26 қыркүйек күні Премьер-министр Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланды. Алайда Үкімет басшысының «Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек: ЕАЭО заңнамасына сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды» деген сөзі кей азаматтардың ашуын туғызуда.
Журналист Ержан Жаубай: «Кешегі Әлихан Смайыловтың сөзіне несіне күйіп-пісесіздер? Естеріңізде болса, Тоқаев Путинге қарсы қарап отырып, «ЛНР мен ДНР-ды мойындамаймыз» деген еді ғой. Ел еңсесі бір көтеріліп, қопаңдап қалғанбыз. Алайда артынша, Мемлекет басшысы тіл мәселесін, елдік мәселені қозғағандарды «популистер» деген, тіпті өз Жолдауында мектептерде орыс тілі қазақ тілімен қатар оқытылуы керектігін айтты. Бұл – Тоқаевтың Сочидағы сөзіне жауабы еді. Ал кеше ғана таңертең СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның «ЛНР» мен «ДНР»-ға қатысты ресми ұстанымын жариялаған болатын. Ал кешке Әлихан Смайылов Ресейден ағылған орыстарға көмектесіп, жұмыспен қамтуды тапсырды. Бұл – Қазақстан билігінің таңертең жасаған мәлімдемесіне кешке берген жауабы еді» деп түйреп өтіпті.
Депутат Қазыбек Иса: «Қайран, Әлихан деген алаш көсемінің ардақты аты-ай!?» деп күйзелісін білдіріпті. Журналист Бейсен Ахметұлы: «Енді босқындарға Президенттік сайлауға дауыс беру құқын беру ғана қалды. Аспаннан іздегені аяқ астынан табылды» деп жазды.
Мадияр Аймурза атты азаматтың Үкімет басшысына басты сауалымен сөзді түйіндемекпіз: «Далада қалған студенттер, көпбалалы аналар, тұрғын үйге қол жеткізе алмай отырған жас отбасылары, мүгедектер мен жұмыссыздардың мәселесі шешілді ме?
Өз азаматтарымыз еңбекпен қамтылып, тұрғын үй берілді ме? Ата Заңымызға сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары қорғалып жатыр ма?