Біздің бұлай етуіміздің бір себебі, қай заманда да ұлтқа адал қызмет еткен тұлғалардың өнегелі өмірі қанша заман уақыт зулап өтсе де бізге, бүгінгі ұрпаққа өнеге болатынын көрсету мен олардың рухын әспеттеу болатын. Өйткені, ұлтқа еткен қызмет ұмытылмауға тиіс. Гүлфайруз тәтемен бірге осы әулеттің үлкені, Қаржы полициясының ардагері, Шығыс Қазақстан бойынша қаржы полициясының тұңғыш басшысы, Полиция полковнигі Серік Қабденұлы болды. Бір қарағанда қатал, байсалды мінезі әскери адамға тән болмысын көрсеткендей. Сөйлесе келе ашық-жарқын, бауырмал кісі болып шықты. Иә, «жылқы кісінескенше, адам баласы сөйлескенше» деуші ме еді? Гүлфайруз тәтем жетпістің желкенін жайса да жастықтың жалауын жықпапты. Жігерлі, жалынды көрінді маған. Өз жасынан әлдеқайда жастау көрінеді. Бұл ол кісінің өзін күтетінінен шығар. Жасыратыны жоқ, өзінде ақ жағалыларға ортақ, тәкаппар, паң мінез байқалды.
Гүлфайруз тәте әлдебір сапарға асықты да, Серік ағамен екеуара әңгімеміз біразға дейін созылды. Тыңдаушы – мен, әңгімеші – Серік ағам. «Жақсының жаттығы жоқ» дегендей, жаңағыдай емес, шешіліп сөйледі. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демей ме атам қазақ. Кешегі абзал әкелердің жалғасы болған, бүгінде өзі біреуге аға, біреуге әке, біреуге ата болған жетпістің үстіндегі қадірменді қарияның асқар тұлғалы әкеге, ұлы анаға деген сағынышқа толы перзенттік махаббаты кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Бойымызды әкеге деген ұлы сезім, анаға деген ұлы махаббаттың ағысы шарпып өтті. Ал, ағаның кешегі аға буындардың зулаған уақыттың ағысымен көмескіленіп бара жатқан ғибратқа толы өнегелі өмір жолы туралы әңгімесі келесі ұрпаққа, мына біздерге де өнеге емес деп айта алмас едік. Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы Дидахмет Әшімханұлы «Адамзаттың тарихы қағазбен келген, қағазбен қалады да» депті. Біз де сол Дидағам айтпақшы, келесі ұрпаққа өнеге болар тарих беттерінің бір парасын қағазға түсіруге тырыстық.
Балалар үйіндегі тағдыр немесе көмбе нанның дәмі
Өмірге келдім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетектеп,
Қабағын жаба түксиген.
Қасым Аманжолов
«Біздің атамекеніміз, кіндігіміз байланған топырақ тарлан Тарбағатайдың баурайында. Осы мекенжаймен әдіптесек, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы. Әкем осы Тарбағатайдың Жаңа ауылы деп аталатын елді мекенінде 1924 жылдың 4 қарашасында өмірге келіпті», – деп бастады сөзін Серік аға. Өмір жолы бала кезден оңай болған жоқ. Тағдыр оны маңдайынан сипамады, сан сынақтарға салды. Кешегі ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы алапат аштық пен репрессия енді ғана ес біліп, етек жаба бастаған шағында оны әке-шешеден, бауыр-туыстан айырды. Әке қамқорлығын, ана мейірімін сезінер шағында тағдыр оны тоғыз жасқа жетер-жетпесте Ақжардағы балалар үйіне әкелді де, артынан Өскемендегі балалар үйіне апарды, сонда тәрбиеленді.
Өмірге келдім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетектеп,
Қабағын жаба түксиген», – деп дауылпаз Қасым ақын бейнелеген өгей өмір оны әлдилеген жоқ. Дейтұрғанмен де:
«Әкем боп таптың сол кезде
Советтік менің өз елім», – деп, тағы да сол ұлы Қасым жырлағандай, бүгінгі күні қанша жамандасақ та, советтік өз елінен пана тапты. Үлкен жүректі адамдардың оған әке махаббатын, ана мейірін сезіндіргеніне еш күмәніңіз болмасын. Сонда жүріп оң мен солын таныды, еңбекке баулынды, білім алды. Кейін Тарбағатай ауданының орталығы Ақжардағы Абай атындағы орта мектепте оқыды. Оны 1943 жылы бітіріп шыққан кезде екінші дүниежүзілік соғыстың оты лаулап тұрған, елдегі азаматтардың бәрі дерлік Отан қорғау жолындағы Ұлы Отан соғысына аттанған майдан шебінде еді. Ауылдағы еңбек майданының қай саласында да нәзікжандылар, ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер еңбек етті. Ауыртпалықтың бәрі солардың мойнында болатын. Мектеп бітіргесін майданға барғысы келді. Бірақ, он тоғызға енді келген жас жігіттің алдында үлкен таңдау тұрды сонда. Оның жүрек түкпірінде кешегі Алаш арыстары армандаған «қараңғы қазақ көгіне Күн болсам» деген, өнер-білім сәулесін шашсам деген үлкен арман болды. Оның үстіне, ол кезде қай салада да болсын ер-азаматтар жетіспейтұғын. Сонымен жаңағы өзі оқыған Абай атындағы орта мектептің жанындағы интернатқа тәрбиеші болып барды. Онда оны үлкен моральдық және психологиялық мәселелер күтіп тұрды. Жасы әлі де жиырмаға тола қоймаған жас жігітке бұнда тәрбиеші болу бірден оңайға соқпады. Онда өзімен тағдырлас, жүрегі жаралы, қам көңілді балалар бар еді. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей біреуге аға, біреуге әкедей қамқор болу керек. Әкемнің өмір жолы осылай интернатта тәрбиеші болудан басталыпты. Бұл 1943 жылдың күзі. Содан екі-үш жылдан кейін, яғни 1945-47 жылдары Кеңес армиясының қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтыпты.
Ұстаздық жол – ұстамды жол немесе «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, Күн болам!»
Жаңа айтқандай, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, елге оралған әкемнің арманы, есіл-дерті оқу болыпты. Содан Семейдегі педагогикалық институттың (ол кезде Н. Крупская атындағы мұғалімдерді даярлау институты) тарих бөліміне оқуға түседі. Кешегі жаутаңдаған жетімдіктің, тағы да оның үстіне, сол тұстағы қазақ ауылдарындағы мектептің тапшылығы оның білім айдынында еркін сусындауына мүмкіндік бермеген болатын. Білімге сусаған жас білім айдынында еркін жүзді. Тарихпен бірге педагогика мен психологияға, философияға, филологияға қатты ден қойды. Қысқа ғана екі жылға жетер-жетпес уақытта мол энциклопедиялық білім жинады. 1949 жылы кеше өзі түлеп ұшқан Ақжардағы Абай атындағы мектепке келіп, ұстаздық қызметке мол энциклопедиялық білім тәжірибемен кірісті. Алған білім, жиған тәжірибе қажетке жарай бастады. Өзін тәжірибелі ұстаз, іскер азамат ретінде көрсете білді. Білім нәріне сусындап келген шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, тақтасыз да өмірдің формуласын көрсетуге тырысты. Сонымен бірге оларға жақсы ұстаз, сырлас дос, жанашыр аға болды. Гуманистік, лидерлік, көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеттерімен де көзге түсіп үлгерген жас мұғалімді көп ұзамай 1951 жылы облыстық оқу бөлімі Тарбағатай аудандық білім бөлімінің инспекторы, оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл әкеме деген үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік, сенім еді. Өзі де оны жан жүрегімен сезінді. Өзі армандаған «Қараңғы қазақ көгіне Күн болып», өнер-білімнің сәулесін шашып, ұлтқа қызмет етудің, өзінің өмірлік мұратын іске асырудың бұл үлкен мүмкіндігі екенін білді. Қайда жүрсе де қызметтің үлкен-кішісін таңдаған жоқ. Оған сол тұста биліктің үлкен баспалдақтарына дейін өсудің мүмкіндіктері де болды. Бірақ, оған ағартушы болудан, яғни білім саласының ұйымдастырушысы – мұғалім болудан үлкен қызмет жоқ еді. 1956 жылы КазПИ-дің Абай атындағы педагогикалық институтында сырттай оқыды. Аудандық оқу бөлімінің инспекторы, оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрған тұста аудан көлеміндегі елді мекендерді жаяу-жалпы аралап, қазақ балаларын оқуға тартты. Ауылдағы қаншама мектептердің ашылуы мен өркендеуіне өзінің табан ет, маңдай терін сіңірді. Қазіргідей емес, ол кезде мектеп құрылысын жобалап салудан, кластарды жабдықтау, оқу құралдарын дайындау, ересектердің кешкілік мектептерін ашу арқылы сауатсыздықты жою сынды қаншама мәселе алдынан шығатын. Мұның бір ғана дәлелі, 1960 жылдан өмірінің соңына дейін өзі қызмет еткен Жаңа ауыл елді мекеніндегі мектептің іргесін қалап, төрт жылдық мектептен он жылдық мектепке дейін көтеруі – оны бүкіл республикаға танымал етуі. Осының артында қаншама қажыр-қайраттың, өлшеусіз еңбектің жатқанын білуге болар. Яғни, білім саласының отымен кіріп, күлімен шықты. Бәрі де кешегі Алаш арыстарының арманын жалғаған қазақ ауылдары қараңғы, қазақ баласы оқусыз қалмасын деген ұлы мұраттың жолындағы жанкештілік болатын. Ол үшін ұлтқа қызмет етудің жалғыз жолы – ұстаздық жол, ағартушылық қызмет еді. Еткен еңбегін, жасаған жақсылығын ешкімге де бұлдаған емес. Мұндай сөз айтқанын да естімедім. Осындай еңбектің есесі шығар, Қазақ КСР-ның халық ағарту ісінің үздігі (1965 жылы), Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі (1967 жылы) болды. 1999 жылы 22 қыркүйекте өзі негізін қалап, өмірінің соңына дейін қызмет еткен Жаңа ауылдағы М. Горький атындағы мектепке сол кездегі республика Үкіметінің бас министрі Нұрлан Балғынбаевтың үкімімен өкіметтің №1430 қаулысы бойынша әкемнің аты берілді. Бұл мектеп қазір Тарбағатай ауданы Жаңа ауыл ауылдық Қабден Ақынұлы атындағы орта мектеп деп аталады. Ол кісі бүкіл саналы ғұмырын білім беруге арнады. Білім саласының үлкен ұйымдастырушысы, бүгінгі сөзбен айтқанда, мықты менеджері болды. Осындай тұлға үшін оның атында мектептің болуы оның рухына деген үлкен құрмет, біз үшін мақтаныш еді.
Әкем туралы тағы бір айтайын дегенім, ол кісі туған өлке тарихын, ел мен жердің шежіресін өте жақсы білді. Әркез оны жас ұрпаққа жалықпай таныстырып, сол арқылы олардың отаншылдық, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін оятуды ойлады. Бізді материалдық байлықтан гөрі рухани байлыққа қарай баулып өсірді. Бізге ұстаз да, дос та, әке де болды.
Ұлы анамен ұшырасқанда немесе ана туралы жыр
Серік аға толқып отырды. Қаншама айлар мен жылдарды артқа тастап, артқа қайырылып бір қараған, әкесінің жасынан асып бара жатқан кісіге өткенге оралу, әрине, көзге жас, көңілге мұң ұялатады. Қазақтың классик қаламгері Р. Отарбаев «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» депті. Әкеміз бен шешеміз 1951 жылы шаңырақ көтеріп, отау құрды. Семейдегі педагогикалық институтты бітіріп, елге оралған. Өңірді өркендетуге, білім саласын көтеруге бел шеше кіріскен инспектор жігіттің салмақты, байсалды мінез-құлқы, зиялылығы шешемнің жүрегіне от салса керек. Комсомол қыз әкеме де ұнаған болуы керек. Екеуі өмір атты алып кеменің желкенін бірге еседі. Шешеміз де ес біле бастағаннан еңбекке ерте араласыпты. Өзінің еңбек жолын комсомолдан бастаған анам кейін мұғалімдік қызметке біржола ауысады да, қарапайым оқытушыдан КСРО халық мұғаліміне дейін көтеріледі.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ зеректігі, сұңғылалығы, қайсарлығы мен табандылығы, өнерпаздығы жас арудың есімін елге, айналасына ерте танытады. Комсомолға кадр іздеп жатқан аудандық комсомол комитеті оны комсомолға қызметке шақырады. Бірнеше жыл комсомолда қызмет еткен болашақ филолог ұстаз 1953 жылы оқытушылық қызметке біржолата ауысады да, 1960 жылға дейін Тарбағатай ауданындағы Н. Крупская атындағы мектепте қызмет еткен жас ұстаздың 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология бөліміне қабылдануы үлкен бұрылыс әкеледі. Ол кезде шешемнің бағына орай, онда қазақ әдебиетінің алыптары ұлы Мұхаң мен Сәбең – М. Әуезов пен С. Мұқанов, атақты Кенжебаев пен Исмайылов, Жұмалиев пен Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішұлы дәріс оқыды. Осындай ұлы ұстаздардың алдын көріп, дәрісін тыңдағаны, қазақ әдебиетінің классиктері ұлы Ғабеңдердің – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің, Сапарғали Бегалиннің, Қасен Әбдеевтің, Ғабдол Сылановтың, Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаевтың, Ғали Орманов пен Сырбай Мәуленовтің, Лүтпүлла Шәкенов пен Ізтай Мәмбетовтің, Әзекеңнің – Әзілхан Нұршайықовтың әр кездесудегі әңгімелерін құлағына құйып, санасына сіңіріп, алашшылдық идеяларымен сусындауы болашақ филолог-ұстаздың тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етеді. Кейін осы алған білім, жинаған тәжірибе жас мұғалімге үлкен медеу болды. Алдынан дәріс тыңдаған сандаған шәкіртке өзі алған білімі мен тәжірибесін үйретуге, отаншылдық идеяны сіңіруге барын салды. Өз шәкірттерінің білікті де батыр болып қалыптасуына игі әсер етті. Жан серігі – жұбайы қайда, қандай қызметке барса да бірге болды. Бір-біріне рухани және моральдық қолдау көрсетіп отырды. Тарбағатай өңіріндегі ауылдарды тегіс аралап, өнер-білімге құштар жастарды мектепке шақырып, оқуға тартты. Кешкі курстарды ұйымдастырып, сауат ашуды жолға қойды. Мектептердің жобасынан оның құрылысы, оқу ісіне, тәрбие жұмысына дейін бәрі-бәрінің ортасында жүрді.
Аймақтағы қоғамдық, әлеуметтік салалардың жұмысын көтеруге күш-жігерін аяған емес. Аймақтағы отбасы институты мен қыз-келіншектердің тәрбиесіне жетекшілік жасады. Интернаттағы балалардың қамқоршы ұстазы, анасы болды. «Ақжар» театрының іргесін көтеріп, негізін қаласқандардың бірі де осы кісі болатын. 1963 жылдың 30 қарашасында Әуезовтің атақты «Қаракөзін», Айтматовтың «Жәмиласын» Мәскеудің Кремьлдің сахнасында сахналаған осы аядай ғана ауылдан шыққан «Ақжар» театрының өнерпаздары болатын. Сол актерлер мен актрисалардың ішінде анам да болды. Театрды көркемөнерпаздар үйірмесінен халық театрына дейінгі биікке көтергендердің бірі тағы да осы кісі. Өнерге бейім жастарды кешегі Абай, Ақан сері, Біржан сал, Әсет, Үкілі Ыбырай, Мәди, Жаяу Мұса секілді халық композиторлары мен шетелдің классикалық музыкаларымен еркін сусындатып, олардың шығарманы орындау шеберлігін жетілдірумен бірге сахналық мәдениетке баулыды. Өзі де жезтаңдай, күміс көмей әнші, музыкадан сауаты болатын. Тағы бір қыры – он саусағынан өнер тамған шебер де, әртүрлі формадағы геометриялық пішіндерді салып, қазақы ою-өрнектердің қайталанбас қолтаңбасын жасады. Қай кезде де адал еңбектің, төккен тердің, елге қызметтің тектен-текке кетпейтінін ескерсек, осындай ұлтқа, елге қызмет үшін анам КСРО-ның «Еңбек қызыл ту» орденімен, КСРО-ның «Үздік мұғалімі» сынды үлкен марапаттарды иеленді. Ол – он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Бір әулеттің ғана емес, елдің анасына айналды. Әйел үшін ел анасына айналу ұлылықпен бара-бар еді. Тіршілігінде қарапайым қызметте жүріп зиялы, ұлы анаға тән ғұмыр кешті. Елді, жерді, әке-шешемді сағынғанда елге жиі барамын. Ата-анам от жаққан, өзіміз ғұмыр кешкен, кіндік қанымыз тамған, есейген ескі үйдің, қара шаңырақтың орнына барып сағынышымды басамын. Ойша болса да балалық шақтың базарына барып қайтамын. Анамның көмбе нанының иісі, бізді әлдилеп өсірген құлаққа сіңген таныс әуен Абай, Біржан сал, Әсет, Ақан сері, Мәди, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса секілді халық композиторлары мен Бетховен, Чайковский, Моцарт секілді шетел композиторларының симфонияларының әуеніне ұласқан сиқырлы саз тарлан Тарбағатайдың тауларын шарлап бара жатқандай күй кешемін. Әр барғанда, жасың жер ортасынан әлдеқайда асып, артыңа бір қайырыла қарағанда, сол бір өткен өмірдің елесі көз алдыңа көлбеңдеп, туған жердің топырағы, кіндік байлаған жерің, әке-шешеңнің от жаққан ошағы ыстық сезіледі екен, інім!
Күрмеу сөз
Адам ұрпағымен ғана емес, еткен еңбегімен де мың жасайтынына көзіміз тағы бір мәрте анық жетті. Өздерінің бар саналы ғұмырын қазақ ағартуы мен руханиятына қалтқысыз арнаған осы қарапайым да парасатты ұстаздардың өнегелі өмір жолы қай кезде де жас ұрпаққа үлкен өнеге екеніне біз бен сіздің еш күмәніңіз болмаса керек. Уақыт өткен сайын, жылдар жылжыған сайын күні ертең жүз жылдық мерейтойы аталып өтетін қазақ ағартуының аса үздік ұйымдастырушысы, үлкен қайраткер тұлға Қабден Ақынұлы мен кешегі қазақтың ұлы аналары Айғаным мен Зере, Ұлжан мен Ұлпандай ел анасына айналған Зайтүна анадай ұлы ананың бейнесі айқындалып, тұлғасы асқақтап, өздері ғұмыр кешкен тарлан Тарбағатайдың тауларындай биіктей түседі. Иә, асқар таулар аласармайды. Біз де ұлы ұстаздың, асқар тау әкенің, ұлы ананың рухына басымызды иеміз.
Бейіште нұры шалқысын!