Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 шілде күні екі күнге жоспарланған ресми сапармен Түркияға барды. Бауырлас елден келген мәртебелі мейманды Ердоған мырза Анкара қаласындағы «Есенбұға» әуежайына өзі келіп қарсы алды. Ыстық ықыласты кездесуде Қазақстан Президенті ризашылығын білдірді.
– Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоспар бойынша 29 шілде күні мемлекет басшылары Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізу жоспарланған.
Қазақ елінің басшысының Түркиядағы ресми сапары Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесіне зиярат етуден басталды.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Түркиядағы іскер топ өкілдерімен де кездесу өткізді. Солардың арасында YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арслан, S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлин, Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлы, Orzax Group басқарма төрағасы Селман Алимоғлы қатарлы Түркияның жетекші кәсіпорындарының басшылары бар. Бұл кездесулерде екі жақтылы инвестиция салу, ортақ жобаларды іске асыру жайы кеңінен талқыға салынды.
Сапардың келесі күн тәртібінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған келіссөз жүргізді. Келіссөз аясында Президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Мемлекет басшысының бұл сапарының басты мақсаты Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізу болғаны белгілі. Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құрметті Президент мырза, Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Енді жиналыста сөз болған және болашаққа бағдар болатын жобаларды түйіндей кетейік.
Екі тарап тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласын дамытуға уағдаласты. Бұл тақырыпқа тоқталғанда Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
Бұдан бөлек Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады.
Келесі бір маңызды тақырып ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты онан ары дамыту жайында болды. Бұл мәселеде Қазақстаннан Түркияға экспортталатын тауарлардың үлесі зор екені белгілі.
Кездесуде екі ел арасында қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты.
Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.
Сапардың ойдағыдай өткені, барлық кездесулердің табыспен аяқталғаны белгілі болды. Ердоған мырза Қазақ елінің басшысына айрықша ілтипат көрсеткені ерекше көзге ұрып тұрғанын айта кету керек. Ердоған мырза Қасым-Жомарт Кемелұлына «Екінші Отаныңызға қош келдіңіз!» – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясын, сондай-ақ екі ел арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімі қабылданды. Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Өзара келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық кеңестің 5-ші отырысынан кейін Қазақстан мен Түркия Президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады.
Сонымен қатар жоғары деңгейлі кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ең жоғары наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды.
– Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы, – деді Мемлекет басшысы.