Әулиеата топырағы – тарихта аты қалған талай аяулы әйелдің ізін сақтаған қасиетті мекен. Айша бибідей аңызға айналған арудың, Бабаджа хатундай тарихи тұлғаның, Ұлбике ақындай сөз өнерін биікке көтерген дарын иесінің, Ақбөпедей өнерлі қыздың есімі осы өңірдің рухани тарихымен сабақтас.
Бұл – өткеннің тарихы. Ал сол өнегелі жол бүгінгі күнде де жалғасып келеді. Соның бір көрінісі – сексеннің сеңгіріне шығып отырған Сәуле Мешітбайқызының азаматтық жолы.
Сәуле Мешітбайқызының еңбек жолы мектептегі ұстаздықтан басталды. Ұстаздық – тек білім беру емес, адамға жауапкершілікпен қарауды, елге қызмет етуді үйрететін үлкен мектеп. Сәуле апай осы қасиеттерді кейінгі өмір жолында да серік етті.
Қай іске кіріссе де, соңына дейін жеткізбей тынбайтын мінезі бар. Қандай мәселе көтерілсе де, сырт айналып өтпей, мәнісіне үңіліп, шешімін іздеуге тырысады. Халықтың сөзін тыңдап, елдің жағдайын білу үшін Қазақстанның талай өңірін аралады. Ауылдағы ағайынның тұрмысын көзбен көріп, олардың мұң-мұқтажын өз аузынан естіп, баспасөз арқылы көтерді.
Міне, Сәуле Мешітбайқызының журналистикадағы жолының бір ерекшелігі де осында. Ол мәселені алыстан болжап жазбайды. Елге барады. Халықпен сөйлеседі. Көреді. Тыңдайды. Содан кейін жазады.
Жетім балалардың, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы, көші-қон мәселесі, мемлекеттік тілдің жайы, тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуы, елдік сана мен қазақстандық патриотизм – оның қаламынан түспей келе жатқан тақырыптардың бір парасы ғана. Ол ел ордасы Астанада жүрсе де, туған жерін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Жамбыл жерінде қандай да бір мәселе туындаса, елдің сөзін сөйлейтін азаматтардың қатарынан табылып келеді.
Қазақ халқы қашанда ананың ақ жаулығын ардақтаған. Ана десе, ең алдымен, мейірім мен жанашырлықты, елдің амандығын ойлайтын үлкен жүректі адамды елестетеміз. Сәуле Мешітбайқызының ел арасында «Ел анасы» атануының мәні де осында болса керек.
Жамбыл жұрты үшін оңай тимеген Қордай оқиғасы кезінде де, Байзақ ауданындағы жарылыс сияқты елдің қабырғасына бататын ауыр кезеңдерде де Сәуле апайдың елмен бірге болғаны көп нәрсені аңғартады. Мұндай сәттерде халыққа сырттай қарап, пікір білдіру бір бөлек те, елдің ортасына барып, жағдайды көзімен көру, жұрттың сөзін тыңдау – бір бөлек.
Сәуле Мешітбайқызы осындай сәттерде елдің ортасынан табыла білді. Бұл – оның туған жерге деген жанашырлығының, елге деген жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан «Ел анасы» деген сөзді бұл жерде жай ғана әдемі атау ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – халықтың өзі берген баға. Елдің сөзін сөйлеп, халықтың жоғын жоқтаған адамға деген елдің құрметі. Оның тағы бір ерекшелігі – жасына қарамай, үнемі ізденісте жүретіні. Сексеннің сеңгіріне шықса да, қолынан қаламы түскен жоқ. Қоғамдағы өзгерістерге көз салып, елдің мәселесіне алаңдап, жастардың болашағын ойлап келеді.
Сексен жыл – аз уақыт емес. Оның ішінде тұтас бір дәуірдің тарихы жатыр. Ол ұстаздықты көрді, журналистиканың талай белесінен өтті, ел аралады, халықпен кездесті, қоғамдағы талай мәселенің куәсі болды. Өз дәуірінің тынысын қаламымен қағазға түсірді.
Бүгін де Сәуле апайдың айтары бар. Жастарға берері бар. Көргені мен түйгені мол. Өмірден жинаған тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, елдің сөзін айтып жүргені – соның дәлелі. Зиялы қауымның өкілі ретінде оның өмір жолы мен азаматтық ұстанымы кейінгі буынға үлгі боларлық. Біз де Сәуле апайдан көп нәрсе үйренеміз. Оның ел туралы айтқан сөзін тыңдаймыз, өмірлік тәжірибесіне құлақ түреміз. Себебі оның әр сөзі – өмірден көргені мен көңілге түйгенінен шыққан сөз.
Әр дәуірдің өз үні, өз тұлғасы болады. Бірі елді өнерімен танытса, бірі сөзімен, бірі еңбегімен танытады. Сәуле Мешітбайқызының елге сіңірген еңбегі де – осы уақыттың өз шежіресі. Сондықтан оның 80 жылдық мерейтойы – жай ғана мерейтой емес. Бұл – елге еңбегі сіңген, халықтың сөзін сөйлеген, туған жердің мәселесін жүрегіне жақын тұтқан жанның өмір жолына деген құрмет.
Сексен жас – тоқтайтын меже емес. Керісінше, өмірден жинаған тәжірибені кейінгі ұрпаққа беретін, ақыл айтып, жол көрсететін кемел шақ. Сәуле апайдың да әлі талай айтары, талай жазары бар деп білеміз.
Қаламыңыз қолыңыздан түспесін! Елдің сөзін сөйлеп, халықтың жоғын жоқтаған еңбегіңіз жалғаса берсін. Деніңіз сау, көңіліңіз әрдайым көтеріңкі болсын. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, елдің ортасында абыройлы ғұмыр кешіңіз.
Елдің сөзін сөйлеген ел анасының абыройы асқақ, қаламы қарымды болғай!
Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат
және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы














