Түркістанда «Жемқорлықсыз болашақ» ұранымен 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен өткен ашық біріншілік аяқталды.
Спорттық шараға Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Сарыағаш, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандарынан келген 300-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қалалық «№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев құттықтап, арнайы алғыс хат пен кубоктарын табыстады.
- Үстел теннисі – пайдасы мол спорт. Ақыл-ойды сергітіп, мидың саулығын сақтайды. Шапшаңдық арқылы буындарға да жақсы әсер береді. Бұл спорт түріне жастардың қызығушылық танытып, сайысқа қатысып жатқанына қуаныштымын. Жас спортшыларға алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін, - деді Әнуар Сәрсенбаев.
Сайыс қорытындысы бойынша 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында Түркістан қаласы 8 медаль, Шымкент қаласы 15 медальды иеленсе, Қызылордалық спортшылар 4 медальды қанжығаға байлады. Сарыағаш қаласы, Созақ пен Сауран аудандары бір-бір жүлдені місе тұтты.