Батыс Қазақстан облысына өткен аптада жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Оралдағы Оқушылар сарайында болды
Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Үкімет мүшелеріне Оқушылар сарайындағы балаларға қосымша білім беру, бос уақыттарын ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, патриоттық тәрбие беру мақсатындағы үйірме жұмыстары таныстырылды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы мекемедегі жол қауіпсіздігі ережелерін үйрету мақсатында жабдықталған «Мобильді алаңның» тиімділігіне назар аударып, жас инспекторлардың мобильді жабдықтар негізінде жол қауіпсіздіктерін сақтау ережелеріне зер салды. Сондай-ақ «Авто жол торабының үлгісі» кабинеті мен «Робототехника» үйірмесі тәрбиеленушілерімен сұхбаттасып, олардың жұмыстарына оң бағасын берді. Балалар жүргізіп жатқан химиялық тәжірибелермен және биологиялық зерттеу жұмыстарымен танысты. Бұдан әрі самбо, бокс, бассейн үйірмелерінің жүргізілу барысына куә болып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбитпен және бапкері Саттар Сұлтанғалиевпен пікірлесті. Еске сала кетсек, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында пайдалануға берілген Оқушылар сарайындағы 77 үйірмеде 4 мыңға жуық жеткіншек тәрбиеленуде.
Сапар барысында Үкімет мүшелері Оралдың «Меловые горки» елді мекеніндегі №18 орта мектептің құрылыс жұмыстарын да назарға алды. Елді мекендегі үшауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік беретін жаңа мектептің құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында осы жылдың маусымында басталды. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың ІІ тоқсанында аяқталуы тиіс, алайда 300 орындық нысанды мердігер мекеме «Альтаир» ЖШС осы жылдың соңына дейін салып бітіруді жоспарлап отыр. Бұл ғимарат пайдалануға берілген кезде 1988 жылы салынған 60 орындық мектеп ғимаратында үш ауысыммен білім алып жатқан 276 оқушы жаңа мектепке көшірілетін болады. Сондай-ақ бұл жаңа білім ордасы елді мекендегі мектепке дейінгі жастағы балғындарды мектепке дейінгі ұйыммен қамту мәселесінің шешілуіне де оң ықпал етпек.