін» фильмі өмірдегі шынайы оқиғаға негізделген.
Фильмде Сәкен есімді түлкібастық жігіт пен Оңтүстік Кореялық Суджин Ли есімді қыздың арасындағы сырлы сезімге толы хикая баяндалады. Кореяда 5 жыл жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы Суджин Лиді қарашаңырағына келін етіп түсірген.
Бүгінде жас отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кинода Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткізген оқиғалары суреттелген. Тырнақалды туынды - екі жастың махаббат оқиғасы арқылы отбасы құндылықтарын, қазақы дәстүрлерді насихаттау мақсатында түсірілген. Сонымен қатар, жаңарған Түркістан қаласы және Түркістан облысының табиғатын көрерменге кеңінен көрсету.
Фильм сценарийін телеарна қызметкерлері бірлесе жазып шыққан. Бұл туынды телесериал ретінде түсірілген. Дегенмен көрермендер тарапынан сұраныс болғандықтан толық форматты фильм өңделіп, кинотеатрлардан да көрсету жоспарланып отыр. Басты рөлдерді Шымкент қаласы мен Түркістан облысының кәсіби актерлары сомдаған. Айта кетсек, фильм Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген.
«Кәріс келін» фильмі 1-31 наурыз аралығында Түркістан қаласындағы «PRIME CINEMA» және Шымкент қаласындағы «CINEMAX», «Pixel Cinema» кинотеатрларында көрсетілетін болады.