Әлди бесік – мейірім. Уызана – рухани бесік. Уызсана – ұлттық танымның бастауы. Уызмәдениет – ұрпақ сабақтастығының өзегі.
Ұлттық идеологияны тек мемлекеттік саясаттың бағыты, қоғамдық ұран немесе белгілі бір кезеңнің тұжырымдамасы деп қарастыру жеткіліксіз. Оның табиғи бастауы – адам. Алғашқы қалыптасар ортасы – отбасы, алғашқы тағылымы – ана әлдиі, алғашқы танымы – туған тіл, ата-әже өнегесі, туған жердің топырағы мен елдің тарихи жады.
ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ РУХАНИ БАСТАУЛАРЫ
Қазақ тілі – қазақтың ұлттық болмысының жанды кілті. Оны сақтауға жұмылу – ұлттық сананың бүрлеуі мен рухани гүлденуінің көктемін шақыру.
Ұлттық болмыс бір күнде қалыптаспайды. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәрбие, тіл, дәстүр, мінез бен тарихи тәжірибеден құралады. Сондықтан ұлттық идеологияның табиғи моделін тану үшін оның адам бойына қалай сіңіп, санаға қалай орнығатынын, қоғамдық жауапкершілікке қалай ұласатынын зерделеуіміз керек.
Әлди бесік – мейірім.
Адамның алғашқы рухани әлемі ана әлдиінен басталады. Әлди – жай әуен емес, ананың мейірімі мен тілегі, ұрпаққа артқан үміті. Бесік баланың денесін ғана емес, алғашқы сезім әлемін де тербетеді. Сондықтан әлди бесік – ұлттық тәрбиенің де, адамдық мейірімнің де бастауы.
Уызана – рухани бесік.
Уызана – адамның ұлттық болмыспен алғаш табысып, рухани нәр алатын ортасы. Оның негізі – отбасы, ана тілі, ата-ана мен үлкендердің өнегесі, күнделікті тұрмыс пен дәстүрлі тәрбие. Бұл ортада бала сөз үйренумен шектелмейді. Өмір сүрудің, адаммен қарым-қатынас жасаудың, жақсылық пен жамандықты айырудың алғашқы өлшемдерін бойына сіңіреді.
Уызсана – ұлттық
танымның бастауы.
Уызсана – туған тіл, тарихи жады, ұлттық дәстүр мен дүниетаным арқылы қалыптасатын алғашқы ұлттық сана. Ол – өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды, қандай елдің ұрпағы екеніңді сезінудің рухани негізі. Уызсана ұлттық болмысты сырттай танытпайды, оны адамның ішкі дүниесіне орнықтырады.
Нәресте – алғашқы түйсіну мен еске нәр жинау кезеңінде. Уызсана – сол түйсіктердің жинақталып, ұлттық санаға ұласуы, уызмәдениетті бойға сіңіруге бет бұруы.
Уызмәдениет – ұрпақ
сабақтастығының өзегі.
Уызмәдениет – ұлттық құндылықтардың отбасында, күнделікті тіршілікте, тәрбие мен өнеге арқылы ұрпақ бойына сіңіп, мінезге айналуы. Мәдениет тек өнер мен білімнің, әдебиет пен тарихтың жиынтығы емес. Ол адамның сөйлеу мәнерінен, үлкенге құрметінен, кішіге ізетінен, уәдеге беріктігінен, туған жерге деген қатынасынан көрінеді. Мәдениет – өмір салты.
Мұндай терминдік (түйінсөздік) атаулар ұлттық идеологияның өзегіне, ұлттық сананың төріне табиғи баспалдақпен көтерілу үшін қажет. Олар реттік, қалыптық және даму қағидаларын айқындап, елдік кеңістікке өз болмысыңмен, өз танымыңмен еркін енуге жол ашады. Бұлар – жалаң атаулар емес, ұлттық болмыстың ішкі мазмұнын ашатын, танымдық жүйесін қалыптастыратын, рухани сабақтастығын айқындайтын ұғымдар. Әрқайсысы өз орнын тауып, өзара үйлесімге түскенде ғана ұлттық идеологияның табиғи моделі тұтас жүйеге айналады.
Ұлттық таным кітаптан ғана қалыптаспайды. Кітап білім береді, тарих дерек ұсынады, өнер сезімді оятады. Бірақ бұлардың бәрі адамның күнделікті өмірімен, отбасылық тәрбиесімен, ортасымен астасқанда ғана болмысқа айналады. Ұлттық құндылықтың шынайы өлшемі – оны білу ғана емес, өмірде ұстану.
Осы ретте төр мен босаға ұғымдарының мәніне назар аудару қажет. Төр – елдің қадірлі құндылықтары мен биік мұраттарының орны. Босаға – сол құндылықтар күнделікті тіршілікте жүзеге асатын кеңістік. Төрде айтылған сөз босағада орындалмаса, қадірі кетеді, тәрбиелік мәні әлсірейді. Ұлттық идеологияның өміршеңдігі де осы екі ұғымның үйлесіміне байланысты. Төрдегі мұрат босағадағы мінезге айналуы керек.
ҰЛТТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Ұлттық идеологияның табиғи моделі адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктен ажырамауы керек. Отанды сүю – сөзбен айтылатын сезім ғана емес. Ол – заңды құрметтеу, әділетті сақтау, ел мүлкіне жанашырлықпен қарау, қоғамдық іске жауапкершілікпен қатысу, өз міндетін адал орындау. Ұлттық мүдде мен жеке мүдде қайшылыққа түспеуі үшін азаматтық ұстаным мен ар-ождан таразысы қажет.
Елдік сана қалыптасқан жерде мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі де нығая түседі. Сондықтан мемлекеттік саясат пен халықтық мүдденің өзара үйлесімін арттыру – ел дамуының маңызды шарты.
Бағбан жеміс ағашына жақындай алады: баптайды, суарады, күтім жасайды. Ал орман – тоңсаң ықтасын, аптапта саяң мен көлеңкең. Бірақ орманның саған жақындауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан билік пен халық арасындағы байланысты барынша жақындатудың маңызы зор. Халыққа қызмет ету – оның мұңын есту, мұқтажын түсіну, үмітіне жауап беру. Билік пен халықты ортақ мұратқа ұйыстыратын негізгі күш – сенім мен жауапкершілік.
Ұлтын шын сүйген басшы ең алдымен елінің болашағына қызмет етеді. Елге қызмет ету – халық сенімін ақтап, ортақ мүддені абыроймен қорғау. Мемлекеттік қызметтің мәні де осында: лауазым – артықшылық емес, жауапкершілік. Ұлттық идеология осы ұстанымды қоғамдық санаға орнықтырғанда, мемлекеттік саясат пен ұлттық мұраттың сабақтастығы да нығая түседі.
Тарихи әділдік, көші-қон, қандастар тағдыры мен демографиялық толысу – бүгіннің ертеңге аманаты. Бұл – ел басшылығы мен бүгінгі ұрпаққа ортақ жауапкершілік. Осы бағыттағы ізгі бастамаларға серпін беріп, тарихи сабақтастықты нығайту – ұлттық болашаққа бастайтын маңызды қадам. Бұл – кейінге ысыра беретін мәселе емес, бүгінгі мүмкіндікті ертеңгі ұрпақ игілігіне айналдыратын елдік міндет.
Көші-қон – қуғын-сүргін жылдарында ұлт жүрегіне түскен қанды жара мен әділеттің тоғысқан тұсы. Әділет – қалау мен қайырым емес, парыз бен міндет.
Саяси вандализм – империялық үстемдік пен ұлтты қолдан қыру саясатының салдарынан халықтың тарихи жадын, демографиялық әлеуетін, тілін, мәдениеті мен ұлттық тұтастығын әлсіреткен саяси шешімдер мен әрекеттердің тарихи зардабы. Оның салдарын еңсеру үшін тарихи әділдік қалпына келіп, ұлттық мүдде қорғалуы, ұрпақтар сабақтастығы нығаюы керек.
Ұлт жүрегіндегі тарихи жараны мемлекеттік қамқорлық пен қоғамдық жанашырлықтың ортақ күшімен аялау керек. Бұл – өткеннің зардабын мойындау ғана емес, бүгінгі ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін танытып, келешекке деген қамқорлығын орнықтыру.
Отан ішіндегі отансыздық деген ұғым да осы тұста ойландырады. Бұл атау бар шындықтың бәріне емес, оның жекелеген көріністеріне бағышталған. Ол – адамның өз елінде өмір сүре отырып, ұлттық тілге, мәдениетке, тарихи жадыға, қоғамдық жауапкершілікке рухани тұрғыдан жат болуы. Мұндай жағдай туған жерден безінуді білдірмейді. Кейде ол өз ортасындағы ұлттық құндылықтарды елемеуден, елдік мүддеге немқұрайлы қараудан көрінеді. Отансыздықтың ең күрделі түрі – Отанның ішінде жүріп, оның рухани болмысынан алыстау.
Ұлттық болмыстың тағы бір тірегі – тарихи жады. Жады – есте сақтау жиынтығы. Ал САР/ЕС – жадының өзегі. Ол – уақыт сүзгісінен өтіп, ұлттық сана мен болмысымызға сіңген бағыт пен қағидалардың үйлесімі.
«Саржүріс», «саржол», «әңгіменің сарыны» секілді тіркестерде белгілі бір арна, қалыптасқан бағыт пен сабақтастықтың мәні бар. Осы тұрғыдан алғанда, САР/ЕС – халықтың тарихи тәжірибесі мен рухани танымын бір арнаға тоғыстыратын, ұрпақ санасында орнығып, ұлттық болмыстың бағдарын айқындайтын ішкі рухани өзек.
Тарихи жады – өткенді жай еске алу емес. Ол өткеннің өнегесі мен сабағын, қателігі мен жетістігін бүгінгі санаға жеткізеді. Жады әлсіресе, ұрпақ сабақтастығы үзіледі. Ал сабақтастық үзілген жерде ұлттық болмыстың тұтастығына нұқсан келеді. Сондықтан тарихи жадыны сақтау – тарихшылар мен мәдениет мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның азаматтық жауапкершілігі.
Осы сабақтастықта «уызтой» мен «уызтек» ұғымдарының да өзіндік орны бар.
Уызтой – төл мереке, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр аясында ғана өткізілетін халықтық жиын. Оның мәні сыртқы сән-салтанатта немесе даңғазалықта емес, ұлттық танымды жаңғыртып, дәстүрдің тәрбиелік мазмұнын ұрпақ санасына сіңіруде. Уызтой – халықтың рухани құндылықтарын дәріптеп, елдік бірлігін бекемдейтін төл мерекелік дәстүр.
Уызтек – әулеттік, рулық, ұлттық болмысымыздың тұтастығы мен бірлігін білдіретін халықтық рухани темірқазық. Ол ұрпақтың шыққан тегін, ортақ тарихи жадын, рухани тамырын және елдік сабақтастығын бір арнаға тоғыстырады. Уызтек – тек тектік жалғастық емес, сол тектен дарыған құндылықтар мен жауапкершілікті сақтап, келер ұрпаққа жеткізу міндеті.
Уызтой – ұлттық құндылықтардың мерекелік көрінісі болса, уызтек – сол құндылықтардың ұрпақ бойындағы рухани тірегі. Екеуі де ұлттық болмыстың сақталуы мен сабақтастығына қызмет етеді.
Мәдениеттің табиғи дамуы мен рухани вандализмнің ара-жігін ажырату керек. Сын айту, жаңаша пайымдау, ғылыми тұрғыдан бағалау – мәдениетті танудың қалыпты жолы. Ал тарихи мұраны әдейі қорлау, мағынасын бұрмалау, рухани құндылықтарды жауапсыздықпен жою – мүлде басқа әрекет.
Рухани вандализм рухани мұраны ашық қорлау немесе жоюмен ғана шектелмейді. Ол – біліп тұрып білмегенсу, көріп тұрып көрмегенсу арқылы халықтық, мемлекеттік және қоғамдық институттарға дендеп енген, азаматтық әрі ұлттық құндылықтар әлемін айналып өтудің тұлғалық нигилизмі.
Рухани вандализм көбіне қызметтік сала мен адамның ішкі адами сапаларынан көрінеді. Ол – ұлттық құндылықтар мен мүддеге деген үнсіз нигилистік көзқарастың әрі себебі, әрі салдары. Мұндай немқұрайлылық құндылықтарды іштен ірітіп, жауапкершілікті әлсіретіп, рухани ойранға жол ашады. Бұл – адамның ішкі кісілік кемелдігінің ең төменгі шегі, рухани жауапкершіліктен жалтарудың көрінісі.
Рухани вандализм – ұлттық құндылықтарды сырттан қирату ғана емес, оларды іштен үнсіз жоққа шығару.
Ұлттық мұраға құрмет оны сынсыз қабылдау емес, білімді, дәлдікті және жауапкершілікті талап етеді. Өйткені рухани құндылықты біле тұра елемеу де, оның жоғалуына көз жұма қарау да ұлттың ортақ жады мен болмысына салмақ түсіреді.
Бедеу сана – жеке адамның отбасылық жағдайына немесе табиғи ерекшелігіне қатысты ұғым емес. Бұл – рухани және қоғамдық жауапкершіліктің жұтаңдығы, келер ұрпақтың тағдырына, елдің болашағына, ұлттық мұраға немқұрайлы қарау. Бедеу сана – өзінен кейінгі ұрпаққа не қалдыратынын ойламайтын, бүгінгі күннің шеңберінен шыға алмайтын сана.
ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ ЖӘНЕ ЕЛДІК МҰРАТ
Ұлттың рухани дамуы білім мен ғылымнан, өнер мен мәдениеттен, технологиялық жаңалықтардан тыс жүре алмайды. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін де осы тұрғыдан бағалау керек. Ол ұлттық мұраны цифрландыруға, жүйелеуге, зерттеуге, жоғалған деректерді салыстыруға, тарихи және мәдени мұраны сақтауға көмектесе алады. Бұл – өркениеттің жаңа мүмкіндігі.
Алайда технологияның мүмкіндігі мен адамның рухани қабілеті бір емес. Жасанды интеллект деректі жинақтап, талдап, сыртқы құрылымды қайталай алады. Бірақ адам жүрегінде сақталған ұлттық жадтың сезімдік және тарихи мазмұнын, атадан балаға берілетін өнегенің ішкі мәнін өздігінен иелене алмайды. Сезімді бейнелеу – сезінудің өзі емес. Сондықтан жасанды интеллект ұлттық мұраны сақтаудың құралы болғанымен, ұлттық сананың иесі бола алмайды.
Мәселе технологиядан бас тартуда емес, оны қандай мақсатта, қандай жауапкершілікпен пайдаланатынымызда. Жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек. Оның көмегімен ұлттық мұраны зерттеп, сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуге болады. Бірақ рухани құндылықтардың мәнін айқындайтын да, тағдырына жауап беретін де – адам.
Ұлттық идеологияның табиғи моделі отбасынан басталып, адам санасы арқылы қоғамдық ортаға, одан мемлекеттік деңгейге ұласуы керек. Бұл – бір күндік науқан емес, ұрпақ алмасуымен жалғасатын ұзақ үдеріс. Оның нәтижесі бір кезеңнің есебімен өлшенбейді. Ұлттық сана қалыптасып, мінезге айналып, қоғамдық жауапкершілікке ұласқанда ғана жемісі көрінеді.
Ұлттық идеологияның жемісін уақыт емес, уақыт ішінде қалыптасқан сана өлшейді.
Мемлекет – ұлттың тәніне қуат, жанына жарық беруге тиіс жүйенің атауы.
Уақыттың өтуі өздігінен рухани өсуге кепіл емес. Бір ұрпақтың ғұмыры ішінде ұлттық сана биіктеуі де, құндылықтардан алыстауы да мүмкін. Мәселе уақыттың ұзақтығында емес, сол уақыт ішінде адам мен қоғамның қандай рухани сапа қалыптастырғанында.
Ұлттық идеологияның табиғи моделі алдымен шаңырақта орнығып, одан әулетке, ауылға, ортаға, қоғамға, мемлекетке таралуы қажет. Отбасында қалыптаспаған құндылықты қоғамнан талап ету қиын. Қоғамда орнықпаған жауапкершілікті мемлекеттік ұстанымға айналдыру да оңай емес. Демек, елдік мұраттың тамыры – адамның күнделікті өмірінде, сөзі мен ісінің бірлігінде.
Орман көктем келгенде гүлдейді. Келмеген көктемнің шуағына жылыну мүмкін емес. Ұлттық идеология да өз көктемін күтеді. Бірақ ол көктем өздігінен келмейді. Оның шуағын жағатын – ұрпақ тәрбиесі, ұлттық сана, тарихи жады, азаматтық жауапкершілік пен ортақ мұрат.
Ұлттық намыс пен жігер – кеудеге біткен жарық пен жылудың, рухани қуаттың көзі. Ұлттың көңілі жабырқап, жүрегінің көзіне мұнар тұнса, саясаттың «көрегендігінен» ұтыс жоқ. Өйткені ұлттық рухы сергек, намысы биік халық қана болашағына сеніммен қарап, ортақ мұрат жолында жұмыла алады. Ұлттық намыс пен парасат – халықтық қадір-қасиеттің де, елдік қорғаныстың да берік қалқаны.
Ұлттық идеология – ой мен амалдан, өмірлік тәжірибеден тізілген алтын алқа. Оның әрбір моншағы – ұлттың рухани қазынасы, азаматтық ұстанымы, тарихи жады мен ұрпаққа қалдырар өнегесі. Ал оларды біртұтас алқаға айналдыратын – ортақ мұрат пен ұлттық сана.
Ұлт – екі жағалаудан тұратын өзен емес. Ұлт – өзеннің ішіндегі жүйе мен бағыттас, мүдделес, тектес үйлесімнің иелері.
Құмырсқаның ең жақсысы да – құмырсқа, пілдің ең жаманы да – піл. Сондықтан ұлт және оның құндылықтары өз орнында аса құрметті болуы тиіс, аяқасты болмауы керек.
Ұлттық идеология – сырттан таңылатын ұран емес, іштен өсіп шығатын рухани қажеттілік. Оның табиғи моделі адамнан басталып, отбасы, қоғам және мемлекет сабақтастығы арқылы ұлттың тұтас болмысына айналғанда ғана елдіктің берік негізі қаланады.
Қоғам болмысының қанайналымы ұлтымызды ортақ мұрат төңірегіне топтастыратын үздіксіз жүрек лүпілімен жанданып тұруы тиіс.
















