Ұлағатты ұстаз, ұлтжанды тұлға Адайұлы Шеркешбай ақсақал (1927-2008 ж.ж.)

Ұлағатты ұстаз,  ұлтжанды тұлға Адайұлы Шеркешбай ақсақал  (1927-2008 ж.ж.)

Ұстаз ұлағаты

 

Ұстаз! Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, оның ұшқыр қиялына қанат бітіретін, болашақ биіктерге самғауына берік тұғыр қалайтын осы ардақты ұлағат иесі емес пе?! Алғаш ата-анасынан алған тәрбиесін ұштайтын да ұстаз. Әдетте, жас баланың адамзатқа тән өмірлік сапа-қасиеттерді игеріп, саналы азамат ретінде қалыптасуына әсер ететін бірнеше ұстындар болса, солардың бірі де бірегейі ұшқан ұя – алтын мектебі, ондағы ұстаздары. Осы күні жетпістің асуына шығып, жүріп өткен өмірлік жолыма ойлана қарап отырсам, менің азамат ретінде, ғалым ретінде қалыптасуыма әсер еткендердің алғашқылары мектептегі ұстаздарым екен. 1954-1964 жылдар аралығында Қарақалпақстанның Шоманай бөліміндегі М.Горький атындағы ауылдық мектепте оқыдым. Сол жерде оныншы класты алтын медальмен бітірдім. Менің болашақта тіл мамандығын қалап, сол салада ғылым докторы болып қалыптасуыма бесінші-алтыншы кластарда қазақ тілінен сабақ берген ұстазым Адаев Шеркешбай ерекше әсер етті. Тілге, оның қыр-сырын үйреніп, зерттеуге деген алғашқы қызығушылығымды оятқан осы ұстазым десем, артық айтқандық емес. Ол кісінің әр нәрсеге мұқияттылығы, сабырлылығы, асықпай сөйлеп, зерделі оймен терең үңілуге жетелейтіні бала зейініне әсер етпеуі мүмкін емес еді. Осы сыныптарда тілдің алғашқы ғылыми негіздері беріледі ғой. Іргетас қалай берік қаланса, ғимарат та соған сай болып бой түзейді. Міне, менің тілші ғалым болып қалыптасуымның бір сыры осында жатса керек. Кейін тоғызыншы класта Орашбаев Төлеу ұстазымның әдебиет сабағынан дәріс оқып, көркем әдебиеттің бейнелі образдар дүниесіне шебер тілмен сүңгітіп алып кетуі бала қиялын одан әрі ұштай түсті. Солайша мен мектепті бітіргеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдап, ҚазМУ-дың филология факультетіне түстім. Осы күні алтын ұя мектебімді, ондағы ұстаздарымды ерекше ілтипатпен еске аламын. Сол кезде ерекше қатал көрінетін, талапты өте жоғары қоятын, алайда іші сондай жылы мектеп директоры Қарабалаев Қожан, оның оқу ісі мен тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары салмақты да салиқалы Адаев Шеркешбай, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі Дәрментаев Қарабай, химиядан сабақ берген Салибай мұғалім, физикадан сабақ берген Халила мұғалім, математикадан сабақ берген Дәулетияр т.т... көз алдымда сол кездегі қалыптарында сақталып тұр (оларды кейін көрген жоқпын ғой). Адам өмірінде ұстаздың орны, ролі қандай екенін, «ата-       ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегендей, кейін өзім ұстаз болып шәкірт тәрбиелеп жүргенде қатты сезіндім. Шәкең сегіз ұл-қыз өсіріп тәрбиелеп, өмірінің соңына дейін ұстаз болып өткен кісі. Оның ұлағатты өнегесі кейін ұрпақтарына, өзі оқытқан шәкірттеріне дән болып егіліп, өсіп-өркендеп жатыр.

 

Бердібай Шалабай,

филология ғылымдарының 

докторы, профессор, ҚР Педагогика

ғылымдары академиясының 

академигі, Ы.Алтынсарин 

атындағы төсбелгі иегері

 

 

Білім мен тәрбиенің  мекені – мектеп

 

Анау жылдардағы сауаттандырудың ұлы жорығындағы бүкіл ауылдың зиялылық келбетін айқындайтын – мұғалім болғаны баршаға аян. Мұғалім Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, тек оқушы баланы ғана емес, ұлтты тәрбиелеген ұлы тұлға. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін – шәкірттері. Бәйгеден талай тарландарды оза шаптырып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік еткен ұстаз еңбегі өлшеусіз қашанда.

Ойда жоқта ой бөлісіп отырған «Ұстаз беделі» тақырыбындағы әңгіменің үстінен түстім.  Әңгімешім – Әби Емілов есімді азамат. «Мен мектепті Қарақалпақ еліндегі Шоманай ауданындағы Шоманай совхозындағы М. Горький атындағы орта мектепті 1971 жылы бітірдім. Көз алдымнан кетпейтін салиқалы ұстаздарым болды.  Ата-анамнан кейінгі маған аса жақын, өмірді тануыма ерекше ықпал етіп, керекті жерінде қамқоршы да болған ұзын бойлы, ақ құба, аса сабырлы, түрі бір қарап қалғанда сұстылау, қырын қарап тұрып сөйлейтін Шеркешбай ұстазым еді. Оның   сөзі де, жүрісі де, тұрысы да бөлек еді. Бойындағы ерекшелігі-әй, талапшыл еді-ау! Одан кейінгі қасиеті – қаталдығы, әрине, керекті жерінде, класта толық тыныштық орнамай сабақ бастамайтын. Сабақ аяқталғанша сол  тыныштық қалпында. Жұдырығымен емес, қабағымен бағындыратын сол ұстазымның бейнесі көз алдымда. 

Жазба жұмыстарында, әсіресе, диктант жазуда, кеткен қателерді «ережені өткенсіңдер» деп, балалардың өздеріне дәлелдететін. Ұстамдылығы бір басына жетіп артылады. Тілді бұзып сөйлейтіндерге кешірімсіздеу болғаны өтірік емес. Онысы – тілдің қадірін түсінсін, бағалай білсін дегені.  Бағада «екілік» қойылатын. Әділ қойылған бағада кімнің реніші бар?! Шәкірттер үнсіз келісетін.  Бұл сол ұстаздың талапшылдығының көріністері еді. Ауызша баяндауларда да келіспеген жерінде міндетті түрде күрделі түзету жұмыстары дәлелденетін. Сол талапшылдығының арқасында болар, шәкірттерінің тапсырманы орындамайтыны кездеспейтін». Оның жеке отбасында да ана тіліне деген құрмет өзгеше еді. Менің білуімде, ол – өнегелі әке, Сахиы әкімшілікте ұзақ жыл жасады, Салиы – газет редакторы, Дәмегүлі кластасым, өмірден өз орнын тапты, ал Сабырдың ақындығын айтпағанда, Отпан тау басын музейге айналдырған туған жерінің көркеюіне үлес қосқан игі істер бастамашысы екенін жұрттың бәрі біледі. Міне, ол сондай жанұя еді.  

Адайұлы – оқу үрдісінде оқушылармен қарым-қатынас үйлесімділігін құрған ұстаз. Әр оқушының пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты. Ұстазы туралы айтуды екінші әңгімешім Балшайым Ақбердиевадан өтіндім. Ол Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, сол ұстаздың шәкірті еді. 

Шеркешбай аға әкеммен жұмыстас болды. Терең тамырлы таныс-біліс болған. Қатар жүрген.  2 жанұя тату-тәтті араласып отырған. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Қарақалпақстанның Шоманай ауданында Менделеев атындағы орта мектеп болды. Сол мектептен достықтары басталған. Ағайдың үлкен ұлы марқұм Сахи өмірге келгенде Шеркешбай аға үйі аудан орталығынан 6 шақырымдай жерге көшіп кетіп, 2 жастағы мені арқалап барып, жаяу құтты болсын айтқан едік деп отыратын. Менің әкем Ақбердиев Қондыбай содан тағдырдың айдауымен 1973 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына көшіп келдік. 1974 жылы Шеркешбай аға көшіп келді. 1982 жыл болуы керек. Мен бұл жайлардан бейхабармын. Мектепті, жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін 1982 жылы мен сабақ беріп тұрғанда «кластың сыртынан тыңдап тұрдым, мен танитын адамның дауысына ұқсаттым» деп, алғаш рет таныстығымыз басталды. Содан табаны күректей 10 жыл Ыбырай Алтынсарин мектебінде жұмыстас болдық! «Әдебиет» деген үлкен әлемнің есігін ашуыма себепкер болған осы адам. Жасы келіп қалғанына қарамастан, жұмысқа құлшынысты, ізденіспен жүретін, сабаққа аса дайындықпен кіретін, өзі деңгейлес мұғалімдерден көш ілгері, шын ұстаз атына лайықты ұлағатты ұстаз болды! Мақсатты адамның өмірі де сапалы болады емес пе?! Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мектепте ата-аналар – үлкен күш. Кеңестік кезде Халық университеті (ата-аналарға педагогикалық білім беру) жұмыс жасады. Шеркешбай ұстазым соның тұрақты лекторы болды. Бірде бесік туралы ата-аналарға қорытып жатқан нәтижелі әңгімесінің үстінен түскенім есімде... 

1992 жылы мен Калинин мектебіне ауысып кеттім. «Ұстаз жақсы болса, шәкірт дана болар» деген тақырыппен, әуелі, мектеп ішіне, артынан республика көлемінде «Қазақстан мектебі» журналына іс-тәжірибесін тараттым. Өте сауатты мұғалім. Диктант жаздырғанда сауаттылықты қалай игертетініне таңғалатынбыз. Сабақ басталғанда бәрін ұмыттырады. Әсерлендіргіш. Ұстаздың да ұстазы бар. Мұндай ұстаздар өмірде көп кездесе бермейді. Өзіміз де диктант жаздырдық қой. 5-9 сыныптардың қазақ тілі мен әдебиеттік оқу бағдарламаларын «шемішкіше шағатын».    Мектеп жанында ЖД-ның дүкені болды. ЖД-ның дүкені десек, «әттеген-ай, ТЖ десеңдер болмас па еді!?» деп түзетіп отыратын, ана тілінің сақшысы еді ғой. Мамандыққа адал болу деген, сірә, осы шығар.

Болмысын танығаным – ерекше жаратылысты кісі. 

Үнемі ізденіс пен еңбекте жүретін ұстаз Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, кезіндегі СССР-дің Құрмет грамотасы, бірнеше медальдерінің иегері, қай марапатқа да лайық жан еді. Өзі тәрбиелеген  жастарға білім, тәрбие берді, бұдан тек қана баланың өмірі қалыптаспайды, сонымен қатар ұлттың, елдің қоғамы қалыптасады. Ол Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына үлкен әсер етеді. Жылдар өтсе де, елінің есінде, «Адал еңбектің айғағы», «Құрмет тақтасында»  есімі жазулы.

Шеркешбай Адаев – еңбек ардагері, мектептерде ұзақ уақыт мұғалім, кейіннен оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін адал атқарды. Ал қосағы Ұмсынай Реиімқызы – ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Батыр ана.

«Тәрбиеші мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетінде ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі», – деп түркі ойшылдарының ең атақтысы,  «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама әл-Фараби бекер айтпаған. Сол нұрлы тұлға, ұлағатты ұстаз Шеркешбай еді. Оның алдынан талай шәкірт қанат қақты және қанатын дұрыс қақты, қақтыра білген осы Шеркешбай сынды ұстаздар еді. 

 

 Ж. Дүйсенбаева,

 филология ғылымдарының 

докторы 

 

Менің ұстазым 

 

Бұл күнде жасым сексенге тақап, өткен күндер бұлдыр-бұлдыр еске түскенде, жас кезім, бала кезім тап-таза күні кешегідей көз алдымнан өтеді. Ұстаз туралы айтқанда өзім аса жоғары бағалаған азамат – Адаев Шеркешбай жайлы өз пікірімді баяндағым келеді.

  Қазақ орта мектебінің  9-сыныбында оқып жүрген кезім. Ол кезде 7-сыныптан бастап жоғары сынып оқушылары толық мақта жиын-теріміне жіберілетін. Оқу күзде үш айдай тоқтатылып, мақта теріміне барамыз. Әрбір ауылға мұғалімдер бекітіледі. Біздің ауылға Қарабай Дәрментаев бекітілген. Ол кісі балаларға жайлы, өзгелермен артық сөзге келмейтін ағай еді. Бір күні мақта теру қабылдау орнына оқу бөлімінің басшысы Шеркешбай ағай келді. Ол кісіден шәкірттер былай тұрсын, мұғалімдер де, ата-аналар да аяқ-қолын жиып тұратын. Ағай мені шақырып алып, қолыма қағаз-қалам беріп: «Балалардың тізімін алып, терген мақтасын жазып ал», – деді. Мақта жоспары орындалмай жатса керек, бригадирдің қабағы қату. Балалар мақтасын өлшетіп жатты. Кезек 7-сынып оқушысына келгенде бригадир әлгі баланың мақта салған қапшығын лақтырып жіберіп: «Осы-ақ па тергенің?» – деп, оқушыны нұқып жіберді. Шеркешбай ағай: «Тоқтат бассыздықты! Балада нең бар?» – деп жекіп тастады. Оқушылар өлшетіп болды. Ағай бригадирді шетке шақырып алып: «Сені түсінетін азамат деп ойлаушы едім. Мына қылығың не? Оқушы – сенің жұмысшың емес. Одан норма талап ету – ақымақтық, қол көтеру – қылмыс. Енді қайтып оқушыға сөйлеуші болма! Оқуды тоқтатып, мақта тергізудің өзі заңсыздық. Бірақ ел байлығын жинау қажет деп, үкімет ұйғарған соң, амал жоқ»,  – деді. Мен арқаланып, ішімнен «бәсе» дедім. Ұстаз – мен үшін ата-анамен қатар тұратын тәрбиеші, қорғаушы деген ұғым қалыптасты.

  Мен бесінші сыныптан он бірінші сыныпты бітіргенше класком болғанмын. Шеркешбай ағай бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Өте байыпты, салқынқанды, сабырлылығын еш өзгерткен емес. Балаға түсіндіру әдісі ғажап еді. Ол кісіден тек «бес» деген баға алғанмын. Әрине, ол кезде біз оқушымыз. Басқа ұстаздарға қарағанда сабақ беру әдісі өзгешелеу болатын. Баланың өз пікірін жеткізуі, ізденуге деген талпынысын дамытуға, оқыған кітаптары жайлы пікір айтуға баулу әдісі болатын. Әділін айтсақ, ағай өз мамандығының дұрыс шебері болатын. Шеркешбай ағай – ұстаздық мамандықты таңдауыма себеп болған ерекше тұлға. Жат өлкеде қазақтың салт-дәстүр, тіліне аса жанашыр болған қайраткер, өнегелі ұстаз еді. Қайнаған Кеңестік қызыл үкіметтің, коммунистік идеологияның ішінде жүрсе де, коммунистік партияға мүшелікке өтпеген, өзінің ішкі рухани бостандығын, еркіндігін бермеген қайсар мінездің  иесі екенін де еститінмін.

Қоғамда әртүрлі жағдай болып жатады. Оныншы сыныпты оқып жүрген кезде біздің сыныптың оқушы қызы жүкті болып, күйеуге тиіп, мектепте үлкен дүрбелең туындап, тексеру басталды. Ол кезде ондай оқиғаны көрмек түгілі естіген емеспіз. Қазіргі таңда әр мектепте, әр ауылда болып, ерте тұрмысқа шығу әдетке айналған кез. Бала тәрбиесіндегі бүгінгі сиқымыз, бүгінгі тірлігіміз осындай. Ол кезде халықтың ұлттық дәстүрін ұстануы, имандылық пен ибалылық, «қызға – қырық үйден тыйым» қағидасы басты орында тұратын. Әсіресе қыз намысы аса жоғары болатын.

Сол кездегі тексерудің соңы мектептегі жетінші сыныптағы жас қыздардан бастап, түгел жоғары сыныптағы қыздарды медициналық тексеруден өткізбек болады. Осындай қиын сәтте ұлттың намысы, ел намысы таразыға түскенде ағайдың ұстаздарды, ата-аналарды ұйымдастырып, жас қыздарды бұлай қорлауға, намысын таптауға мүмкіндік бермей, білім басқармасына, заң қызметкерлеріне қарсылық білдіріп, тексеруді тоқтатқанын білеміз. Бұл үлкен азаматтық, үлкен ерлік еді.

 1963 жылы Хрущевтің дәуірі. Бір қара мен бес қойдан артық болса, үстеме салық салып, халықтың малын санап, жылқы, түйе болса тәркілеп жатқан кез. Сол кезде  С. деген азамат салық салатын мал санау комиссия мүшесі екен. Бізде түйе де, қой да бар. Сол азамат шайтан азғырып, бар малды өсіріп жазып, қомақты салық салса керек. Совхоз директоры Сұлтан Төремұратов деген азамат болатын. Әкем соған барып, комиссияны қайта жіберіп, малды қайта санауды талап еткен. Директор ел азаматы, халықтың жағдайын да, біздің үйдің де жағдайын жақсы білсе керек. Санақшыны жібермей-ақ дұрыс шешім қабылдауды комиссия басшысына тапсырып, жалған әрекеті үшін  С. деген азаматты тәртіпке шақыруды тапсырған. Әкем бірбеткей, намысшыл адам еді. Ауылдасының бұл әрекетін кешіре алмай, онымен еркекше сөйлескісі келіп, сол жігіттің үйіне барады. Атты есігінің алдына қаңтарып қойып, күтіп отырады. Бұл жайдан хабары бар үй иесі өзінің айыбын біледі. Үйіне жақындағанда  есік алдында күтіп отырған әкемді көреді. Іс бұлай насырға шабатынын қайдан білсін? Әкеме көрінбей, Шеркешбай ағайдың үйіне барып, жағдайды айтады. Ағай жағдайды білген соң,  неде болса жанжалды ушықтырмай басуды ойлайды. Әкеме келіп, сіз күткен үй иесі Хожеліге кетті, үйден шәй ішейік деп үйіне алып келіп, ас салдырып, әкемді әңгімеге тартады. Шеркешбай ағай да әкемнің қандай адам екенін ол кезде толық білмейтін болған. Әрине, әкем ол кезде құлағы ауыр, қарапайым ауыл ақсақалы деп ойлайтын. Әкем шешіліп көп сөйлемейтін. Ал ағай қалайда ішкі сырын ақтаруға мүмкіндік тапқан. Әкем 1936 жылға дейін басшы қызметте болып, 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіліп, қамаудан қашып, атын өзгертіп, қашқын болғанын, ақталу қағазын 1962 жылы қаңтарда алғанын түгел айтады. Бұл ауыл-аймақ біле бермейтін жай болып, ағай таңғалады. Сонымен ағай әкемнің ашуын басып, қателіктің түзелгенін айтып, шығарып салады. Содан бастап әкем жайлы Шеркешбай ағайдың көзқарасы өзгеруімен, белгісіз бір жақындық болады. Ашумен  әкемнің арандап қалуынан сақтаған Шеркешбай ағай еді.

Уақыт өтіп жатты. Мен мұғалім болып екі мектепте – Абай және Ленинград мектептерінде жұмыс жасаған алғашқы жылдарым еді. Шеркешбай ағай ол кезде М.Горький мектебінің директоры болатын. Тамыз кеңесі кезінде маған Алғыс хат берілді. Сондай-ақ аудандық комсомол комитеті де сыйлық табыстады. Бойында жеңілтек мінезі мүлде жоқ Шеркешбай ағай жасының үлкендігіне, лауазымының жоғарылығына қарамай мәз болып, мені бауырына басып: «Міне, біздің шәкірт! Міне, біздің мақтанышымыз! Біздің Құлжан әлі КСРО-ның үздігі болады!» – деді. Мен қысылып: «Сіздердің арқаңыз, сіздердің арқаңыз...» – дей бердім. Кім білсін, Алла аузына жақсы ниет айтқызған болар. Мен «КСРО-ның үздігі» атағын алғанда ағайдың осы сөзі, ізгі тілегі, ақ ниеті орындалғанда біртүрлі толқып, ағайды еріксіз еске алғанмын. 

 Бейнеуде ерекше жақсы көретін Асқабыл деген інім болды. Шешесінен жастай айырылса, әкесі Жапар да қайтыс болған. Сол інім үйленгенде құда болып мен бардым. Келінім Әлпия құнанорыстың қызы. Құдалар жақтан Шеркешбай ағай болды. Асқабылдың әкесі Жапар – ақын, шежірені жақсы білетін ақсақал, жыршы, молда әрі би адам еді. Бұл өнер Асқабылдың бойында да болды. Жапардың Сүгірге айтқан, Сүгірдің Жапарға айтқан толғауларын Асқабыл жақсы орындайтын. Жапар Көне-Үргенчке жақын жерде қараш Ыбырайым ахун, есембет Оспан ахун, шоңай Шайхы ахундармен және қырықмылтық Хиуа, Үргенч, Бұхар деп аталатын тамаша ақсақалдармен ауылдас болды. Осы зиялы қауым 1948 жылы Сүгір жырауды алдырып, оның Сүгір атының шығуына ықпал еткен тамаша зиялы қауым еді. Мені жас кезімде осы зиялы ақсақалдардың қолын алып, көрістіруге жылда әкем апаратын. 

Ерекше картина көз алдымда қалып қойған.     1953 жылы 1-сыныпта оқитынмын. Көне-Үргенч қаласының ішінен өтіп бара жатсақ, жалаулар көлденең ілінген және қара ленталар байланған еді. Кейін білгеніміздей, Сталин қайтыс болып, аза тұту күндері өтіп жатқан кез екен. 1958 жылы Қараш Ыбырайым ахун Мырзашөлге көшіп, қасында Шабай батыр ұрпағы Өрбіш бар, қара вагонмен көшкен. Ал Шайхы ахун – Хожеліге, Оспан ахун Көнеге қоныс аударды. Құрметті оқырман, сәл шегініс жасап, қазақтың зиялы қауымы жайлы айта кеткенді жөн көрдім.                                                                                                              Сол інім Асқабылды ертіп, 1990 жылы Шеркешбай ағайға сәлемдесе бардым. Ағай келгеніме   риза болып, әкем жайлы сөз қозғады. – Абыл ақынның Сүйінқара жайлы:  

«Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді, 

Ажалға ол да көнді салған іске»    дегендей, сенің әкең де ешкімге көнбейтін, бірбеткей, қайсар, мырза, адайдың адуынды шалдарының соңы еді. Қанды қақпан қырғыннан аман қалып, сендердей ұрпақ қалдырған әкеңді Алла қолдаған ғой, – деді ағай. Себебі  Шеркешбай ағайдың әкем жайлы хабары бар болатын. Әкем Бейсенберген Жем бойында, Жылыойда туылып, 1929 жылы Көне-Үргенч ауданына қоныс аударған. Сол кездегі Түркіменстан Республикасының басшысы Нәдірбай Айтақов – Маңғыстауда туып-өскен азамат. Ұлты – түркімен, анасы – қазақ. Н.Айтақов, Жалау Мыңбаев, Құрбан Оңғалбаевтар бір аймақта өскен азаматтар. Құрбан Оңғалбаев Мәскеуде оқуын аяқтаған соң, Ташауз облысының басшысы болған. Сол Оңғалбаев 1936 жылы біздің үйге келіп қонақасы жеген. Ол кезде басшы қызметте қазақтар көп болған. 1937 жылы Н.Айтақов, Қ.Оңғалбаевтар түгел «Халық жауы» деп қамалған. 1937 жылы күзде менің әкем де «Халық жауы» ретінде қамалып, «Жапон тыңшысы» деген жаламен ату жазасына кесілген. Айыбы – Оңғалбаевтың үйге келіп қонақасы жеуі. Тұтқындарды Әмудария арқылы параходпен алып бара жатқан жолда әкем Әмударияға секіріп, қашқын болады. Бейсенберген атын өзгертіп, Егізқара болып қашқындық күйінен 1958 жылы шыққан қаулы құтқарады. Шеркешбай ағайдың әкем жайлы «қанды қақпаннан аман қалған, Алла қолдаған қарттардың соңы» деген сөзі өмірі мен тағдыры сол дәуірге сәйкес келген әкемді еріксіз еске түсірді. Аллаға шүкірлік айта отырып, ұстазым жайлы қоспасы жоқ, болған оқиғаларды жазып отырмын. 

Ағайдың жаны жәннатта болғай! Ұлтжанды азаматтың тәрбиелеген ұл-қызы, шәкірттері қазақ елі үшін қызмет етіп, ұстаз үмітін ақтайтынына сенемін! 

                                                                                   

Құлжан Егізқараев,  

«КСРО оқу ағарту ісінің үздігі»   

20.10.2023

Ұқсас жаңалықтар

МҰХАММЕДСАБЫР ЖОЛДАМАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 29.06.2024 1227
ШАРДАРА СПОРТШЫЛАРЫ ТОП ЖАРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.06.2024 38
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.06.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БИЫЛ 2400-ГЕ ЖУЫҚ ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 21.06.2024 24
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАЛАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 21.06.2024 68

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 802
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 373
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1655
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1296
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2444