Биыл азаматтық тұлғасын әлем мойындаған саясаткер, ғалым-публицист, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 127 жыл.
Саяси дүрбелең дәуірінде тез есейіп, ел басқару ісіне ерте араласқан Тұрар Рысқұлов табиғи талантының арқасында өткен ғасырдың 20-30 жылдарында тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия, Ресей мен Моңғолия тарихында өшпес із қалдырған, талай белестерге көтеріліп, қыруар істер тындырған.
Осы орайда, ұлт тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі Тұрар Рысқұловтың есімін еншілеген ауданда ұлт мақтанышын кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аудандық тарихи-өлкетану мұражайында мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастырылып, азаттық жолында арыстандай айқасқан алып тұлғалы азамат Тұрар Рысқұловтың өмірі мен атқарған қызметі туралы түсіндірілді.
Сондай-ақ, аудандық «Сұлутөр» кинотеатрында Тұрар Рысқұловтың өмірі мен халқына сіңірген еңбегі туралы деректі фильм көрсетілсе, Құлан ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Раис Айнура Беркінбайқызының жетекшілігімен «Тұрар – мәңгілік тұлға!» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Дәл осындай тәрбие сағаттары аудандық барлық білім беру ошақтарында ұйымдастырылып өткізілді.
Сонымен қатар, аудандық кітапхана және ауылдық округтергі кітапханаларда ұлт қайраткерінің өмірінен сыр шертетін кітап көрмелері қойылды.
Тұрар Рысқұлов елін шексіз сүйген, сол үшін жанқиярлықпен қызмет етіп, ірі мемлекет және саяси қайраткер дәрежесіне көтерілген халқымыздың аса ірі тұлғасы. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Аталған іс-шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың тарихты тануы мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Айта кететіні, биыл Түркістан-Сібір, яғни Түркісіб теміржолының салынғанына 90 жыл. Тұрар Рысқұловтың басшылығымен салынған теміржол 1931 жылы пайдалануға беріліп, сол кездің өзінде-ақ қазақ даласының экономикасын көтерді.
Ал, 1938 жылы 4 наурызда Луговой ауданы боп шаңырағын көтерген ауданға 1999 жылы 01 наурызда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен қазақтың біртуар азаматы, елі мен жеріне зор еңбегімен халқының жүрегіне нұр құйған Тұрар Рысқұловтың есімі берілген болатын.
Ұлан-ғайыр жерге иелік етіп отырған қазақ халқының басына қара бұлт үйірілгенде саяси пайым-парасатын, білім-білігін жұмылдырып, ел тағдырына алаңдап, бастарын қатерге тіккен ұлт көсемдерінің көш басында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың тұрары хақ. «Ұлы таулар аласармайды, ұлы есімдер ұмытылмайды» демекші, туған халқын жанымен сүйе білген, сүйсінте білген тау тұлғалы есімдер жұрт жадында мәңгілік жаңғыра бермек.