Бауырлас ел Түркияда ереуілге шыққан жұрттың дүбірі басылмай тұр. Стамбұл қаласының әкімі, кезінде Ата Түрік негізін қалаған Республикалық халық партиясының көшбасшыларының бірі Экрем Имамоғлының тұтқындалуына байланысты Түркияның 81 провинциясының 50-ден астам қаласында адамдар көшеге шығып, Экрем Имамоғлының босатылуын талап етіп, ереуілдетіп жатыр.
Экрем кімнің жолын кесті?
Өткен сәрсенбі күні (19 наурыз) таңертең полиция қызметкерлері, Парламент депутаттары және Республикалық халық партиясының (РХП) мүшелері бар 100-ден астам адаммен бірге Имамоғлының үйіне жасаған рейдтен кейін оны қамауға алған. Бұл оқиғаға байланысты Түркияның Әділет министрлігі Имамоғлыны «қылмыстық ұйымның» басшысы деп айыптап, оның тыйым салынған Күрд жұмысшы партиясымен (КЖП) байланысы бар екенін және «террористік ұйымға көмектесті» деген күдігін жария етті. Сонымен қатар, ол және тағы 99 айыпталушы «пара алу, бопсалау, жымқыру, аса ауыр алаяқтық және пайда табу мақсатында жеке мәліметтерді заңсыз алу» бабы бойынша айыптауға ілінген.
РХП – Түркиядағы оппозициялық партия. 2003-2014 жылдары Түркия Премьер-министрі, 2014 жылдан бері Түркия Президенті және «Әділет және даму» партиясының жетекшісі ретінде елді басқарып келе жатқан Режеп Тайып Ердоғанды «диктатор» деп ашық сынаған Экрем Имамоғлы, былайғы жұрттың назарында Президенттің басты қарсыласы саналған еді. Деректерге қарағанда, Республикалық халық партиясы Экрем Имамоғлыны 23 наурыз күні 2028 жылы өтетін Президент сайлауына үміткер ретінде көрсетуді жоспарлап отырған екен. Экрем тұтқындалып кеткенімен, оның жақтастары болашақ Президенттікке үміткер ретінде көрсетеміз деген райларынан қайтпай отырған көрінеді.
Түркиядағы танымал саясаткердің қамауға алынуы соңғы он жылдан бергі уақыттағы ең ірі халықтық толқуларға ұласып жатыр. Наразылық акциялары астана Анкара мен батыстағы Измир сияқты ірі қалаларда ұлғайып барады. Ішкі істер министрі Али Йерликая сенбі күні: «Тәртіпсіздік пен арандатушылық жасауды көздегендерге жол берілмейді!» – деп ескертті. Ол 25 наурызда әлеуметтік желідегі жариялаған дерегінде Экрем Имамоғлы ұсталған 19-ы мен 25 наурыз аралығында болған шерулер кезінде 1418 адамның ұсталғанын мәлімдеді.
«Бүгінгі күні 1418 күдіктінің ұсталғанын айтты. 979 күдікті қамауда, 478 адам бүгін сотқа жеткізіледі», – деді. Ішкі істер министрі Йерликая 23 наурыз күні ұсталғандар санын 1133 деп жариялап, қолға түскендердің арасында «террорлық ұйымдарға қатысы бар 12 тұлғаның» анықталғанын атап көрсеткен болатын.
Қазір Түркия билігі елдің көптеген аймақтарында бірнеше күн бойы шерулер өткізуге тыйым салды. Түркия Президенті Ердоған шерулерді «көше терроры» деп сипаттап, бұдан былай демалыс күндері шерулер өткізілмеу керектігін ескертті. Ол Үкіметтің қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермейтінін баса айтып: «Біз ешқашан лаңкестікке бас имегеніміз сияқты, диверсанттармен де ымыраға келмейміз», – деген. Ердоған 25 наурыз күні Бештепеде университет студенттерімен бірге ауызашарға қатысты. Президент жастармен болған кездесуінде сөйлеген сөзінде «Соңы апатпен аяқталуы мүмкін қараңғы жолдарға түспейміз» деді. Ол Экрем Имамоғлының ұсталуымен басталған РХП-ның халықты ереуілге шақырып жатқан әрекеттерін сынға алды.
«Олар бір жатақханада тұратын, бір университетте оқитын және бір көшеде өскен жастарымызды бір-біріне жау етіп жатыр. Олар төбелестің отын жағып, шиеленісті күшейтті, алауыздықты қоздырды. Заңсыздыққа жол беріп жатқандар заң аясында жауапқа тартылады. Түркия – әлемдегі «ең жақсы жұмыс істейтін демократиялық елдердің бірі». Муниципалитеттер қоғамдық ресурстарды орынсыз пайдаланса, соңында өздері өкінетін болады. Бірақ бізде демократия туралы мұндай түсінік жоқ. Егер олар азаттық дегенде, тарихи мешіттеріміздің ауласы мен ата-бабаларымыздың құлпытастарын қиратып, ғибадатханаларымызда ішімдік ішуді меңзеп отырса, бізде ондай жағдайға жол берілмейді. Көшеде террорға үндейтін ұрандар таратып, ел ішін бүлікке айналдырғысы келетіндердің баратын жері жоқ па? Аты-жөніміз басқа болса да, тегіміз бір, ол – Түркия Республикасы», – деді Президент. Соңғы күндері әлеуметтік желіде ереуілшілердің арасында мешіттердің ауласына дәрет сындырып, арақ бөтелкелерін тастап кеткен, зираттағы құлыптастарды бүлдірген жағдайлар көбейе бастағаны айтылып жатыр...
Оппозиция бұл қудалауды саяси жоспар деп отыр
Билік Имамоғлыны сыбайлас жемқорлық пен лаңкестік ұйымдарға көмектесті деп айыптаса, оппозиция бұл айыптардың саяси астары бар және Имамоғлыға қарсы жасалған «төңкеріс» екенін алға тартады. Әлі қамауда болса да, ол 2028 жылы өтетін Президенттік сайлауда РХП-ның кандидаты ретінде ресми түрде ұсынылады деп күтілуде. Түркияның тәуелсіз басылымдарының хабарлауынша, кейбір сауалнамалар оның қоғамдық қолдау деңгейі Президент Ердоғанның қолдауынан асып түсетінін көрсетіп отыр.
РХП-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция жұма күні Экремді сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптауларға байланысты алты сағат бойы тергеген. Имамоғлының адвокаттарының бірі Мехмет Пехливан Экремнің өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығаратынын айтты. «Бұл тұтқындау Имамоғлы мырзаның қоғамдағы беделін түсіруге бағытталған. Екі тергеу де «жалған айыптауларға негізделген» және «әділ сот талқылауы құқығын бұзған» деп мәлімдеді ол.
Имамоғлы адвокаты арқылы Х әлеуметтік медиа платформасында хабарлама жариялап, Түркияның 81 провинциясының 50-ден астамында көшеге шыққан демонстранттарды «құрмет және мақтаныш» деп атап, «республикалық жүйемізді, демократиямызды, Түркияның әділ болашағын және халықтың еркін қорғаймыз» деді.
Республикалық халық партиясы 2025 жылы 6 сәуірде партия съезін өткізетінін хабарлады. Партия төрағасы Өзер биліктің партияға міндетті басқарушы тағайындауды жоспарлап жатқаны туралы белгілер бар екенін атаған. Тағы бір мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Прокурорлар 2023 жылғы партия съезінде дауыс сатып алудың болған-болмағанын тексеріп жатқан көрінеді. Партия төрағасы Өзер мұндай айыптаулардың барлығын жоққа шығарған.
Еуропа елдері де наразылық білдіруде
Стамбұл әкімі қамауға алынғаннан кейін Еуропалық комиссия 24 наурызда Түркияны Еуропа Кеңесінің мүшесі және ЕО-ға үміткер ел ретінде «демократиялық құндылықтарды қолдауға» шақырды.
«Мэр Имамоғлы мен наразылық білдірушілердің қамауға алынуы Түркияның өзінің тереңде жатқан демократиялық дәстүрлеріне адалдығына қатысты сұрақтар туғызады. Біз Түркияның Еуропамен байланыста болғанын қалаймыз, бірақ бұл үшін демократиялық нормалар мен тәжірибелерге нақты берілгендік қажет», – деді Еурокомиссия өкілі Гийом Мерсиер.
Германия да Имамоғлының тұтқындалуын айыптап, оқиғаларды «үлкен алаңдаушылықпен» қадағалап отырғанын айтты.
Премьер-министр Олаф Шольцтің баспасөз хатшысы Штеффен Хебстрейт баспасөз мәслихатында: «Стамбұл мэрінің тұтқындалуы және қызметінен алынуы мүлдем мүмкін емес. Бұл өте тез және ашық түрде анықталуы керек. Біз қазір Түркиядағы оқиғаларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырмыз», – деді ол.
Германияның Түркия мен Еуроодақ арасындағы жақсы қарым-қатынастарды дамыту үшін «үлкен талпыныс» жасағанын білдірген Хебестрейт: «Соңғы оқиғалар Түркиядағы демократия үшін де, бұл қарым-қатынастардың болашақтағы дамуы үшін де жаман белгі», – деді.
Германия Сыртқы істер министрі Анналена Баербок Х әлеуметтік желісінде өз пікірін білдірді. «Түркияның ЕО мүшелігін жалғастыру жөніндегі міндеттемесі Имамоғлы мен басқаларға қарсы әрекеттерге байланысты барған сайын босаңсып барады. Саяси қарсыластардың орны түрме немесе сот болмауы керек, болашағын ЕО-да көретін ел заң үстемдігін қорғауы керек», – деді.
Франция Сыртқы істер министрлігі Имамоғлы тұтқындалған 23 наурыз, жексенбі күні кеште мәлімдеме жасап: «Түркияның бұл әрекеті – демократияға жасалған ауыр шабуыл», – деп сипаттады.
Италия Сыртқы істер министрінің орынбасары да Түркиядағы соңғы оқиғаларға «өте алаңдап отырғандарын» білдірді. 24 наурыз күні Римдегі Шетелдік баспасөз қауымдастығында халықаралық баспасөз өкілдерімен кездескен Сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли Имамоғлының тұтқындалуына, шерулерге тыйым салуға және 1000-нан астам адамның ұсталуына қатысты Италия үкіметінің ұстанымы туралы сұраққа: «Әрине, біз қатты алаңдаймыз, өйткені Түркия Италияның НАТО-дағы маңызды одақтасы және Италия үшін басты экономикалық серіктес. Біз де түрік халқымен өте жақынбыз, бізде терең достық бар. Сол себепті біз қатты қобалжып, алаңдап отырмыз. Қақтығыс емес, диалог жеңеді деп үміттенеміз», – деді ол.
PS: Экрем Имамоғлы Ата Түрік негізін қалаған Республикалық халық партиясының көшбасшыларының бірі еді. Осының алдында Экремнің университет бітірген дипломының жарамсыз екендігі туралы хабарланған болатын.
2019 жылы Стамбұл қаласының әкімін сайлау науқанының аса тартысты өткені есімізде. Алғашқы сайлау нәтижесінде Экрем Имамоғлының жеңісіне күдік келтірген билік, сайлауды қайталай өткізгенімен, екінші турда да Экрем жеңіске жетті. Саясаткер сонан бері қарай да Мемлекет басшысы Ердоғанға деген сыни көзқарасын өзгертпеген еді.