Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев ТҮРКСОЙ мәдениет және өнер қайраткерлері және ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті. Жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚХА мүшелері, еліміздің көрнекті мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Түркі мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Абай, Низами және Шыңғыс Айтматов атындағы төсбелгілерді ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады. Жазушы Айгүл Кемелбаева, ақын Бауыржан Қарағызұлы, жазушы-драматург Жолтай Жұматқа Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Абай» төсбелгісі берілді. Ал ең жоғарғы «Алтын» белгі төсбелгісімен қылқалам шебері Сейсенхан Маханбетов марапатталды.
– Біздің ұйымға 14 мемлекет кіреді. Оның ішінде жетеуі – тұрақты, жетеуі – байкаушы. Біздің негізгі мақсат, миссиямыз – түркі дүниесіндегі мәдениетін орнықтыру, жандандыру, мәдени интеграцияны күшейту. Бұл – біздің негізгі функциямыздың бірі, – деді Сұлтан Раев.
30 жылға жуық тарихы бар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйым түркі жұртының руханияты мен мәдениетіне қолдау көрсетіп келеді. Ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев түркі руханияты мен мәдениетінің дамуы жолында қалам тербеп жүрген азаматтарды алдағы уақытта шығармашылық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.