1. Ол кезде бала едім
Үшінші сыныпта оқып жүрген кезім-ау деймін. Көпбалалы үйміз. Әкеміз көмір жағып, көрікпен үрлейтін темір ұстада балғашы. Анамыз ала жаздай күллі ауылды сумен жарылқайтын сумұрап. Менен кейінгі іні-қарындастарым жас. Он үш ағайынды болсақ, ең үлкен екі ағамыз әскерде, содан-ақ ойлай беріңіз қалай өсіп, жетілгенімізді.
Таң бозарып ата бере, оны мен таңғы алты дейінші, әкем «Талғат» дейді, болмаса «Қара» деп ақырын үн қатады. Әйтеуір маған деген көңілі ерекше еді.
Мен сондай сергек, елгезек едім. Әлгі Қарасы да, Талғаты да сыбырлап айтса да құлағыма жетеді. Басымды жастықтан бірден көтеріп аламын.
– Балам, тұршы, – дейді әкеміз, тәтті ұйқыңды бұздым-ау деген секілді аяншақ үнмен.
Екі айтқызу деген атымен жоқ, атып тұрамын. Сол әдет – әлі әдет. Әскерде де «подъем» десе, атып тұратын едім. Қазір ұйқы қашқан кезім, түн ұйқым төрт бөлінеді. Үй ішінің жағдайы, өз жұмысымның мәселесі, Отанымның беймәлім ертеңі дегендей...
Өзі, бізде Отан бар ма?
Әй, ағайын-бауырлар, менің қасиетті қалам ұстаған әріптестерім, озық ойлы азаматтар, бізде Отан бар ма, өзі? Отанды мектепте қалай оқытып еді? Қайран, аяулы ұстаздарым менің, сіздерде жазық жоқ. Тура кітапта жазылғандай: «Отан – сенің ата-анаң, Отан – сенің айналаң, Отан – сенің бауырың» – деп, өлеңдете құлағымызға құйып, санамызға сіңіруші едіңіздер. Айнала қоршаған табиғат, қазба байлық кеніштері, түтіні будақтаған өндіріс ошақтары, ғажайып ғимараттар, мектептер мен мәдениет орындары, мыңғырған мал, шексіз дала, жайқалған егінжай, өзен-көл – міне, осының бәрінің иесі халық, сендер де оған иесіңдер деуші едіңіздер. Содан не қалды?
«Енді біз неге иеміз?» – деймін ғой. Анамыздай көретін айналайын ауылымызға барсақ, алдындағы азын-аулақ малын қайда жаярын білмей қамыққан елдің қиналған сөзін естиміз. Оның қыстық шөбін шабатын да жері жоқ. Жер асты байлықтарымыз жаппай шетелдіктерге сатылған. Айнакөлдеріміз де жекешеленген. Тау-тасқа бара алмайсың, ол жақтың да қоқаңдап, алдыңды кескестейтін қожайындары көп. Өндіріс ошақтарының оты өшіп, оларды меншіктеген байшыкештер сауда-саттық орындарына айналдырған. Он сотық жерге қол жеткізе алмай зарлаған үн еститінің. Сонда Отаннан не қалды?
Отан қасиетті ұғым болатын. Ол – жеке-дара, айрықша ұғымға ие еді. Енді осы ұғымның аясындағы жер де, оның таусылмайтын байлығы да, оқу орындары мен мекеме ғимараттары да жекешеленген. Олардың иесінің кімдер екенін, бұрын иесі бізбіз дейтін халық та білмейді. Енді олар бәрін тұрғызған, байлығын еселеген шын иесі – сол халыққа қашан қайтады? Кеше бір кісінің ғана ұйғарымы, тізеге салып, талан-тараж жасаған қиянаты кесірінен қолды болған халықтың қисапсыз байлығын өзіне қайтару керек қой. Сол кезде ғана әділет салтанат құрады. Ол үшін отқа да, суға да түсуге дайын болуымыз керек! Оны жасай алмасақ, бар дүние-байлықты, ұлан-ғайыр даланы ұрпақтарыма деп мұралап қалдырған ата-бабаларымыздың аруағы бізге разы болмайды.
Иә, аяулы оқырман, сол жер қойнында рухы тыншымай жататынның бірі – менің өмір бойы темір ұстада балғашы болып, өте ауыр, денсаулығына зиянды жұмыс істеп, он үш баланы қамсыз, қайғысыз өсіріп, жеткізген қайран әкем. Білуімше, әжеміз Тасқаным он алты құрсақ көтерген екен. Солардан өз көзім көргені Әсем мен Ләйліхан апалар және Әбдібек атамыз. Ермекбай атамыз соғыс басталысымен қан майданға аттанады. Сол уақытта Әбдібек атамыз он сегізге әлі тола қоймапты. Соған қарамай Жуалы аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы болып қызмет істеген. Әскери комиссариатқа барып, бір үйден екі азамат аттанып барамыз, тағдырымыз не болары белгісіз. Үйде анамыз қалды. Мына інімді соғыстың қара жұмысына жіберіңдерші деп, өзі соғысқа сұранып кетеді. Солай әкеміз Айтбай Қарағандының шахтасынан бір-ақ шығады.
Бір өкінетінім, әкеммен көп сырласа алмадым. Әңгімесінің арасында: «Көмір қазуда рекорд жасадым, көп таралымды қалалық газетке суретімді шығарды» деп отырушы еді. Сол газетті іздестірсем дегелі бірер жыл болды, алда уақыт тауып, барлық тасқа басылған басылымдардың бір-бір данасы сақталатын Ұлттық Кітап палатасына барармын...
Хош, сонымен... Иә, сонымен таң ата, күн шығар-шықпаста тәтті ұйқымнан атып тұрамын. Сонда бетімді жуамын ба, жумаймын ба, шәй ішемін бе, ішпеймін бе, әйтеуір қорадан өргізетін жүз қозылы қойды алдыма салып ауылдың төменгі жағына қарай айдап кетемін. Бүкіл көшенің қойын қара есегімен бағатын Жүзбай атадан бұрын, бүгінгі Қошқарата ауылының аяғындағы бес шақырымдық ұзын сайдың ең соңғы Балқыбек атаның үйінің тұсынан қойды өрлетіп жаямын. Сайдың екі беткейі жайқалған егістік алқабы. Біресе ана бетіне, біресе мына бетіне өтіп, қойларды сайды өрлете бағамын. Шекемді шақырайған шіліңгір күн күйдіреді. Жап-жас баламын. Балалық сезім, ышқын, бәлкім ыстыққа әбден піскендіктен бе, әйтеуір сол балғын шағымның шақырайған күнінің қақтаған аптап ыстығы соншалықты қинағандай болып есімде қалмапты. Ұзын сайдың сол жақ, оң жақ беткейінің ең нәрлі, ең тәтті, ең жұғымды шөптерін жұлқып жеген қойларым ең басына барған кезде сары ала автобус (ПАЗик) көрші ауылға, жазушы ағаларым Әміртай Бөриев, Қасым Әзімханов және қимас досым, парталасым Алпысбай Шымырбаевтың кіндік қаны тамған Қызтоған ауылына қарай шаңдатып өтеді. Ол автобус бүгінгі аудан орталығы Момышұлы ауылынан тоғыз жарымда шығады. Әдеттегідей тура он бірде әлгі сайдың басынан зулатып өтеді. Мен қойларды кері қайырамын. Әбден тойынып алған соң, өздері де шыжыған шілдеде қатты пысынайтын шығар, жүрістерін ширатып, үй сыртындағы үйреніп қалған колхоздың жылқы қорасының көлеңкесіне қарай тартады.
Түс ауа, күйдірген күн ұясына қарай еңкейе бастаған кезде қойды өргіземін. Бағытым белгілі. Ұзын сайға қайта түсемін. Соның басына барған уақытта сары ала автобус көрші ауылға қарай шаңын шудалатып өтеді. Демек, кешкі жеті жарым болғаны. Мен қойларды Жүзбай атадан кейін үйге айдап әкелгенде ымырт үйіріледі.
Қайран, әкем-ай! Жаны жәннатта болсын дейін. Сол кісінің айтатын бір сөзі жадымда мәңгіге жұпталды.
Сонда ол қандай сөз дейсіз бе?
«Балам, ерте тұр, кеш жат. Күн шыққаннан кейінгі ұйқы – арам ұйқы», – дейтін еді.
Иә, мәселе ұйқыға тірелді ғой.
Енді екінші әңгімеге – көшейін.
2. Мектептен соң...
Екі жылдай Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының шетіндегі кішкене ауылда, үлкен ағам Қуанышбектің үйінде болдым. Сол уақытта «Ветерок» деген пионер лагері ашылды. Көкем қысы-жазы соның күзетшісі. Ол кісі бір жаққа кете қалса, қақаған қара суықта бір үйінде жиналған қалың көрпелердің ішіне кіріп, күзетіп шығатын едім.
Ол кішкене ауылдағы кеңшардың үйлері әлі тұр. Алматыдан ары өткенде де, бері өткенде де автобус терезесінен қарап өтемін, көзіме оттай басылады. Өйткені онда жастық жалынды шағымның ізі қалды. Ауылдың қойын бақтым. Шөбін тасыдым. Қазір кімдер тұрады екен? Соны білген қызық қой. Ал, ол уақытта екі неміс, бір орыс, төрт қазақ тұратын еді. Бәрін, бала-шағасымен аттарын атап, түстеп беруге болады. Орыс Гришаның жасы қырыққа да жетпеген. Үш баласы бар. Әйелі де, өзі де «Беломорканал» темекісін бұрқыратып шегеді. Әйелін білмеймін, өзі аузының сілекейі ағып, күрк-күрк жөтеледі. Ақша алса, сол күні ішуге көзін жұмып кіріседі.
Қазақтар ұйқыларын қандырып, сәскеде бір-ақ тұрады. Олай болатыны жеті үйге бастық кісі он бірсіз оянбайды. Қысқасы, нағыз тәуелсіздік. Әркім өзімен-өзі.
Сол өзімен-өзі болған ауылда екі неміс өзгеше тірлік кешті. Андрей көршіміз еді. Ол елдің ең алды болып «Белорусын» тырылдатады. Таңғы төртте тіркемелі тракторымен Жамбылдың қант зауытына кетеді. Екі аралық елу шақырым шамасында. Кезектің ең алды болуға асығады. Соның өзінде түс ауа, үштер кезінде жом (қызылшаның сығындысын) әкеледі де, асылтұқымды бұзаулар бағатын екінші неміске тапсырады. Оның есімінің кім екені есімде қалмапты. Тегімен атап, Доменюк дейтін едік. Әйелі де қора басында жүреді. Әлгі Доменюктің де таңы ерте атады. Жеті жарымға дейін қарайтын малдың астын тазалап, жем-шөбін беріп, үш шақырымдық жердегі көрші ауылдың мектебіне бес-алты баланы арбамен алып барады, түсте алып қайтады. Екі немістің де ешкіммен шаруасы жоқ. Бар білетіндері жұмыс және жұмыс.
Апырмай деймін-ау, Андрей келе салады да, үйінен шәй іше ме, ішпей ме, білмеймін, әйелін үш аяқты мотоциклінің күймесіне мінгізіп кетіп бара жатады. Олардың қайда кететінін, не бітіретінін кешке келген кездерінде бір-ақ білеміз. Әйелі екеуі мотоциклінің күймесінен үш-төрт қапшық картопты мықшыңдап түсіріп жатады. Күнде көретініміз осы. Жексенбіде әлгі жом таситын тіркемені толтырып Борандының, болмаса Жамбылдың базарына кетеді. Бағасын өсірейін деп саудаласпай-ақ, келісіп жүрген кісілеріне өткізіп келеді. Күзінде солай десек, Андрей қақаған қыста да әрекетсіз отырмайтын еді-ау!
Жылдар жылжыды, мен есейдім. Журналист болдым. Әртүрлі редакцияда жауапты жұмыстар атқардым. Республикалық деңгейдегі айтулы қызмет тізгінін ұстағандардың бірі – ақын, сазгер, журналист Мырзахан Ахметов. Ол он шақты жылдай Жуалы аудандық Мәслихатын басқарған.
– Бурно-Октябрьское, қазіргі Нұрлыкент ауылындағы мектеп тарлық жасады. Өйткені ел көбейді. Бір күні Андрейге бардық. Әбден байығанын бәрі біледі. Мектеп салуға қарайлас деп өтініш етіп едік, бетімізге күле қарап: «Сендерге қанша ақша керек? Қажет десеңдер, бүкіл қаржысын өзім-ақ берейін. Алайда бір ғана талабым бар: мектепке менің атымды бересіңдер», – деді. Сонда аузымыз буылып, Андрейге ештеңе дей алмадық қой, – дейді Мырзахан досым.
Ол рубльдың құны доллардан да мығым болып тұрған кез еді. Көп өтпей топан ақшаға айналды. Бәрін әріден ойлайтын неміс Андрей соған дейін қандастарының алды болып тарихи отаны Германияға кетіп қалды дегенді естідім. Қазір қайда тұрады, бар ма, жоқ па – кім білсін. Айтайын дегенім еңбегінде ғой. Тауық шақырмай, елдің алды болып тұрады, тыпыршып, тыным таппайды. Жұмыста өші қалғандай тірлік кешеді. Сондай әрекетінің берекетін көрген жан кім десе, көз алдыма неміс Андрей келеді.
3. Орны толмайтын олқылық
Материалымның осы тұсына келгенде, нақтылап алайын деп, өзім үнемі араласып, сыр шертісіп жүретін бір-екі кісімен де, көшеде кезіккен бейтаныс жүргіншімен де тілдестім. Сауалымды құс атаулының бәрінен бұрын оянып, шығыстан шығып келе жатқан күннен хабар беріп, жұрттың бәрін оятатын үй құсынан бастадым.
– «Тауық шақырмай да таң атады» дейді аталарымыз. Соған қарамай тауығы бар үйдің қораздары түн қараңғылығы түрілер кезде жарыса «кукарекулеп» кетеді. Еліміздің батысы мен шығысындағы қораздардың қай уақытта шақыратынын білу маған қызық болып тұр. Күршімнің қоразы қаншада шақырады білесің бе? – деп едім, сауалым естіген кісіні тәп-тәуір-ақ ойлантып қойды. Содан соң қарқылдап күліп:
– Тәке-ау, мен Күршім мен Зайсанның емес, өзің секілді Алатаудың бөктеріндегі арайлы Алматының тұрғыны емеспін бе! – деді. – Оның үстіне көп қабатты – тауығы да, қой мен қозысы да жоқ зәулім үйде тұрамын.
«Дұрыс-ақ!» – дедім де ел арлы-берлі ағылып жатқан көшедегі жаныма жақындай берген мосқал кісіні кідірттім.
– Тауықтың таралу мекені Үндістан дейді ғалымдар. Сол елдің қораздары қай мезгілде, сағат қаншада шақырады, соны айта алмайсыз ба? – деп едім, тосын сұраққа ол да тосылып қалды.
– Кешіріңіз, білмейді екенмін, – деді сол үшін өзін кінәлідей сезініп.
– Үнді елі әлемнің бір қиырында ғой, Маңғыстау мен Атырау өз жерімізде. Мәселен Қызылқоғаның қораздары қай уақытта шақырады?
– Мен Шымкенттің қазағымын, бауырым. Оны сол өңірді жақсы білетін біреу айтпаса, мен білмейді екенмін, – деді де өз жөнімен кете барды.
Мен үйге келген соң осы не дер екен деп, іні досым Болат Шарахымбайға телефон шалдым.
– Көке, тауықтың аты – тауық. Ол барлық жерде бірдей емес пе? Алыстағы Африканың қоразы да, Қарқаралының қоразы да табиғи қалпынан ауытқымай өмір сүреді. Таң бозарып келе жатқанда шақырады. Күннің уақыты ұзарып, қысқарғанына қарай өзгеріп тұрады. Өзіңіз соны біліп тұрып, әдейі сұрадыңыз ба? – деді ақын Болат.
– Бөкенбай-ау, дәл солай екенін мен де, талай ел де біледі. Бірақ біздің үкіметтегілер жадыларынан жаңылған ғой деймін. Парламенттегі қалаулы ерлеріміз де сөйткен-ау шығар, шамасы. Президентіміз де қайсар екен. «Зерттедік, білдік. Уақытты өзгерткеніміз өте дұрыс болды» дейді. Расында рахат болды-ау, ә? Әсіресе ұйқышыл қазақтарға Құдай оңынан беріп қалды. Тал түске дейін төсектерінде көздерін аша алмай манаурап жатады.
– Арғы жағын айтпай-ақ қойыңыз. Тауық туралы шұқшиып сұраған ойыңызды әбден ұқтым, – деді ол.
Осыдан ай жарым уақыт бұрын қазақтың көрнекті ақыны, талантты композиторы Исраил Сапарбай өмірден озды. Жаназасы Алматыдағы Орталық мешітте өтетіні хабарланды. Шіліңгір шілденің сенбісі болатын. Қоштасу жиынына үлгеру үшін бір сағат бұрын аулаға шыққанымда күміс күн тура маңдай тұсымда шақшиып тұрды. Үлкендер ұйқыдан тұра алмай жатқан баласына күйінгенде: «Әй, жуәрмек, жата бермей тұрсаңшы, тал түс болды ғой!» деп дауысын барынша ызғарландырып айтушы еді. Бүгінде дәл солай қатқыл айтып, мінез көрсететін үлкендер қалмағандай көрінеді маған. Себебі, мемлекетімізді басқарып отырған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі жарлықпен уақытты бір сағатқа оздырып, дес берді. Брежнев заманында, күннің шығуына орай, кеңестік үкімет көктемнің ортасында сағат тілін бір сағатқа оздырып, алты айдан кейін қайта қалпына келтіретін еді. Ақыры өзгерткеннен кейін солай еткені жөн емес пе еді? Жоқ, бұлар кері кетті. Аң, құстар да табиғат заңдылығына бағынып, тіршілік етсе, біз, қазақтар, өз заңымызды енгіздік. Күн шақырая шығып шыжи бастаса да қорылдап ұйықтаймыз.
Бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп дабылдатып еді. Мен бүгін «Ұйықта, қазақ, ұйықтай түс!» деймін.
Әңгіменің ашығы: бұл Тоқаев билігінің мың бірінші қателігі болды...