Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC Vegas 57 турнирінің қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін 50 000 доллар сыйақының иегерлерінің бірі болды. Америкалық Джош Пэрисиан мен бразилиялық Тиаго Мойзес те осы кештің үздік өнері үшін жүлдесін жеңіп алды. Ал Арман Царукян мен Матеуш Гамрот арасындағы жекпе-жек кештің ең үздік кездесуі деп танылды. UFC Vegas 57 турнирінде 27 жастағы Шавкат Рахмонов (16-0) екінші раундтың аяқталуына екі секунд қалғанда америкалық Нил Магниді (26-10) қылқындырып, қарсыласты жеңілісін мойындауға мәжбүр етті. Осылайша, Шавкат UFC-дағы төртінші жеңісіне қол жеткізді. Осы жекпе-жекке қатысты пікір білдірген жеңімпаз: «Мен әрқашан да айқасты мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамын, сондықтан адамдар мені жеңіске тез жеткісі келеді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мен жай ғана өз мүмкіндігімді, ұрымтал сәтті күтемін. Өзімнің келесі қарсыласым ретінде 39 жастағы ММА спортының ардагері Стивен Томпсонды көргім келеді», – деді.
Осы турнир кешінде өнер көрсеткен екінші бір файтеріміз аса жеңіл салмақтағы Сергей Морозов та UFC-дегі төртінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. UFC Vegas 57 турнирінің бастапқы кардында ол бразилиялық Раулиан Пайвамен кездесті. Кездесу үш раундқа созылды. MMA Junkie сарапшыларының пікірінше, бірінші раундта бразилиялық мықты болса, қалған екі раундта Морозов басымдық танытқан. Төрешілер есебінде де осындай нәтиже тіркелді, яғни үш арбитр де жеңісті 29:28 есебімен қазақстандыққа берді. Осылайша, Сергей Морозов өз мансабында 18-і рет жеңді, одан бөлек бес жеңілісі бар. UFC-де екі рет жеңіп, екі мәрте жеңілген. Ал Пайваның рекордында 21 жеңіс пен 5 жеңіліс бар. Пайва бұған дейін қазақстандық Жалғас Жұмағұловты жеңген еді.